Сәнді үкім
Неге Дана Томас «Fashionopolis. Жылдам сәннің бағасы және киімнің болашағы» атты кітабын жазып шығарды
Сән ғаламшар денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретін «бұзақыға» қалай айналды? «Не кисем екен» сұрағына жауап бермес бұрын әрқайсысымыздың жақсылап ойланғанымыз қаншалықты маңызды? Әрі қашан фэшн-брендтерден дайын көйлек емес, тек жаңа өнімдерге сілтемені сатып алып, гардеробымызды үйдегі 3D-принтер арқылы басып шығаратын боламыз?
ЕССІЗ СӘННІҢ ҚҰНЫ
Әйгілі жазушы және журналист Дана Томастың пікірінше, баршамызға да жер шары мен адамдарды бекерден-бекер қанап пайдаланбайтын сәннің жаңа, гуманистикалық тұжырымдамасы ауадай қажет болып тұр. Оның «Fashionopolis» еңбегі дәл осы тақырыпқа арналған. Сондай-ақ бұл кітапта жалпы киім-кешектің дүкен сөрелерінде қалай пайда болатыны, сол киімді кім ойлап табады, тігеді, жеткізеді және кім сататыны туралы айтылады.
Өткен ғасырдың соңғы ширегімен салыстырғанда бүгінгі таңда біздер киім-кешекті бес есе артық көлемде сатып алады екенбіз. Жыл сайын ғаламшарда киімнің 80 миллиардқа жуық бірлігі шығарылады, бұл әр адамның басына шаққанда, соның ішінде әр нәрестеге он данадан келеді. Айта кетсек, сол заттардың көбісі сұраусыз қалып, ақырында жойылады.
«Жыл сайын шығарылатын миллиардтаған киімнің 20 % сатылмай қалады. Бұл ауқымның арқасындағы үнемдеудің шығындары болып саналады. «Әдетте қалдықтарды көміп тастайды, ұсақтайды немесе өртеп жібереді», – деп қысыла бөліседі Burberry қызметкерлері».
Киімді жасап шығару үдерісіне де байланысты көптеген сауалдар туындайды. Жылдам сәннің индустриясы экологияға келтірілетін залалға қарамастан тұтынушылар сұранымын қанағаттандырып келеді. «Fashionopolis» авторы біздер жаққа қорқытатын статистиканың көптеген мәліметтерін «атқылағандай» жеткізіп отыр: өндіріске қанша су және электр энергиясы шығындалады, үдерістерге қандай химиялық заттар және қандай мөлшерде жұмсалады, топырақ, жерасты сулары және атмосфераны не уландырады.
«Біздер киіп жүрген денимнің барлығы дерлік, – 99,99 % – синтетикалық индигомен боялған. Киім индустриясы синтетикалық бояудың ондаған химиялық заттардан, соның ішінде мұнай, бензол, цианид, формальдегид секілді адамдар үшін улы немесе зиянды заттардан жасалатыны туралы деректі мұқият айналып өтуде».
Томас ханым өз еңбегінде сәннің лас және қағидасыз бизнеске айналғанын алға тартады. Еңбек қауіпсіздігінің қарапайым нормаларының бұзылуы, сұмдық антисанитария, ең төменгі жалақылар, жұмысшыларды, соның ішінде балалар еңбегін тоқтаусыз пайдалану – бұл ірі брендтерге арналған көптеген заттарды жасап шығаратын Азиядағы кедей елдердің батыс сән индустриясының қарқынды дамуы үшін төлеп отырған бағасы. Сонымен қатар автор идеялардың ұрланатындығы, арзан репликалар мен көзге айқын көрініп тұратын жасанды көшірмелердің шығарылуы турасында да әңгімелейді.
ТҮЙТКІЛДІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
Дана Томастың пайымдауынша, киімнің экологиялық өндірісі, ұлттық қолөнердің жандануы, оған қоса өндіріс қарқынын бәсеңдете отырып, жылдам сәннен бас тартып және шын мәнісінде тек қажетті заттарды ғана саналы түрде сатып алудың арқасында тігін өнеркәсібінің болашағы зор болмақ.
Кітапта көптеген ілгерінді, озық әзірлемелер көрсетілген, соның ішінде киімді 3D-баспасы арқылы жасап шығару, деним өндірісінің қоршаған ортаға қауіп келтірмейтін әдістері, қайта пайдалану үшін материалдарды қайта өңдеу, тіпті, лаборатория жағдайында материалдарды өсіру туралы да айтылады.
«Үшөлшемді басып шығару жалпы сән саласын түбірімен өзгерте алу әлеуетіне ие — әрі бұл сіз ойлағаннан да әлдеқайда ерте орын алуы мүмкін. Кезінде 1990 жж. ғаламтордың экспоненциалдық өсімін, ал 2000 жж. мобильді құрылғылардың кеңінен таралуын нақты жорамалдаған Рэй Курцвейл,өзі футуролог, біздер киім-кешекті 3D-принтерлер арқылы өзіміз үшін басып шығаратынымызды 2020 жылға қарай болжалдаған еді».
Томас ханым ізашар-компаниялар арасында жергілікті шағын өндірушілерді де, сондай-ақ Кремний алқабының «сәуегейлерін» де, әрі Stella McCartney, Levi’s және Rent the Runway секілді әлемге әйгілі сән үйлерін де атап көрсетеді.
«Мен Amazon-нан бастап Chanel-ге дейінгі фэшн-брендтердің сіздерге шынайы киімді сатпайтындары туралы пікірді сан рет естідім; сіздер сілтемені сатып аласыздар да, бұйымды өздеріңіз басып шығаратын боласыздар».
Автордың пікірінше, 3D-баспасы ескірген және жаңа, сәнді және сәннен шыққан түсініктерін жоққа шығаратын болады.
«Сіз қалаған затыңызды, өзіңіз қалаған уақытта, әрі лайықты өлшемде жасап шығара аласыз. Киімді конструкциялау ісі жасап шығарудың басқа техникалық әдістерімен келісілген файлдарды ғана құруға саяды да, нарықтың орта сегментіндегі тұтынушыға жоғары сәннің бас айналдыратын шыңдарын қолжетімді ете түседі. Барлық жерде солай болмақ».
«FASHIONOPOLIS» КІТАБЫН ОҚУҒА ТҰРАРЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ ҮШ СӨЗ
- Бұл сән индустриясының жер шарына қаншалықты зиян келтіретіндігі туралы ауқымды зерттеу.
- Бұл болашақта осы саланы күтіп тұрған нанғысыз реформалары туралы білу мүмкіндігі.
- Сондай-ақ, бұл жағдайдың дамуына жеке ықпалыңыз жайлы білу және нақты түсінудің мүмкіншілігі. Спойлер: қажетті минимумнан артық киімді сатып алуды тоқтатыңыз.
Аударған Рита Сәрсенова