
Жұмыс берушінің қызыл жалаулары: жұмыстан кету туралы ойланатын кездің белгілері
Мінсіз жұмыс болмайды: барлық жерде де қауырт істер, күрделі жобалар мен жұмыс бабындағы даулар болатыны хақ. Алайда ауыртпалықтар – бұл уытты ортаның «қызыл жалаулары» емес, уақытша кезең ғана екендігін қалай түсінуге болады? Лайқос естеріңізге салады: егер күйзеліс созылмалы түріне айналса, ал жұмыс денсаулығыңыз бен жеке өміріңізге нұқсан келтіре бастаса, демек жағдайға талдау жасайтын кез келді.
Сізге жаңа жұмыс орнын іздеу керектігінің уақыты келгенін білдіретін 8 белгіні қарастырайық.
1. Күн сайын артық жұмыс істеу
Кейде кеңседе кідіріп қалу – қалыпты жайт. Алайда басшылық тарапынан міндетті болып қабылданатын үстеме жұмыс нағыз міндетке айналса, бұл – қауіп белгісі. Жұмыс пен демалыс арасындағы тұрақты теңгерімсіздік шаршағандық пен денсаулыққа байланысты түйткілдерге әкеліп соқтырады.
2. Қадірдің жоқтығы
Сізді бағаламай ма? Айлығыңыз өспейді, кері байланыс жоқтың қасы, ал идеяларыңызды әріптестер иемденіп ала ма? Мұндай орта мотивация мен өзін-өзі бағалау сезімін жылдам өлтіреді. Жұмыс шексіз бір мереке болуы тиіс емес, дегенмен сіз үлесіңіздің белгілі бір маңызға ие екендігін сезінуіңіз керек.
3. Қорқыныш арқылы токсик басқару
Егер басшы сындарлы сынның орнына кемсітуді, көпшілік алдында сынауды немесе жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоқымен үркітуді үнемі қолданса, бұл «қатаң менеджмент» емес, бұл жайсыз корпоративтік мәдениет. Мұндай атмосфера ұдайы алаңдаушылық пен титықтауға апарады.
4. Кәсіби тоқырау
Сіз жылдар бойы қайталанатын тапсырмаларды орындап жүрсіз және өсу перспективаларын көрмей отырсыз ба? Тіпті, жалақы жақсы болған күннің өзінде де дамудың болмауы тоқырау сезімі мен мамандығыңызға деген қызығушылықтың жоғалуына әкеліп соқтырады.
5. Жеке шекаралардың бұзылуы
Кезекті демалыс кезіндегі қоңыраулар, түн жарымындағы жұмыс чаттар мен 24/7 тәртібінде байланыста болу талабы өмір мен кеңсе арасындағы шекараны жояды. Егер «төтенше жағдайлар» күн сайын дерлік болып жатса, бұл жұмыс берушіге деген қарым-қатынасыңызды қайта қарастырудың себебі.
6. Құндылықтар қайшылығы
Егер компания сатудың арам әдістерін қолдаса, клиенттерге құрмет көрсетпесе немесе сізді әдепті бұзуға мәжбүрлесе, бұл тұста ішкі шиеленіс пайда болады. Компанияның қағидаттарымен келіспейтін жерде жұмыс істеу психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді.
7. «Жексенбілік дабыл»
Егер әрбір жексенбі сайын сіз шарасыздықты сезінсеңіз, ал таңертең жұмыс ноутбугын аша алмасаңыз – бұл аса маңызды белгі. Бұл ретте орындалған жобадан кейінгі шаршағандықты айлар бойы созылатын созылмалы жай-күйден ажырата білген маңызды.
8. Құр уәделер
Жұмысқа орналасқаныңызда сізге бонустарды, оқыту мен мансап жолындағы өсуді уәде еткен, алайда жарты жыл өткеннен кейін ешнәрсе өзгерген жоқ па? Егер уағдаластықтарды орындамау жүйеге айналса, онда бұл компанияның сенімді жұмыс берушісі екендігі екіталай.
Осы жағдайға тап болсаңыз, не істеу керек?
Жұмыстан шығып кету – әрдайым жалғыз жол дегенді білдірмейді. Әуелі басшыңызбен жүктемені талқылап немесе өз міндеттеріңізді қайта қарастырып көріңіз. Алайда сіз жағдайдың мүлдем өзгермей жатқанын түсінсеңіз, ал жұмыс сіздің эмоциялық және физикалық жай-күйіңізге нұқсан келтіруді жалғастыра берсе, бәлкім, әрі қарай қозғалатын уақыт келген де болар.