
Жақындасу үшін жеңіл тимбилдингтерге арналған идеялар
«Тимбилдинг» дегенді естіген кезде зәреңіз қалмай ма? Көз алдыңызда – квест бөлмелері, арқан саябақтары мен орындықтан құлап бара жатқан әріптесіңізді ұстап қалуды талап ететін әрі ұжымды біріктіруге арналған ыңғайсыз жаттығулар тұр ма? Сабыр етіңіз. Тимбилдинг – бұл міндетті түрде терлеу мен ұят сезімі турасында емес. Ол жеңіл, көңілді және жалықтырмайтын болуы да мүмкін. Лайқос кез келген ұжымда кәдеге асатые идеялармен бөліседі.
Сүйікті түскі ас
Кәдімгі түскі ас шағын тимбилдингке айналуы бек мүмкін, бар керегі оны асханада емес, «әркім сүйікті тағамын алып келеді» деген форматта ұйымдастыру. Бұл жеке адамның тұрпатын анықтайтын кез келген тестіден гөрі мінездерді анағұрлым жақсырақ ашады: әлдебіреу әжесі істеген бәлішін әкелсе, басқасы фермерлер базарынан хумусты сатып алады. Оған қоса жұмыс тапсырмаларынан тыс қатынасуға мүмкіндік туады.
Түскі үзіліс және одан кейінгі үстел ойындары
«Имаджинариум», «Қолтырауын», UNO, Alias – дайындықты қажет етпейтін таныс ойындар. Тіпті, мүлдем үндемейтін әріптестер де ойнайды, өйткені бұл жерде өзіңді таныту мен күліп алу мүмкіндігі бар. Ауыр жұмыс аптасынан кейін шағын турнирді ұйымдастыру немесе бір-екі партия ойнауға да болады.
«Бір күн – бір адам»
Әрбір апта сайын команда ішінен бір адам өзі жайында 3-5 минут әңгімелейді – слайд, фотосурет, хикая, плейлист, сүйікті тағам немесе сүйікті мем. Бұл бір-біріңізді жақсырақ білуге көмектеседі, әсіресе, үлкен немесе қашықтан жұмыс істейтін командалар ішінде қолайлы. Формат өте жеңіл, қысым жоқ, дегенмен бұл айтарлықтай жақындастырады.
«Үш адамға арналған шай»
Идеясы қарапайым: рандомайзер көмегімен бір топқа 2-3 адамнан жиналады да, олар бірге шай немесе кофе ішуге барады (егер онлайн болса, онда камерамен бірге, не болмаса онсыз да баруға болады). Ешқандай да жобаларды талқылаусыз. Тек қана өмір туралы сөйлесу. Бұл байланыстарды орнатуға септігін тигізеді, әсіресе, бөлімшелер арасында қолайлы.
Жұма күнгі кино немесе аптаның сериалы
Аптасына бір рет – қысқа фильм, стендап немесе сериал эпизодының жалпы көрсетілімі. Содан кейін – оны 15 минут, ең дұрысы, тіскебасарлармен бірге талқылағаныңыз абзал. Кеңсенің ішінде, не болмаса онлайн да бола береді. Ең бастысы, «рефлексияның» болуы міндетті емес, жай ғана рахаттану мақсатында.
Викториналар мен мем-челлендждер
Әріптестер туралы, кеңседе болған сәтсіздіктер жайлы викторина немесе эмодзи бойынша жұмбақты тауып алу – бұл өте көңілді. Telegram немесе Slack арқылы ұйымдастыруға болады, сондай-ақ жұмыстан көңілін бөлмеу мақсатында барлығы бірте-бірте қосылып отырады. Жеңімпазға кеңселік мем суреті басылған саптыаяқ немесе жазғы корпоративте орынды алғашқы болып таңдау құқығы ұсынылады.
Кеңсе бойынша фотоаңшылық
Команданы жұптарға немесе шағын топтарға бөліңіз де, оларға қарапайым тапсырмалар тізімін беріңіз: жасыл түсті нәрсені тауып әкелу, қызықты затты суретке түсіріп алу немесе әріптеспен селфиге түсу. Көңілді әрі оңай, оған қоса – бұл кеңсеге жаңа жағынан қараудың себебі.
Жеңіл тимбилдингтегі басты нәрсе – ешкімді қинамау
Адамдар тапсырмалардан ғана емес, сондай-ақ «міндетті көңілділіктен» де шаршайды. Бір ғана ауқымды, дегенмен формалды іс-шарадан гөрі бірнеше жылы әрі ерікті формат әлдеқайда жақсырақ. Неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым тиімді болмақ.