«Етеккір демалысы»: айырықша құқық немесе қажеттілік
2020 жылдың басында Нью-Йорктегі 28 жасар Джесси есімді редактор тап өзінің жұмыс орнында есінен танып қалған. Ол сол күні етеккірдің басталатынын, әрі ауруға шыдауға тура келетінін де білген болу керек. Дегенмен, соған қарамастан, ол кеңседе болуға тиіс еді. Өйткені жұмыс көп, ал олардың командасында қызметкерлер жетіспейді. «Жедел жәрдем» шақыртылған соң, науқас іштің төменгі жағы мен белі қатты ауыруының салдарынан ауырсынуды басатын дәріні қабылдағаны және жұмысты жалғастыруға тырысқаны анықталды. Бірақ бұл нәтиже бермеді. Мұндай жағдайлар етеккірі тым ауырсынған күйде өтетін әйелдер арасында ұдайы кездесіп отырады.
Соңғы уақытта компаниялар өздерінің нәзік жанды қызметкерлеріне «етеккір демалысын» беру туралы үндеулерге көбіне-көп қосылып келеді. Алайда осының барлығына шүбә көзімен қарайтын кейбір сыншылар да кездеседі. Биылғы жылдың басында Испания ақылы «етеккір демалысын» алуға рұқсат берген алғашқы еуропалық ел атанғаны белгілі болды. Бұл мемлекеттің Парламенті жыныстық және репродуктивті денсаулық туралы заңға түзетулерді мақұлдады. Осындай тәжірибені қай елдер мен компаниялар енгізгені және бұның не үшін жасалғандығын анықтайық.
ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚОСЫМША ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
Көптеген әйелдер етеккір кезінде қатты ауырсынуды, сонымен қатар жалпы хал-жайының нашарлауын сезінеді. Мұндай құбылыс дисменорея деп аталады. Зерттеулерге сүйенер болсақ, балиғаттық жастағы әйелдердің 91% ауырсыну сезімдерінен, ал шамамен 29%-ға дейін өте қатты ауырсынудан зардап шегеді екен. Американдық отбасылық дәрігерлер академиясының мәліметтеріне сәйкес әйелдердің 20% етеккір кезіндегі ауырсынудың салдарынан күнделікті іс-әрекеттерінде айтарлықтай қиындықтарға тап болады. Зерттеулердің бір бөлігі әйелдердің еңбекке қабілеттілігіне деген етеккірдің әсерін қарастырады да, бұл кезеңде когнитивтік қабілеттерге айтарлықтай ықпалдың байқалмайтыны түсіндіріледі, алайда етеккір циклі әйелдің эмоционалдық фонына тікелей әсер етеді.
Әйелдерге репродуктивті циклді бақылап отыруға көмектесетін Flo қосымшасын жасап шығарған әзірлеушілер оған қоса тағы да зерттеу өткізген болатын, соның нәтижесінде әйелдердің қатты ауырсынуды тудыратын етеккірдің кесірінен, орта есеппен алғанда, жылына 5,8 жұмыс күнін мәжбүрлі түрде өткізіп алатындарын анықтады.
БАСҚА ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ
Қазақстанда әйелдерге «етеккір демалысы» деген құқыққа кепілдік беретін заң жоқ, алайда кейбір мемлекеттерде осындай «демалыстар» қарастырылған. Испаниядан бөлек, мұндай демалыс күндері ішінара енгізілген немесе «етеккір демалысына» байланысты заң жобасын қабылдау мүмкіндігі қарастырылған басқа да мемлекеттер баршылық. Мәселен, Жапония 1947 жылы жалақыны сақтай отырып, «етеккір демалысын» енгізген. Еңбек туралы заңның 68-ші бабына сәйкес, етеккір кезінде ауырсынуды сезетін әйелдер жұмысқа келмеуі мүмкін. «Етеккір демалысы» Оңтүстік Корея, Индонезия, Тайваньда енгізілген.
Еуропалық елдерге келер болсақ, 2017 жылы Италияның депутаттары жұмысшы әйелдердің ай сайын үш күндік демалысты алуларына құқық беретін заң қабылдауды ұсынған еді. Дегенмен, заң өз күшіне енген жоқ, өйткені бұл идеяның кейбір қарсыластары жаңа мән-жайлардың салдары әйелдерді жұмысқа қабылдау кезінде кемсітушілікке әкеліп соқтыруы ықтимал деп сендірді. Ал Париждің солтүстік маңындағы Сент-Уэн-сюр-Сен қаласы етеккір кезіндегі ақылы демалысты енгізген болатын. Бұның мақсаты – осы тақырыпқа байланысты тыйымдарды бұзу және тым ауырсынған күйде өтетін етеккір салдарынан зардап шегетін әйелдердің алдағы уақытта өздерінің стигматизацияланғандарын сезінбеуін қамтамасыз ету.
ЕТЕККІР ДЕМАЛЫСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ДАУЛАР
Бірінші кезекте «етеккір демалыстарына» жаудырылған сыни пікірлер жұмыс орнындағы қосымша кемсітушілікке қатысты болып отыр: егер «етеккір демалысын» тек қана әйелдер ала алатын болса, онда жұмыс берушілер жұмысқа орналастыру кезінде ер адамдарды таңдауды артығырақ деп есептейтін болады.
«Етеккір демалысын» енгізу бойынша бастамасын сынға алудың тағы бір себебі – дисменореяны зерттеуге байланысты екен. Француздық фем-белсенділер мұндай жаңашылдықтар дисменорея саласындағы зерттеулердің дамуына кедергі келтіруі мүмкін деп санайды.
Мұндай демалыс күндерінің компаниялардың экономикалық көрсеткіштеріне қалайша әсер ететінін бағалау мәліметтер көлемінің шектеулі болғандығына байланысты қиынға соғып отыр. Дегенмен, «етеккір демалысының» қажеттілігін қарастыратын бейілді саясат қызметкерлердің уәждемесі мен өнімділігін арттыра түсуі мүмкін. «Етеккір демалысын» компаниялар өз қалауы бойынша енгізе алады. Мысалы, Лос-Анджелестегі танымал Chani компаниясы «жатыры бар адамдарға шектеусіз «етеккір демалысын» ұсынады. Ал «Ведьмак» және Cyberpunk 2077 ойындар топтамасын жасап шығарған поляк CD Projekt RED компаниясы да етеккір кезінде әйел қызметкерлеріне қосымша демалыс күндерін алуға рұқсат берген болатын.
Бүкіл әлем бойынша етеккір кезіндегі демалыс алуан түрлі пішіндерде, кем дегенде, бір ғасырдан бері бар: ұлттық саясатты Кеңес Одағы 1922 жылы, Жапония – 1947 жылы, Индонезия – 1948 жылы енгізген. Дегенмен, бүгінгі таңда осы мәселені қолдайтын қозғалыс өсіп жатыр, әрі бұл сауалды қарастырып отырған елдер мен ірі компаниялар бірте-бірте көбейіп келеді.
Аударған: Рита Сәрсенова