Жетістікке талпыну ескірген бағдар: сәттілікке деген жарыстың қауіпі

Жетістікке талпыну ескірген бағдар: табысқа жету жарысы бізді қалайша бақытсыз етеді?

Жетістікке талпыну мәдениеті мәңгілік жарыс тәртібінде өмір сүруге үйретеді: көбірек міндет, мақсат пен табыс. Әлеуметтік желілерде мінсіз өмірдің фотосуреттері жалт-жұлт етеді – мансап жолындағы жеңістер, саяхаттар, марафондар. Кеңселердегі KPI мен сәттілік жаттықтырушыларының цитаталары тура отқа май құйғанмен тең. Алайда осы бір жылдамдықтың артында шаршағандық пен мағынасыздық тұр. Лайқос неліктен тежегішке басатын уақыттың келгенін айтып береді.

Табысқа жету ұмтылысының басты белгілері

  • Шексіз жарыс. Сырт көрініс үшін жаңа мақсаттар, өнімділік марафондары мен ешқашан бітпейтін шаруалар тізімі.
  • Отын іспетті әлеужелілер. Instagram мен TikTok желілерінде адамдар «мінсіз өмірін» паш етеді: мансап жолы, спорт, саяхаттар, тіпті, таңғы астарының өздері де тура бір жеңіс секілді көрінеді. Өзіңді осының барлығымен салыстырғанда, үнемі артта қалып қоя беретіндей сезінесің.
  • Тыйым салынған демалыс. Үзіліс әлсіздік ретінде, ал сәл бәсеңдеу сәтсіздік іспетті қабылданады.
  • «Бір орында айналу» әсері. Қаншалықты жылдам жүгірсең де, мәре сызығы жоқ: алда әрдайым жаңа белес тұрады.

Жетістікке талпыныстың жасырын жағы

  • Шаршау. Тұрақты шаршағандық, ұйқысыздық, жұмыс пен өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы. Тіпті, қарапайым істер де ерекше қиын болып көрінеді.
  • Мағынаны жоғалту. Мақсаттар барған сайын өзің үшін емес, лайктар мен мәртебе үшін жиі қойылады.
  • Салыстыру. Әлеуметтік желілер таспасы болса, нағыз алаңдаушылық триггеріне айналады: басқа адамдардың жетістіктері – қалыпты нәрсе, ал жеке жетістіктер түкке тұрғысыз болып қабылданады.
  • Мәресі жоқ жарыс. Бір мақсатқа қол жеткізсең, бірден келесісі пайда болады. Қуаныштың орнына тек қана шаршағандықты сезініп, «әлі жете алмай тұрмын» деген секілді сезімде қаласың.

Неліктен бұл қоғам үшін зиянды

  • 24/7 тәртібіндегі корпоративтік мәдениет. Компаниялар сіздің ұдайы байланыста болуыңызды әрі жылдамдығыңызға үміт артып отырады, ал бұл шаршауға анағұрлым тез әкеліп соқтырады.
  • Тұлғаның құнсыздануы. Адамды оның құндылықтары, эмоциялары немесе қажеттіліктері бойынша емес, нәтиже бойынша ғана бағалайды.
  • Теңсіздіктің өсуі. Жарыста ресурстары – ақшасы, денсаулығы, қолдауы көбірек адамдар ғана жеңіске жетеді. Қалғандары болса, өздерін бейбақ сезінеді.
  • Жастарға деген қысым. «20 жасқа дейін үлгеруің керексің» немесе «30 жаста стартап үшін тым кәрісің» деген секілді хабарламалар бәсеңдеу = жеңіліс сияқты уытты сезімді туғызады.

Жетістікке талпыныстың баламасы

  • «Жеткілікті» тұжырымдамасы. Табыс – бұл барлық жерде бірінші болу емес, бұл дәл саған ненің маңызды екендігін анықтау.
  • Slow life. Баяу ырғақ: міндеттер анағұрлым аз, ұсақ-түйек нәрселерге көбірек көңіл бөлу мен үдерістен ләззатқа бөлену.
  • Mindful productivity. Аздау, дегенмен саналы тұрғыдан істеу – сырт көзге түсу үшін емес, сапа үшін.
  • Демалыс сәттіліктің бір бөлшегі ретінде. Ұйқы, үзілістер, көңіл сергіту – ұзақ уақытқа өнімді болып қала берудің тәсілі.
  • Мәртебенің орнына құндылықтар. Өзіңнен «мен не істедім?» деп емес, «мен мұны не үшін және кім үшін жасадым?» деп сұрау керек.

Қорытынды

Жетістікке талпыну мәдениеті бізді мәре сызығы жоқ жарысқа атсалысуға мәжбүрлейді. Ол бақыт сыйлауды уәде еткенімен, негізінен тек алаңдаушылық пен шаршағандықты ғана әкеледі. Бағдарды ауыстыратын уақыт келді: сан емес, сапаны, жылдамдықтың орнына тереңдікті, өзгелердің лайктарын емес, өзіңізге маңызды шынайы мағыналарды бағалау.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.