Жұмысты жиі ауыстыру: «Бір компанияда бір жылдан артық жұмыс істей алмаймын» – бұл қалыпты нәрсе ме? - Лайқос

«Бір компанияда бір жылдан артық жұмыс істей алмаймын»: бұл қалыпты нәрсе ме?

Заманауи әлемде адамдардың көбі бір жұмыс орнында ұзақ уақыт отыра алмайтындығын байқайды. Егер сіз тұрақты қызметкер болмасаңыз, уайымдай бастаудың қажеті бар ма? Қандай жағдайда және қандай жұмыс орындары үшін мұндайға рұқсат етіледі, ал кәсіпқойлардың қайсыларына бұл тұста сұрақтар туындайтын болады? Біздің спикерлеріміз – HR-сарапшы және психолог – мансап жолына деген осындай көзқарастың себептерін, әрі оң және теріс жақтарын талдап, мұның кәсіби және тұлғалық дамуға қалайша әсер ететінін әңгімелеп береді. 

Бұл мақала орыс тілінде: «Не могу работать в одной компании больше года»: нормально ли это?

11 жылдық тәжірибесі бар HR-сарапшы Рената Нұрееваның пікірі бойынша жұмыс орнын жиі ауыстырып отыру – бұл нағыз қазіргі заманғы үрдіс. «Қазіргі кезде, егер әртүрлі елдер мен нарықтарды қарастыратын болсақ, орташа алғанда бір компанияда бір жыл жұмыс істеу – үрдіс болып келеді. Еңбек келісім-шартының да бір ғана жылға жасалатыны бекер емес», – дейді сарапшы.

Дегенмен жұмыс берушілер бұл құбылысқа алуан түрлі көзқараспен қарайды екен. «Жұмыс берушілер тұрақты түрде жұмыс істейтін қызметкерлерді алуды қалайды. Компания сол компанияның ішінде өсу үшін адамдарды жалдайды. Ал егер қызметкер бір жыл ғана жұмыс істесе, онда осы уақыт ішінде ол тек енді бейімделу кезеңінен ғана өтеді», – деп назаланады Нұреева.

Кадрлардың жиі ауысып отыратынына деген көзқарас адамның позициясына байланысты болып келеді. Жоғары біліктілік пен ұзақ уақыт оқуды қажет етпейтін жұмыс орындары үшін бір жылдан аспайтын жұмыс мерзімі шартты түрде алғанда қалыпты дүние болып саналады. Алайда сарапшылық пен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс орындары үшін жұмысты жиі ауыстыру нағыз түйткіл болатыны хақ. «Егер топ-менеджер немесе сарапшы әрбір жұмыс орнында бір ғана жыл қызмет ететін болса, онда ол маңызды ешнәрсе істей алмайтыны анық. Мұндай жұмыс орындары үшін тұрақтылықтың керектігі сөзсіз», – деп көрсетті HR-сарапшы.

Психолог және мінез-құлықты талдау бойынша маман Сергей Семенченконың пайымдауынша, қазіргі заманғы адамдар жұмыс орнын ауыстыру мәселесі бойынша өте сирек алаңдайды. Бұл тек үлкен ұрпақтың ықпалынан ғана болуы мүмкін. «Аға буын дағдарыстар мен девальвациялардан талай өткені белгілі. Олар үшін жұмыс – бұл тұрақтылық пен қауіпсіздік. Дегенмен қазірде заман өзгерді және жұмыс берушімен сұхбаттасу қағидаттары да өзгеріске ұшырап отыр», – дейді психолог.

Жас адамдарда жұмыс орнын ауыстыру жағдайында қорқыныш сезімі болмайды екен. Жас буын үшін жұмыс көптеп кездеседі әрі оны тауып алу да қиынға соқпайды. Оған қоса, HR-мамандары да жұмыс орнын жиі ауыстыру – бұл жаман нәрсе дегеннен алшақтап барады. Сұхбаттасу екіжақты түрде өтетіні шүбәсіз, осы тұста үміткер де, компания да бірін-бірі бағалап отырады.

«Кейбір жұмыс орындары үшін кадрлардың тұрақтамауы» – қалыпты  жағдай болып келеді, мәселен, call-орталықтарының операторлары, сатушылар, кеңес берушілерді алатын болсақ. Адамдар мұндай жұмысқа «ақша үшін» ғана барады, олар даму және мансапты қуламайтыны хақ. Әрі қолайлы жағдай туындаған кезде оны оңай ауыстыра салады. Осылайша, жұмыс орнын жиі ауыстырып отыру «сол мезетте» табыс табуды іздейтін адамдар үшін де, сонымен бірге даму мен жаңа тапсырмаларға дайын жандар үшін қалыпты нәрсе болуы мүмкін», – дейді Сергей Семенченко.

Езер сіз бір компанияда ұзақ уақыт жұмыс істей алмайтын болсаңыз, әрі бұл мәселе бойынша алаңдасаңыз, онда психолог сізге мамандықты бір компанияның ішінде ауыстырып отыруды ұсынады. Дегенмен, егер сіз кезекті жұмыс орнын ауыстырсаңыз, онда мұны мансапта пайдасы болар дағдыларды жетілдіру мақсатында пайдаланғаныңыз абзал. «Әрбір жұмысты белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін пайдалану қажет. Яғни, жай ғана «жұмыс істеп, ақша табу» үшін емес, мұның сәтті тәжірибе болуы үшін компанияға не істеуге болатыны турасында ойналған абзал», – деп кеңес береді Семенченко.

Жұмысты қаншалық жиі ауыстырған жөн?

Жалпы жұмыс орнын ауыстырып отыру жиілігі мансап жолындағы мақсаттар, сала және қызметтің деңгейіне байланысты болып келеді. Мансаптың бастапқы кезеңдерінде жұмыс орнын әрбір 1–2 жылда ауыстыру тәжірибе жинақтауда пайдалы болуы мүмкін. Орташа деңгейде қандай да бір жұмыс орнында 3–5 жылға дейін қалып отырған маңызды болып отыр, осылайша сіз ұзақмерзімді қабілеттілігіңізді көрсете аласыз. Жоғары лауазымды мамандар үшін бір компанияның ішінде маңызды үлес қосу мақсатында, кем дегенде, 5 жыл қызмет етуі қажет. Қарқынды дамып отыратын салаларда жұмыс орнын жиі ауыстыру қалыпты дүние болып саналады, ал дәстүрлі салаларды алатын болсақ, керісінше, мұнда тұрақтылық жоғары бағаланатыны айқын. Сонымен бірге жеке жағдайлар және жұмыс пен өмір арасындағы тепе-теңдік те шешімді қабылдауда маңызда рөлді атқарады.

Естеріңізде болсын: жұмыс орнын жиі ауыстырып отыру міндетті түрде жауапсыздық дегенді білдірмейді. Белгілі бір типке жататын адамдар үдеріске, ал басқа типке жататын адамдар – жобалық қызметке бағытталады. «Кейбір адамдар үшін жаңа жобаларды іске асыру қызықты болып келеді. Олар үшін жұмыс орнын жиі ауыстыру – бұл қалыпты нәрсе. Ең бастысы, өзіңізге жарамды қызмет түрін табу және ол бойынша алаңдамау», – деп қорытындалады сарапшы.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]