Қол жеткізуші нышанаты: жетілгендікке ұмтылу бақытқа қалай әсер етеді

Жетуші синдромымен күресудің жолы қандай?

Жылдамырақ, жоғарырақ, күштірек

«Жетуші» синдромы – бұл қазіргі заманғы қоғамда жиі естілетін термин. Бұл синдромның белгілері «жетілгендікке» деген ұмтылыста, ұдайы болып жататын жетістіктерге деген құштарлық пен әлдеқайда жақсырақ, жылдамырақ, ақылдырақ және т.т. болудың қандай да бір «керемет» мүмкіндігін жіберіп алғандай, жеткіліксіздік сезімі секілді нәрселер арқылы көрініс табады. Бұл феномен жылдам өзгеріп отыратын және бәсекелестікке толы әлемімізде барған сайын кеңінен етек жайып бара жатыр. Егер «кемелдіктің стандарттары» үнемі өзгеріп жатса, және мүлдем қол жетпейтін жайттарға айналып отырса, басқаша болуы мүмкін бе? Осылайша «жетілуге» ұмтылатын әрі «барлық жағынан табысты» болуды қалайтын заманауи адамға лайық болу үшін барынша тырысып-тырмысуы керек. Неге және кімге лайық болу – мұны өзіңіз тауып көріңіз. Бұл зиянды ма? Әлбетте. Осы ұғымның зиянын төмендетудің тәсілдері бар ма? Мұны психолог Юлия Белянина осы мақалада талдап береді.

БАРЛЫҚ ЖАҒЫНАН ТАБЫСТЫ ЖӘНЕ МІНСІЗ БОЛУ ЖАМАН БА?

Әрине, жаман емес. Бұл тамаша нәрсе. АЛАЙДА! Егер бұл жетілгендік сізге сырттан күштеп таңылмай, керісінше, өзіңіздің ішкі құндылықтар, қабілеттер, дарындар мен дағдыларыңызға сәйкес келіп жатса, құба-құп. Психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, «жетуші» синдромының кейбір жағымды жақтары да баршылық. Солардың бірнешеуін келтіріп өтейік.

 

·     Жетістікке жету мотивациясы. Әдетте «жетуші» синдромы бар адамдардың өз мақсаттарына жетуге деген ынтасы айтарлықтай жоғары болып келеді. Олар жоғары стандарттарға ұмтылады да, көбінесе жетістікке жету жолында бар күш-жігерін салуға дайын болады. Мұндай құлшыныс мансап жолындағы ілгерілеу, жеке тұлғаның дамуы және маңызы зор мақсаттарға жетуде аса пайдалы болуы мүмкін.

 

·     Өзін-өзі жетілдіру. «Жетушілер» әшейінде өз білімін, дағдыларын арттырып отырады, бұл оларға өмірлерінің әртүрлі қырларын, мейлі кәсіпқой машықтар болсын, мейлі жеке қарым-қатынастар болсын, не болмаса физикалық денсаулығын анағұрлым жақсыртуға көмектеседі.

 

·     Өршілдік пен тапқырлық. Кемелдікке ұмтылатын адамдар кәсіпкерлік пен бастамашылық қасиеттеріне көбірек бейім болуы мүмкін, өйткені олар өз мұрат-мақсаттарына жету және өмірлерін жақсарту жолында ұдайы жаңа мүмкіндіктерді іздестіріп отырады.

 

·     Өз қабілеттеріне деген сенімділік. Үнемі жетістік пен жақсартуға деген құлшыныс адамның өз қабілеттеріне деген сенімділігін арттыра алады. Мұндай адамдар көбінесе өзінің күшіне сенеді және барлық істерінде жетістікке жете алатындарына сенімді келеді.

 

МҰНДА БІР ҚҰЙТЫРҚЫЛЫҚ БАР МА?

Бұл жердегі құйтырқылық «жетушілік» негізінен қоғам ішінде қабылданған барлық «нормалар мен стандарттарға» сәйкес келуге үйренген адамдар үшін нағыз манияға айналатынында жатыр. Мына бір жайт туралы бірге ойланып көрейікші: қоғамға өздерін ұдайы жетілдіріп отыратын және әлдеқайда жақсырақ болуға ұмтылған табысты әрі мінсіз адамдар не үшін керек? Табыстылықтың деңгейін үнемі жоғарылатып отырудың, әрі кемелдіктің аясын кеңейте берудің қажеті неде? Жаңа девайстар, гаджеттер, біліктілікті арттырудың алуан түрлі курстары, оқыту әдістері мен марафондарды әзірлеудің не керегі бар?

 

Жауабы айдан анық: әлемдегі «мінсіздіктер» мен оларға ұмтылған адамдардың саны неғұрлым көп болған сайын, адамдарды басқарып отыру да соғұрлым жеңілірек болатыны хақ.

 

Басқаша айтқанда: қоғамның сіз орнатқан ережелер мен нормалар бойынша өмір сүруі үшін не істеу керек? Дұрыс: идеал нәрсені жасап алып, адамның соған сай болуына қозғау салу. Сонда тұрақты түрде аяны кеңейте беруге болады, демек осылайша адамды көбірек тұтынуға итермелей аласыз. Мұндағы берілетін контенттің мағынасы да мүлдем маңызды емес: оны «табысты табыс» деп ұсынсаңыз болғаны, оны сөрелерден сыпырып алады.

 

Әрі бұл жерде қастандық теориясы немесе адамды құлдыққа салуға деген құлшыныс пен одан мойынсұнғыш мінезді жан жасауға ұмтылған жасырын әрі құпия қоғамдарды насихаттау турасында сөз қозғалып отырған жоқ. Мұнда адамды белгілі бір шеңберге кіргізіп алып, оны шығармау туралы айтылып отыр. Бұл, тіпті, табыстылық пен кемелдік аясы туралы болса да. Парадокс дейсіз бе? Мүлде олай емес.

 

Төртінші биліктің адамға деген әсері жайында ойланыңызшы: деніңіздің сау болғанын қалайсыз ба – «мынаны» жеңіз, ішіңіз, жасаңыз, сымбатты болғыңыз келе ме – «мынаны» жеңіз, былай жасаңыз, ақылдырақ/күштірек/аңғарғыш болғыңыз келе ме – «осыны» оқыңыз, «мына жерге» барыңыз, «дәл мынаны» сатып алыңыз, ұзын әрі қалың шашқа ие болғыңыз келе ме – басыңызды «нақ осы» сусабынмен жуыңыз және т.с.с.

 

Шын мәнісінде назарды маңызды болып саналатын ойлардан аударып әкетіп, әлдеқайда жақсырақ болу, жалпы жұрттан алыстамай, айналадағылардай болу деген секілді ұмтылыстарымен манипуляцияны бүркемелеп, адамға айла-шарғы жасау өте оңай.

 

ШАРЫҚТАУ ШЕГІ: ЭМОЦИОНАЛДЫ ӘРІ КӘСІБИ ШАРШАУ

Көбінесе «табысты табысқа» деген құлшыныста адам өзінің өткен жолына бір сәт бұрылып қараған кезде сол табыстың оған ешқандай да бақыттың сыйламағанын түсінуі бек мүмкін. Бірнеше рет білім алғаны да, қосымша оқығаны туралы мыңдаған сертификаттар да, салауатты өмір салты да, спортпен шұғылданғаны да, әрі дұрыс тамақтану қағидаттарын ұдайы ұстанғаны да, тіпті, жеке психолог пен жаттықтырушысы да баршылық, ал бақыт – жоқтың қасы. Өйткені осы бір табыстылықтың аясы адамға әлдебіреу тарапынан күштеп таңылып отыр. Ал шынымен бақытты болу үшін не қажет екендігі туралы түсінік – жоқ. Неліктен?

 

Әдеттену. Ұзақ уақыт бойы бір ғана стимул немесе жағдайға тап бола берген кезімізде миымыз осыған әбден үйреніп қалуы мүмкін, әрі әуел баста болған реакцияның күштілігі енді бұрынғыдай болмауы ықтимал. Бұл әдеттену деп аталады. Әрі стимул қызығушылық пен қанағаттану сезімдерін тудыруды тоқтатқанда, біз ынталандырудың жаңа көздерін іздей бастаймыз.

 

Кемімелі пайдалылық заңы. Осы заңдылыққа сәйкес нысанның әрбір қосымша қолданылуы немесе жағдайға тартылуы арқасында оның пайдалылығы немесе қанағаттанарлығы біз үшін кеми түседі. Мәселен, егер сіз жаңа гаджет сатып алған болсаңыз, әуелі ол сізге нағыз ләззат сыйлауы мүмкін, ал уақыт өте келе бұл ләззаттың азаюы ықтимал.

 

Осы механизмдерді түсіну өз үміттеріміз бен қажеттіліктерімізді оңтайлы басқаруға септігін тигізуі әбден мүмкін, сонымен бірге бұл өмірімізді түрлендіруге және ынталы әрі мүдделі болып қала берудің тәсілдерін табуға көмектесе алады.

 

«ЖЕТУШІ» СИНДРОМЫМЕН ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

Сізді не нәрсе бақытты ететіндігі туралы ойлану. Өзіңіздің жеке құндылықтарыңыз, дарындарыңыз, өзсанаңыз, құштарлықтарыңыз, қызығушылықтарыңыз, даралығыңызды ұғыну табысты болудың градусын айтарлықтай төмендете алады.

 

Өз-өзіңізді жақсырақ түсінуге көмектесетін сұрақтар: жақсы деуге болатындай менің қолымнан не нәрсе келеді? менің күшім неде? мен қандай пайда әкеле аламын? мен өмір бойы айналыса алатындай, әрі ләззат сыйлайтындай қандай істі немесе бірін-бірі алмастырып отыратын қандай істерді таңдай аламын? мен қандай адаммен бақытты болум мүмкін? Өз тарапымнан қандай адамды бақытты ете аламын? кейіннен дос деп атай алатын басқа адамдар үшін менің қандай жеке құндылықтарым олардың құндылықтарына шамалас болмақ? мен өз өмірімді қалайша құрамын және сол өмірде қандай «заңдылықтар» болады екен? тұлға ретінде барынша жетілу мақсатында күнделікті өмірде нені басшылыққа аламын?

 

Сонымен бірге мына бір жайтты ұғынып алғаныңыз аса маңызды: өзіңізді басқа адамдармен үнемі салыстырып отыру – торға түскенмен бірдей. Өзіміздің жетістіктерімізді басқалардың жетістіктерімен тұрақты түрде теңей берген кезімізде біз өзін-өзі сезінудің тұрақсыз негізін жасап алады екенбіз. Өзіңізді өзге адамдармен салыстырудың орнына жеке мақсаттар, қажеттіліктер және мұраттарға көңіл тоқтатқаныңыз абзал. Әрбір адам бірегей болып келеді, әрі өзіңізді басқалармен салыстыру – бұл алма мен апельсин екеуін салыстырғанмен бірдей.

 

СИНДРОМНАН БОЛАТЫН ЗИЯНДЫ ТӨМЕНДЕТУДІҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Осыған дейін көрсетіп өткенімдей, кемелдікке деген ұмтылыс айтарлықтай мықты мотиватор ретінде бола алады, дегенмен бір өкініштісі, бұл көбінесе күйзеліс, мазасыздық және қанағатсыздық сезімдеріне әкеліп соқтырады. Осы ұмтылыстың неліктен зиянды болуы мүмкін екендігі мен оның зиянды ықпалын қалай төмендетуге болатындығын қарастырайық.

 

1. Шындыққа негізделген мақсаттар мен болжамдарды қойыңыз

Барлық жағынан қандай да бір мінсіздікке ұмтылудың орнына өз алдыңызға шындыққа негізделген мақсаттар мен болжамдарды қойып көріңіз. Есіңізде болсын, дүниеде ешкім де мінсіз болмайды, әрі кішігірім сәтсіздіктер мен қателіктер өмірдің бір бөлігі екендігін ұмытпағаныңыз жөн.

 

2. Өзін-өзі аяушылық әдісін қолданыңыз

Өзіңізді осы қалпыңызда, яғни, барлық кемшіліктеріңіз және жақсы жақтарыңызбен бірге қабылдай білуді үйреніңіз. Өзін-өзі аяушылық әдісін қолдану сізге ішкі сыншылдығыңызды төмендете түсуге көмектеседі және жан-дүниеңіздің тыныштық пен бақытқа ие болуына септігін тигізеді.

 

3. Қуанышты нәтижеден ғана емес, істің барысынан да таба біліңіз

Зейінді тек түпкі нәтижелерге ғана жұмылдырмай, оның орнына қойған мұрат-мақсаттарыңызға жету барысынан рахат алуды үйренгеніңіз дұрыс. Жолыңыздағы әрбір қадамыңыздан қуаныш таба біліңіз, әрі табысқа апарар жол табыстың өзінен әлдеқайда маңыздырақ екендігін есіңізден шығармаңыз.

 

«Жетуші» синдромының теріс салдары болуы ықтимал, соның ішінде күйзеліс, мазасыздық және перфекционизм секілді жайттар, дегенмен оның мотивация, өзін-өзі жетілдіру, өршілдік және өз-өзіне деген сенімділік іспетті артықшылықтары бірқатар жағдайларда аса пайдалы болуы бек мүмкін. Өршілдік пен жеке басыңыздың қамын ойлау арасындағы тепе-теңдікті сақтап отыру өте маңызды, сонда «жетуші» синдромы бақыт пен қанағаттанушылық сезіміне қол жеткізуде кедергі етпесі анық.

 

Табысты адам болу – бұл, егер сіз өршілдігіңіздің өзіңізді жеңуіне жол бермесеңіз, керемет сыйлық екендігі сөзсіз. Ал егерде сіз осыған жол берсеңіз, онда сіз ғана емес, өмірлері қалай болғанда да сіздің өміріңізбен байланысты болып келетін адамдардың барлығы да жеңіліске ұшырайды. Нағыз жетістік – бұл денсаулығыңыз, бақытыңыз немесе жақын адамдарыңызбен арасындағы қарым-қатынастарыңызды құрбан етпеу.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]