Шешім қабылдау шаршауы (Decision Fatigue): неге таңдау жасау шаршатады

Неліктен біз таңдаудан шаршап жүрміз және шешімді жеңіл қабылдауды үйренудің жолы

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: таңертеңгі уақыт, сіз шкафтың алдында тұрып, не киеріңізді шеше алмай әлексіз. Кейін – қандай кофе алсам екен, метро, әлде таксимен барған дұрыс па? Ондаған ұсақ шешімдер, күніңіз жаңа ғана басталды, ал сіз әлдеқашан шаршап қалдыңыз. Таныс жағдай ма? Лайқос мұның неліктен болатыны мен decision fatigue термині нені білдіретінін анықтады.

Шешімдерден шаршау дегеніміз не

Decision fatigue («шешімдерден шаршау») термині американдық әлеуметтік психолог Рой Баумайстердің зерттеулерінде пайда болған. Ол анықтағандай, біз шешімдерді неғұрлым көп қабылдасақ, олардың сапасы соғұрлым төменірек болады екен. Тіпті, қарапайым таңдаудың өзі де күш-қуат жұмсауды талап етеді, ал мидың ресурсы жылдам сарқылады.

Бұл тұста шаршау ұйқышылдық немесе физикалық шаршағандық ретінде сезілмейді. Ол әлдеқайда зұлым болып келеді: сіз фокусты жоғалтып алып, импульсивті, не болмаса кейінге қалдырылған шешімдерді қабылдап, таңертең мүлдем жол бермейтін ымыраларға келісе саласыз. Мәселен, бір зерттеудің мәліметтері бойынша соттар түстен кейін анағұрлым жұмсақ үкімдерді шығарады екен. Ал маркетологтар мына бір жайтты біледі: шаршаған сатып алушы – ең жеңіл клиент. Өйткені ол қолына түскен бірінші затты сатып ала салады.

Біз неге шаршаймыз?

Қазіргі заманғы өмір шағын таңдауларға толы. Ең қарапайымдарынан (қандай шұлық кисем екен) бастап эмоциялық таңдауларға (бұрынғы жігітімнің хабарламасына жауап берейін бе, әлде жоқ па?) дейін. Біз әлеуметтік желідегі таспаны айналдырып отырамыз, салыстырамыз, кейінге қалдырамыз, қателесуден қорқамыз. Сонымен бірге осыған мазасыздық фонды, «өнімді болу» секілді қысымның жасалуы мен шамадан тыс көп ақпаратты қосыңыз, міне, сіз таңертеңнен бастап әбден титықтаған болып шығасыз.

Біз шексіз мүмкіндіктер заманында өмір сүріп жатырмыз: тамақ пен білім алудан бастап, дәрігерлер мен таныстықтарға дейін – мұның барлығы да бір-екі шерту арқылы қолжетімді бола түсті. Алайда бұл еркіндіктің орнына көбіне-көп алаңдаушылыққа, прокрастинация мен кінәлік сезімнің пайда болуына әкеліп соқтырады. Кез келген таңдау өмірді өзгертіп жіберетін сияқты болып көрінеді, сол себептен біз шешім қабыдаудан қашқалақтаймыз немесе оларды шексіз кейінге қалдыруға тырысамыз.

Неліктен тіпті кішігірім шешімдер шаршатып жібереді

Сіздің йогурттарды, әлде өмірлік жарыңызды таңдап тұрғаныңыз ми үшін бірдей таңдау – ол энергиясын жұмсайды. Шешімдер неғұрлым көп болса, ерік-жігер, өзін-өзі бақылау мен стратегиялық ойлау үшін жауап беретін мидың аймағы, яғни, маңдай алды қыртысы соғұрлым көп шаршайды. Ал кешке қарай сіз құлазыған көңілмен жүресіз.

Бұл тұста әлдеқайда тұрарлық нәрседен қапы қалу қорқынышы пайда болады. Әрі таңдалған нәрседен ләззатқа бөленудің орнына біз ойымызда ұдайы мына бір жайтты айналдырамыз: «Мен осы бекер бас тартқан жоқпын ба?..»

Өміріңізді жеңілдетудің жолы қандай?

  • Қайталанатын істерді ықшамдаңыз

Көптеген табысты адамдар – Стив Джобстан бастап Марк Цукербергке дейін – күн сайын бірдей киімді киіп жүреді. Футболка таңдау үшін күш-қуат жұмсаудың қажеті не? Тұрмыстағы минимализм когнитивті ресурсты үнемдейді.

  • Маңызды шешімдерді таңертең қабылдаңыз

Ми таңертеңгі уақытта сергек әрі энергияға толы болып келеді. Сондықтан негізгі шешімдерді таңертең қабылдағаныңыз абзал – кешке қарай жақсысын таңдау мүмкіндігі анағұрлым төменірек.

  • Алдын ала жоспарлаңыз

Аптасына бір рет қандай тамақ ішетініңізді, не істейтініңіз бен кіммен кездесетініңізді алдын ала жоспарлап қойыңыз. Бұл бейберекеттіктен құтқарады және шын мәнісінде жағымды сезімге бөлейтін кенеттікке орын қалдырады.

  • «Айтарлықтай жақсы» ережесін қолданыңыз

Әрдайым ең жақсы нұсқа керек бола бермейді. Кейде қалыптысы да жеткілікті болмақ. Қарама-қайшы естілсе де, дегенмен «мінсіз таңдау» көбінесе түңілуге апарады, ал «жеткіліктісі» тыныштық сезімін береді.

  • Артық опцияларды алып тастаңыз

Нұсқалар неғұрлым аз болса, таңдау жасау да соғұрлым жеңілірек. Мұны гардеробқа да, қосымшаларға да, сол секілді демалыс күндерге арналған жоспарға да тиесілі қолдануға болады.

Қорытынды

Біз шешім қабылдаудан құтыла алмаймыз – бұл бізді адам ететін жайт. Алайда біз сол шешімдерді қалай қабылдайтынымыз жайында қайта ойланып, өмірімізді жеңілдете аламыз. Кей кездері қолыңызға түскен бірінші киімді кие салғаныңыз пайдалы.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.