Сұйық батареялар
Энергетиктер жайында барлық білуге тұрарлық нәрселер
Мұндай сусындардағы қуат қайдан келеді? Шын мәнінде бұл зиянсыз допинг пе, әлде денсаулыққа деген қауіп пе? Неліктен бірқатар елде олар тек дәріханаларда ғана сатылады?
«ҚАНАТТАНДЫРАТЫНДАР», БҰЛАР КІМДЕР?
Энергетикалық сусын – бұл адамның орталық жүйке жүйесін ширықтыра түсетін, әрі жарнамадағы ақпаратқа сәйкес, жылдам қуаттандыруға қабілетті, оятатын және зейін қоюға көмектесе алатын алкогольсіз немесе алкоголі аз жоғары газдандырылған сусын. Көптеген осындай сусындардың негізгі құрамына кофеин, таурин, гуарана, қант, дәмдік қоспалар, В тобындағы дәрумендер секілді құрауыштар кіреді.
Алғашқы энергетик осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын пайда болған екен. 1927 жылы Уильям Уокер Хантер есімді британдық фармацевт Glucozade деп аталатын сусынды ойлап тапқан. Оның құрамы 25%-ға глюкозадан тұратын, және де дәріқағаз бойынша ғана дәріханаларда сатылған. Атамыш сусын біздің заманымызға дейін сәл ғана түрлендірілген Lucozade атауымен жетіп отыр, алайда оны бүгінгі таңда 2013 жылы брендті толықтай сатып алған Suntory жапондық компаниясы өндіріп шығарады.
Кеңінен таралған энергетиктердің бірі, ана бір «қанаттандыратыны» бар еді ғой, ол сонау 1987 жылы Еуропаның дүкендерінде пайда болып, әрі бірден жанкүйерлер көпшілігінің жүректеріне жол табады. Бұл аустриялық кәсіпкер Дитрих Матешицтің арқасында мүмкін болып шықты, осыған дейін ол Таиландқа барып, жергілікті жұмысшылар және алысқа қатынайтын жүргізушілер арасында таралған таңғажайып, еңбек өнімділігін арттыратын сусынның дәмін татып көріп, өзінің туған жерінде оның өнеркәсіптік өндірісін ашуға шешім қабылдайды. Энергетиктерге деген нағыз әлемдік «серпіліс» тек 2000-шы жылдардың ортасында ғана басталды.
Бүгінгі таңда бірқатар елдерде, мысалы, Франция, Дания, Норвегия, Аустрия және Жаңа Зеландияда мұндай сусындарды әдеттегі дүкендерде сатуға тыйым салынған. Бұл елдерде сусын биологиялық белсенді қоспа ретінде саналатындықтан, кезінде «арғы атасы» секілді ол да дәріханаларда ғана сатылады.
СҰЙЫҚ БАТАРЕЯЛАР ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
Энергетикалық сусындар қуатты сырттан бермейді. Ол тек қана адамның жеке энергетикалық қорының жұмсалуын жұмылдырады екен. Мұндай сусындардың құрамында қанттың көп болғандығынан адам ағзасына тез сіңіп кететін көмірсулардың орасан зор мөлшері түседі, әрі оның әсері де бірден орын алады. Оған қоса кофеин де зат алмасу үдерісін жылдамдата түседі. Мұндағы эффект біреу газ басқышын үздіксіз басып тұрып, көлікті жүргізіп келе жатқан іспетті. Осы жердегі «отынның», яғни, энергияның шығыны шамадан жоғары болып келеді. Сондықтан энергетик белгілі бір уақыт қана, шамамен бір сағат аралығында сергітіп тұрады. Содан кейін қан құрамындағы қант мөлшерінің күрт төмендеуі – әлсіреп қалу, дене сылбырлығы, ұйқышылдық, тершеңдік, қарынның ашқанын аса қатты сезіну, тіпті, көздің бұлдырауы, есінен танып қалу жағдайларына дейін әкеліп соқтыруы мүмкін. Негізінде бұл кез келген стимуляторға деген табиғи физиологиялық реакция болып саналады.
ЭНЕРГЕТИКТЕРДІҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?
Аз мөлшерде ғана тұтынылатын энергетикалық сусындар адамның реакциясын тездетеді, әрі анаэробты төзімділікті арттырады. Кейбір зерттеулер энергетиктер мидың есте сақтау сияқты функциясын жақсарта алады деп мәлімдейді. Дегенмен дәрігерлер көлік жүргізу барысында ұйқышылдықтың алдын алу үшін, аңғарымпаздық қарқындылығын жоғарылату, көңіл-күйді жақсарту мақсатында кофе таңдауды ұсынады.
КҮН САЙЫН ЭНЕРГЕТИКТЕРДІ ІШУГЕ БОЛА МА?
Энергетикалық сусындарды үздіксіз тұтынудың көптеген жанама әсерлері бар:
- қан құрамындағы қант деңгейінің жоғарылауы,
- күретамырлық қысымның артуы,
- жүйке жүйесінің жұқаруы,
- жүрек жұмысының бұзылуы,
- ұйқысыздық,
- ағзаның сусыздануы,
- асқорыту мүшелерінің тітіркенуі,
- ашуланшақтық және күйгелектік,
- депрессиялық жағдай,
- еркектік қауқардың төмендеуі.
Энергетиктерді бақылаусыз тұтыну, тіпті, адамның өліміне де әкеліп соқтыруы ықтимал.
НЕЛІКТЕН ЭНЕРГЕТИКТЕРГЕ ТӘУЕЛДІЛІК ПАЙДА БОЛАДЫ?
Нарколог мамандарының айтуынша, психологиялық тәуелділіктен бөлек физиологиялық тәуелділік те туындайды. Біріншісі кейбір адамдардың жай ғана дәмнің ұнайтынына байланысты басталуы мүмкін. Не болмаса, өзін-өзі сендіру, жарнама деңгейінде пайда болады, өйткені мұндай сусындарды ішкен бүгінде сәнді және стильді ғой. Ал физикалық тәуелділік үшін «сұйық» батареялардың құрамына кіретін кофеин және глюкоза мөлшерлерінің үлкен концентрациясы жауап береді. Сонымен қатар кейбір энергетиктерде алкоголь де кездеседі екен, дегенмен өндірушілер бұл мағлұматты жапсырмаларда көрсете бермейді.
ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН КЕЛТІРМЕС ҮШІН ЭНЕРГЕТИКТЕРДІ ҚАЛАЙ ІШКЕН ЖӨН?
Аш қарынға энергетиктерді ішпеңіздер. Қарын аш болып тұрғанда тұтынылған энергетикалық сусындар асқазан-ішек жолдарының шырышты қабығын бұзатын қышқылдың пайда болуына ықпал етеді. Осы тұста барлығы да – ұйқы безі, бауыр, асқазан, ішек зардап шегетін болады.
Энергетикалық сусындарды алкогольмен араластырмаңыздар. Мұндай «одақ» қауіпті болуы мүмкін, себебі кофеин қысымды жоғарылатады, ал ішімдікпен араластырылған жағдайда оның әсері бірнеше есе күшейе түседі. Соның нәтижесінде адам гипертониялық күрт асқынуына ұшырауы әбден мүмкін. Сонымен бірге алкоголь де, энергетикалық сусындар да, несеп айдағыш қасиетке ие, ал екеуі «бірлескен» кезде адам ағзасына этил спиртін ыдыратуға кедергі келтіріп, тіпті, алкогольден улануды одан бетер күшейтуі мүмкін. Сондай-ақ энергетикалық сусындардың адамға өзінің қаншалықты мас екендігін анықтауға бөгет жасайтын ынталандырушы әсері бар. Бұл қауіпті мінез-құлық пен жазатайым оқиғаларға әкеліп соқтыруы ықтимал.
Энергетиктерді құрамында кофеині бар басқа сусындармен (кофе, шай) араластырып ішуге болмайды. Сіз рұқсат етілген дозадан асып кетуіңіз әбден мүмкін.
Энергетикалық сусындарды жоғары қарқынды жаттығулар барысына дейін және одан кейін ішпеңіздер. Адамдар энергетикалық және спорттық сусындарды жиі шатастырып отырады, шын мәнісінде, олар бір-бірінен өте қатты ерекшеленеді. Спорттық сусындардың құрамында көмірсулар, минералдар, электролиттер (мәселен, натрий, калий, кальций, магний), кейде дәрумендер және басқа да қоректік заттар болады, олар жаттығулар кезінде тер арқылы жоғалған су мөлшері және электролиттердің орнын толтыру үшін арналған. Осының барлығы энергетикалық сусындарда кездеспейді. Жаттығулар барысында энергетикалық сусындарды тұтыну ағзаның жылдам сусыздануына, жүрек ұстамасына, ыстық өту немесе инфаркт секілді жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін.
ЭНЕРГЕТИКТЕРДІ НЕМЕН АЛМАСТЫРУҒА БОЛАДЫ?
Егер қуаттану қажеттілігі туындап жатса, біздер жоғарыда атап өткеніміздей, сарапшылар бір-екі шыны-аяқ кофе ішуге кеңес береді. Сондай-ақ қант және лимон қосылған көк немесе қара шай ішсеңіздер болады. Сонымен қатар зімбірден жасалған сусын (зімбірді үккіштен өткізіп, үстінен қайнаған су құйып, лимон мен бал қосып, тұндыру керек), не болмаса адамшөп тамырынан әзірленген тұнба да жарайды. Осының барлығы табиғи энергетиктер.
Аударған Рита Сәрсенова