
Болашақта мансап бойынша өсу үшін бүгінде қандай дағдыларды меңгеру керек
Әлем сіз LinkedIn парақшаңызды жаңартып үлгерем дегенше әлдеқайда жылдамырақ өзгеріп отырады. Кеше ғана айтулы машық болып саналған нәрсе ертеңгі күні қарапайым нормаға айналуы бек мүмкін. Сарапшылар мамандардың қалыс қалмауы мақсатында алдағы 5-10 жылда мансап бойынша өсуді айқындайтын дағдыларды дамыту үшін өзіңізге деген уақытты қазірден бастап инвестициялауға кеңес береді.
ЖИ-мен жұмыс
Сіздің кім болып жұмыс істейтініңіз маңызды емес – заңгер, маркетолог немесе мұғалім болсаңыз да, негізгі ЖИ құралдарын (ChatGPT-ден бастап Midjourney-ге дейін) білу бәсекелік артықшылығыңызға айналатыны шүбәсіз. Сұранысты тұжырымдау, жауаптардың дұрыстығын тексеру және нәтижелерді нақты жұмыспен біріктіре білу – көп ұзамай Word пен PowerPoint бағдарламаларын меңгеру секілді талап етілетін дағдыға ұласатыны айқын.
Қысым астындағы жасампаздық
Сізді дедлайндар қысып тұр, бюджет жоқ, ал клиентіңіз әлдебір керемет дүниені талап етіп отыр ма? Дәл осындай уақытта қалыптан тыс шешімдер пайда болады, кейіннен олар конференциялардағы кейс ретінде ұсынылады. Болашақта түрлі жағдайға тап болғанда абыржып қалмайтын, әрі минималды мүмкіншілікпен нағыз «жауһар» жасауға қабілетті адамдар ерекше жоғары бағаланады.
Эмоциялық интеллект (EQ)
HR менеджерлер арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес олардың 75% жуығы EQ деңгейі жоғары қызметкерлерді таңдайтынын мойындайды. Эмоциялық интеллект жай ғана «жағымды адам» болуға көмектеспейді – ол қарым-қатынастың сапасына, шешім қабылдауға және дау-жанжалдарды шешу қабілетіне тікелей әсер етеді екен. EQ көрсеткіші жоғары адамдар қысым кезінде байсалдылықты сақтай алады, салмақты шешімдер қабылдайды, эмпатияны танытады және басқаларды тыңдай біледі. Ең бастысы, оны дамытуға болады.
Коммуникация дағдылары
Бүгінде жиналыстар кеңседе де, Zoom қосымшасында да, мессенджерлерде де өткізіле береді. Осы тұста барлық форматтарда қарым-қатынас жасай білген, көпшілік алдында сөз сөйлеу машығы мен сторителлинг дағдысына ие болу керек. Сонымен бірге сенімді, ұзақ мерзімді, әрі өзара тиімді қарым-қатынастарды орната білген маңызды. Жобалар, еріктілік немесе әшейін ашық әңгімелер арқылы орнатылған байланыстар жылдар өте келе күтпеген жерден жаңа лауазымдарға, бизнес немесе ынтамақтастыққа мүмкіндік туғызуы бек мүмкін.
Өзін-өзі ұйымдастыру дағдылары
Жұмыс үдерісін ұйымдастыра білу дағдысы да ерекше маңызға ие. Бүгінде адамдардың көбі қашықтан жұмыс істеу немесе аралас форматқа өтіп жатыр, демек, бұл жерде жаныңызда мерзімдер жайлы әрдайым еске салып отыратын басшылық болмайды. Өзіңізді бақылай білу, мерзімдерді сақтау мен жұмыс ырғағын ұстану өте маңызды. Нәтижесінде дәл осы жауапты әрі тәртіпті мамандар басқаларға қарағанда мансап баспалдағы бойынша әлдеқайда тезірек өсетіні хақ.
Қайта оқуға қабілеттілік
Мамандықтар жойылып жатады, технологиялар өзгеріп отырады, ал жаңашыл нәрселерге әркез ашық адам ешқашан артық болмайтыны анық. Егер көз алдымызға Жер бетіндегі жұмыс істейтін адамдардың барлығын 100 адамнан тұратын топ ретінде елестетіп көрсек, онда 2030 жылға қарай олардың 60-қа жуығы жаңа талаптарға: өзгеріп отыратын дағдылар, автоматтандыру, әрі технологияларға сәйкес болуы үшін қайта оқуға тура келеді. 11 адамның аталмыш жаңа білімді мүлдем меңгере алмауының ықтималдығы жоғары. Бұл, шын мәнісінде, 120 млн астам жұмысшы сұранысқа ие болмай қалады деген қауіпті білдіреді.
Қорытынды
Әлем бір орында тұрған жоқ, әрі одан қалып қоймаудың ең жақсы жолы – өзіңізге инвестициялау. Жаңа технологияларды игеру әбден мүмкін, дегенмен ойлана білетін және басқаларға қарағанда жылдамырақ үйрене алатын адамдар ғана әрдайым құнды болмақ.