Жаңа қазақстандық хоррор: алты премьера - Лайқос

Жаңа қазақстандық хоррор: алты премьера

Осыдан небәрі бір жыл бұрын адамдардың көбі «қазақ хорроры» ұғымына қорқынышпен емес, мысқылдап қарайтын еді. Әттеген-ай, алайда отандық киноның мәдениетінде тарихи тұрғыдан үрей тудыратын кино дәстүрі қалыптаспағаны хақ, дегенмен кірісі мол (әлемдік кино кеңістігінде) жанрлардың біріне деген қызығушылық әркез болған, ал Қуаныш Бейсек түсірген «Дәстүр» атты нағыз серпіліс тудырған картина жанрды зерттеуге жас режиссерлерге ғана емес, сондай-ақ отандық киноның тарландары үшін де түрткіге айналды. Осы шолуда мен алдағы алты премьера туралы айтып беремін, олардың төртеуін қазақстандық көрермендер биылдың өзінде тамашалайтын болады.

Жезтырнақ

Режиссері: Әнуар Матжанов

Рөлдерді сомдаған: Есентай Ниязбеков, Динара Мирасбек, Асан Мәжіт, Назгүл Қарабалина

Түрік мифологиясындағы құбыжықтар күлкілі бола алмайды деп кім айтты? Clover Street Pro командасы айтарлықтай қызықты экспериментке барып, Қазақстанда алғаш рет комедиялық хоррорды ұсынуға бел буған.

Сюжет қазақтың дәстүрлі құдалық тақырыбының айналасында өрбиді, дегенмен бұл тұста бір жайт баршылық – қалыңдық және оның отбасы ежелгі Жезтырнақтар тұқымынан шыққан екен, ал күйеу жігіттің ата-бабалары кезінде түрлі жын-шайтандарды аулаумен айналысқан болып шығады.

Жобаның қойылымы үшін «Таптым-ау сенi» және «Джохан» дилогиясы секілді қазақстандық хиттерді түсірген Әнуар Матжанов жауапты.

Әнел

Режиссері: Ақан Сатаев

Басты рөлдерде: Зарина Кармен, Азамат Сатыбалды, Дариға Көшекбаева, Лаура Мырзахметова, Дұлыға Ақмолда

Хоррор аумағына қазақстандық киноның корифейі Ақан Сатаев та бас сұғып көрді.

Сюжеттің ортасында өзінің 12 жасар Әнел есімді қызының біртүрлі, ал кейде, тіпті, қорқынышты мінез-құлқын байқай бастаған әйел болмақ. Алайда күйеуі мен енесі қызда бәрі жақсы екеніне сендіруге тырысады.

Хоррор жанрындағы «қорқынышты балақайлар» тақырыбы – бұл сан рет түсірілген троп, мәселен, «Омен», «Қоңырау», «Қараңғы бала» немесе «Қарғыс» секілді хиттерді еске түсірсек жеткілікті. Алайда Сатаев өз картинасына біршама ұлттық сарын қосуға бел буып, қыздың оғаш мінез-құлқын мүшел жасқа толуымен, яғни, қазақ халқының адам жасын әр 12 жыл бойынша есептеу үлгісімен байланыстырады.

Кадет

Режиссері: Әділхан Ержанов

Рөлдерді сомдаған: Анна Старченко, Ратмир Ахметжанов, Шәріп Серік, Алексей Шемес

Сірә, қазіргі заманның ең атақты қазақстандық режиссері Әділхан Ержанов Tiger films кинокомпаниясының қолдауымен Қаратас әлеміндегі кезекті қорқынышты хикаяны түсірген.

Фильмнің желісі бойынша Серік есімді курсант әскери училищеге оқуға түседі. Әлімжеттік, уытты маскулиндік пен жабық ерлер қауымдастығындағы болып жататын басқа да сұмдықтар кадеттердің бірінің өлімімен аяқталады. Осы тұста Серіктің анасы ұлының осыған қатысы бар деп күдіктене бастайды.

Режиссердің өзі картинасын пост-хоррор ретінде ұсынады, әрі бұл жұмыс беделді Токио кинофестивалінің негізгі бағдарламасына енген. Картинадағы басты рөлді Анна Старченко сомдаған, осыған дейін ол Ержановпен «Дала қасқыры» жобасында жұмыс істеген еді.

Қанды ай

Режиссері: Егор Лымарев

Рөлдерді сомдаған: Жан Байжанбаев, Линда Нығматуллина, Ерден Телемісов, Толғанай Талғат, Влад Букаткин

Әртүрлі қалалардан келген төрт ерлі-зайыпты «Эдельвейс» таудағы қонақ үйге жолдаманы ұтып алады да, сол жерге Жаңа жылды тойлауға келеді. Алайда кенет болған қар көшкіні ғимараттың ішінен шығу мүмкіндіктерінің барлығын да бұғаттап тастайды, ал жұмбақ дауыс тірі қалу ойынының басталғаны туралы жариялайды.

Егор Лымаревтің дебюттік режиссерлік жұмысы «тор құрылған үйлер» секілді жанрлық троп пен кек алу тақырыбын зерттейді. Қонақтарды өлтіруге арналған айлалы құрылғылар мен клаустрофобиялық атмосфера – осы картинаның жанрға табынушылардың барлығын қызықтыруға тиіс тұстары.

«Дәстүр-2» және «Ауру»

Режиссерлері: Әлішер Утев және Айтөре Жолдасқали

Алғашқы «Дәстүр» фильмінің авторы продюсерлеген жаңа картиналардың сюжеті мен актерлік құрамы жайында әзірге ешнәрсе белгісіз деуге болады, дегенмен картинаның кассалық кірісі Қуаныш Бейсек пен сценарийші Алдияр Жаппархановқа («Ирина Қайратовна» танымал тобындағы солистердің бірі) келесі жылы экрандарға шығарылатын бірден екі жанрлық жобаның түсірілімін бастауға мүмкіндік берді.

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 5]