30 жастан кейін жұмысты алмастыру: жаңа мамандыққа сәтті көшу және меңгеру үшін кеңестер - Лайқос

30 жастан асқанда мамандықты қалай өзгертуге болады

Көбінесе түлектер болашақ мамандықты таңдаған кезде өздері шешім қабылдамайтыны хақ: біреусін ата-анасы беделді деп есептесе, екіншісі туралы сыныптастар – «керемет, мұнда мүмкіндіктер көп» деп айтқаны бар. Жоғары оқу орнында, кейіннен тағылымдамадан соң бірнеше жыл өтеді… Бұдан кейін тағы да бірнеше жыл. Адам бұл кәсіптің өзіне қанағаттанушылық сезімін сыйламайтынын түсіне бастайды. Кеңсеге барғысы келмейді, жұмыстан ләззат алу деген атымен жоқ, мансап баспалдағымен көтерілу қызықсыз, жалпы барлығы да іш пыстырады.

Сонымен, бүгін Лайқос жасыңыз 20 болмаса да, жаңа мамандықты меңгерудің жолын анықтайды.

Мамандықты ауыстырудың қажеті не

Ең алдымен, адамдардың мамандықты ауыстыру туралы шешім қабылдауының себептерінен бастайық. Бұл жұмыс орнындағы тығырықты жағдай мен қызығушылықтың төмендеуі, өмірге деген көзқарастар мен оған байланысты қалаулардың өзгеруі, мінсіз жұмыстың қандай болуы тиіс дегенге қойылатын талаптардың жаңаруы себеп болуы мүмкін. Осы тұста қаржылық жағы да маңызды рөлге ие болады – кей кездері белгілі бір мамандықтарға деген сән ескі түрлеріне сұранысты азайтуы ықтимал, мәселен, аудармашыға сынаушы болып оқуына тура келеді.

Кейде адамның жасы ұлғайған сайын уақытты өзіне көбірек бөлгісі келіп тұрады, кеңседегі жұмыс үдерісі жалықтырып жібереді, әрі адамдар фриланс негізіндегі мүмкіндіктерді іздей бастайды, ал бұл мамандықтың бұратала өзгертуді, не болмаса қосымша білім алуды талап етеді.

Сонымен бірге жайлылық аймағынан шығу демекші, өз-өзіңе деген сенімділікті сезіну және өзін-өзі бағалау деңгейін арттыру үшін жаңа кәсіпті игеру түріндегі сын-қатерді қабылдау ұмтылысы пайда болуы да бек мүмкін. Кейде бұл орта жас дағдарысымен сәйкес келеді. Естеріңізге салсақ, психотерапия – бұл әрі сәнді, әрі пайдалы дүние.

Қандай мамандықты таңдау керектігін қалай түсінуге болады

Мұндағы сұрақ, бірінші кезекте, мақсаттарға байланысты болып отыр. Егер басты мақсатыңыз – табыс деңгейін көтеру болса, онда еңбек нарығын, жалақылар дәрежесін зерттеу және жаңа мамандықты меңгеруге жұмсалатын уақытты бағалау, әрі осыған айлығы аз төленуі әбден мүмкін тағылымдамаларды қосуыңыз керек. Орта есеппен алғанда, шектес, яғни, «байланысты» кәсіпті меңгеру немесе бұрыннан бар мамандығыңыздағы біліктілікті жоғарылату үшін жарты жылдан артық уақыт кетпейді.

Егер сіз балалық шағыңыздың арманын іске асырып, сол шақта аңсаған мамандығыңызға ие болуға нақты шешім қабылдасаңыз, не болмаса басқа нұсқаларды қарастырып жатсаңыз, онда кәсіптік бағдар жөніндегі мамандардың көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Ғаламтордағы сынақтамалар әрдайым шындықты айтады деу қиын: егер мамандықтың қайсысы сәйкес келетінін өз бетіңізбен анықтауға бел бусаңыз, осы тұста психологтарға арналған сайттарға назар аударғаныңыз дұрыс – әдетте бұл жерлерде тексерілген сауалнамаларды орналастырады.

Көз қорқақ, қол батыр? Қорқыныштарды жеңудің жолы

Ең алдымен, өзіңізге ғана сенуге кеңес берер едік. Отбасыңыздың қолдаймыз деген уәдесін алу – маңызды нәрсе болғанымен, бұл нұсқа жүз пайыз іске асады деп айта алмаймыз. Сонымен қатар достарыңыздан қарызға ақша алу да сенімді жайт емес. Сонымен, қорқыныштарымызбен күресейік:

  • Қаражатсыз қалудан қорқасыз ба? Қаржылық тұрғыдан қауіпсіздік көпшігін жасап алғаныңыз абзал. Ол білім алуға арналған төлемдерді өтеуге де, жаңадан бастап келе жатқан мамандарға арналған тағылымдамадан өтуге келісім беруге де қажет болары сөзсіз, өйткені соңғысында жоғары жалақылар сирек кездеседі.
  • Жұмысты сол беті таппай қаламын деп үрейленесіз бе? Басқа елдердегі еңбек нарығы мен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін зерттеп көріңіз, әрі әлеуметтік желілердегі кәсіпқой қауымдастықтардағы пікірлерді оқып шығыңыз, сондай-ақ көз алдыңызға толыққанды көріністі елестету мақсатында осы саладағы сарапшымен ақылдасыңыз.
  • Ал егер мамандықты игеру тым ұзаққа созылып кетсе ше? Есімізге түсірейік: Қазақстанда зейнетке шығу жасы ер адамдар үшін – 63 жас, ал әйелдер үшін – 61 жасты құрайды. Сіздің алдағы 20-30 жыл бойы қазір айналысып отырған ісіңізді жалғастыра бергіңіз келе ме, әлде жаңа бір нәрсені сынап көруді қалайсыз ба? Егер орта есептеулерді қарастыратын болсақ, онда екінші жоғары білімді алу үшін сырттай оқу әдетте екі жыл уақытты алады. Сұлулық салонында шебер болу – 2-3 ай, ал жаңадан айти мамандығын меңгеру үшін 2-3 жыл қажет екен. Нақты білім қорқыныштармен күресуге көмектеседі, сондықтан сіз таңдаған мамандық бойынша білім алу қанша уақытты алатынын есептеп алғаныңыз абзал.
  • Жұрт не дейді? Әуел баста, бәлкім, мін тағатындар табылар, кейіннен олар сізді мақтап, әрі жеткен жетістіктеріңіз үшін бағалайтын да шығар. Ал уытты адамдармен бұл кезеңге араласуды тоқтата тұрғаныңыз жөн, өйткені олар өзіңізге деген сенімділікті айтарлықтай түсіріп жіберуі бек мүмкін.

Өзгерістер қажет!

Егер сіз өзгерістердің болғанын қаласаңыз, онда жаңа мамандықты таңдаңыз да, қорқыныштарыңызды анықтап, алға қарай нық қадам басыңыз. Тек мына бір жайтты қаперіңізден шығармаңыз: мамандықты ауыстыру қолыңыздан келмей жатса, ең болмағанда, өзіңіз үшін қызықты бір істі меңгеріп алып, оны тамаша хоббиге айналдыруға болады.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]