Жалақыны арттыру: тиімді кеңестер мен дәлелдер - Лайқос

Нақты көтеретіндей етіп, жалақының артуын сұраудың жолы

Сіз өз мамандығыңыздың жаңа деңгейіне жетіп, әрі бай тәжірибені жинақтадыңыз. Енді бар ойыңыз: мұның еңбекақыға әсері тисе екен. Егер басшылық сіздің табысыңызды өзгертуге асықпаса, не істеуге болады? Лайқос еңбекақының өсуі турасындағы әңгімеге қалай дұрыс дайындалу керектігі туралы, қолайлы уақытты таңдау, сонымен бірге басшылықпен сәтті әңгімелесудің жолы жайында айтып береді.

Жалақыны көтеру туралы әңгімеге қалай дайындалу керек

Ағымдағы жағдайға баға беріңіз

Қазіргі еңбекақы мен жұмыс шарттарыңыздың талдауынан бастағаныңыз жөн, оларды өңіріңіз бен салаңыздағы дәл сіздің лауазымыңызға байланысты нарықтық стандарттармен салыстырып көріңіз. Жұмыс орындарын іздеуге арналған сайттар, еңбекақылар туралы есептер мен кәсіби форумдарды пайдаланыңыз. Бұл сізге айлығыңыздың орташа деңгейге қаншалықты сәйкес келетіндігі туралы объективті түсінікті береді.

Жетістіктерді белгілеңіз

Соңғы бір жылдың ішінде компанияның жұмысына қосқан үлестеріңіздің тізімін жасап шығыңыз. Сәтті тапсырған жобаларыңыз бен өзіңізге артқан барлық қосымша міндеттемелерді қосыңыз. Соның ішінде сатылымның өсімі, үдерістер тиімділігінің жақсаруы немесе клиенттердің қалдырған жағымды пікірлері секілді нақты нәтижелерге назар аударыңыз.

Мансаптық мақсаттарыңызды анықтаңыз

Ұзақмерзімді мансаптық мақсаттарыңыз туралы және жалақының артуы сол мақсаттарға жету жолында қалайша көмектесе алатыны жайында ойланыңыз. Бәлкім, сіз қаражат салуды қажет ететін білім алуды жалғастыру, қосымша тренингтер немесе курстардан өтуді жоспарлап отырған шығарсыз. Еңбекақының көтерілуі сіздің мансапқа қатысты жоспарыңызға қалай ықпал ететіні туралы нақты түсінік сіздің өтінішіңізді анағұрлым сенімді түрде негіздеуге көмектеседі.

Шындыққа негізделген үміттерді белгілеңіз

Қандай соманы немесе айлықтың пайыздық тұрғыдан қаншалықты өсуін әділ деп санайтыныңызды анықтап алыңыз. Міндетті түрде нарықтық деректер мен жеке жетістіктеріңізге сүйеніңіз. Шамадан тыс көтеріңкі үміттер басшылық тарапынан теріс реакцияны тудыруы әбден мүмкін.

Дәлелдеріңізді дайындаңыз

Сіздің дәлелдеріңіз орынды, салмақты, әрі фактілерге негізделген болуы тиіс. «Мен ерінбей-жалықпай жұмыс істеп келемін» деген секілді жалпы мәлімдемелердің орнына былай деп айтыңыз: «Мен Х жобасын аяқтадым, әрі ол компанияның кірісін Y%-ға арттыра түсті». Келтірілген дәлелдеріңіз компания үшін сіздің құндылығыңызды көрсетіп тұруы керек және неліктен еңбекақының жоғарылауына лайық екеніңізді түсіндіруі тиіс.

Баламаларды қарастырыңыз

Бәлкім, компания басшылығы сіздің еңбекақыны арттыру туралы өтінішіңізді бірден қанағаттандыра алмайтын да шығар. Болатын балама нұсқалар жайында ойланып көріңіз: кезекті демалысқа қосымша күндердің қосылуы, икемді жұмыс тәртібі, қашықтан жұмыс істеу мүмкіншілігі, білім алуды төлеу немесе жобалардың сәтті орындалғаны үшін бонустарға ие болу.

Кездесуді ұйымдастыру

Табысқа жетудің мүмкіндігі сіздің дәлелдеріңізге ғана байланысты емес, сонымен бірге мұнда еңбекақының артуы туралы әңгіменің уақыты қаншалықты орынды таңдалғаны да маңызды рөлге ие болып отыр.

Жетекшіңіздің жұмыс кестесін зерттеңіз. Бастығыңыздың күрделі тапсырмалары мен кездесулері ең аз болатын күнді анықтап алыңыз. Бұл аптаның басы болуы мүмкін, яғни, басшыңыздың жұмыс үдерістеріне кірісіп кетуіне дейінгі уақыт, не болмаса, керісінше, аптаның аяғы, бұл кезде негізгі істердің көбі аяқталып үлгереді.

Компанияның жалпы жағдайын бағалаңыз. Әңгімеңізді компанияның тұрақты және табысты кезеңдеріне жоспарлағаныңыз абзал. Егер жұмыс істеп жүрген ұйымыңыз енді ғана сәтті жобаны аяқтаса, не болмаса қомақты кіріске ие болса, жалақының көтерілуі бойынша оң шешімнің қабылдану ықтималдығы арта түседі.

X күні келген кезде

Бастысы – уақытында келіңіз. Кешігіп келуіңіз жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін және басшыңыздың уақытына деген құрметсіздік танытқаныңызды көрсетуі ықтимал. Барлық қажетті материалдар, презентациялар мен дәлелдеріңізді алдын ала дайындап қойыңыз.

Еңбекақының көтерілуін қалай сұрау керек

Әңгімені өзіңіз үшін барынша жеңілдету және толқып кетуден аулақ болу мақсатында сөйлескен кезде келесі құрылымды ұстануға кеңес береміз.

Әңгіме құрылымы:

  1. Компаниядағы болашағыңызды талқылау мүмкіндігі үшін алғыс білдіруден бастаңыз.
  2. Өз жетістіктеріңіз бен компанияға қосқан үлестеріңізді көрсетіңіз.
  3. Неліктен өзіңізді жалақының көтерілуіне лайықты деп ойлайтыныңызды түсіндіріңіз.
  4. Нарықтағы шарттар мен еңбекақылар туралы мәліметтерді мысалға келтіріңіз.
  5. Бұл сауалды әрі қарай талқылау мен ынтымақтастыққа дайын екеніңізді білдіріп, әңгімені аяқтаңыз.

Бопса, үзілді-кесілді талаптар мен шағымдарға жүгінбегеніңіз жөн. Бұл жағымсыз реакцияны тудурып, сіздің жағдайыңызды нашарлата түсуі бек мүмкін. Оның орнына жағымды дәлелдер мен фактілерге көңіл қойғаныңыз дұрыс.

Сөз орамдары мен дәлелдердің мысалдары

Жалақыны көтеру үшін сөз тіркестері мен дәлелдердің мысалдары Жалақыны көтеру үшін сөз тіркестері мен дәлелдердің мысалдары Жалақыны көтеру үшін сөз тіркестері мен дәлелдердің мысалдары Жалақыны көтеру үшін сөз тіркестері мен дәлелдердің мысалдары

Мұқият дайындығыңыз бен қол жеткізген керемет нәтижелеріңізге қарамастан, бұл сауалда жетістікке жетудің кепілі – өз-өзіңізге деген сенімділік пен нағыз күшті ынта. Кәсіби тұрғыдан өсу – әрбір адам өмірінің маңызды бір бөлігі болып келеді. Егер сіз барлық өлшемшарттарға лайықты болсаңыз, әрі өзіңізді құнды қызметкер деп санасаңыз және компанияда айтарлықтай жетістіктерге жетсеңіз, алайда еңбекақының артқаны әлі де болмай жатса, онда «сіз өз орныңыздасыз ба?» деген мәселе туралы ойланғаныңыз жөн. Жеке мүддеңізді қорғау мен бұдан да артық нәрселерге ұмтылудан қорықпаңыз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]