Жаз, аптап ыстық, теңізге барғың келеді. Жаз кезінде тиімді жұмыс істеуге құштарлықты оятудың жолы
Қыста ұйқың келіп тұрады, көктемде – қыдырғың, күзде – шай ішкің, ал жазда – жағажайда жатқың келеді. Лайқос осындай ыстық күндерде өзіңді жұмыс істеуге қалайша көндіруге болатыны туралы айтып береді.
Нәтижеге бағытталған жұмыс
Ең алдымен, міндеттерді анықтаудан бастайық. Біреулердің жұмысы нақты нәтиже мен күндерге байланысты болмайды, ал басқаларында барлығы да түпкі нәтижеге бағытталады. Нақты не үшін ақша алатыныңызға қарамастан, сол ақшаның сізге не үшін керектігіне ден қойыңыз. Мақсаттарды қысқамерзімді етіп қоюға болады (кішкене күш салайын, күш-жігерді үш есе арттырайын, жобаны тезірек бітірейін, сыйақы аламын да – теңізге барамын!), не болмаса ұзақмерзімді мақсаттар (ипотеканы төлеп біткенге дейін аз қалды, содан кейін пәтер толықтай менікі болмақ!). Ең бастысы, олар шабыт беруі тиіс. Ал ыстық пен жалқаулық салдарынан тағы да есіңіздің басқа жаққа ауып бастағанын, әрі терезенің сыртына қарап отырғаныңызды байқап қалсаңыз, мақсатыңыз туралы еске салатын сөздер жазылған стикерді жабыстырып қойыңыз немесе сол жерге жұмыста не үшін отыратыныңыздың нәтижесі көрсетілген фотосуретті іліңіз.
Әлің жете ме?
Адамдарды шартты түрде екі санатқа бөлуге болады: спорттық құмарлығы бар және жоқ адамдар. Алғашқыларымен бәрі де түсінікті: оларға «әлің жете ме?» десеңіз болғаны. Түһ, сіз деген тапсырманы бір-ақ аптаның ішінде бітіріп тастамайсыз ба? Бітіргенде қандай! Бұл жерде ең мықтысы сізсіз ғой!
Екінші санатқа келер болсақ, мұнда бәрі де сәл қиынырақ болып тұр. Егер аталмыш құмарлық болмаса, ал өз-өзіне деген махаббат бастан асып тұрса, онда бұл тұста «қамшымен» емес, «пірәндік» әдісімен әсер ету керек. Өзіңізге дәл қазір бар күшіңізді салып жұмыс істегеніңіз үшін өте жағымды бірнәрсені сатып алу немесе жасауға уәде беріңіз. Бір нұсқасы ретінде жоспарыңызға барлық жобалар мен міндеттерді тапсырып болғаннан кейін бірінші кезекте ұйқыңызды жақсылап қандыру дегенді жазып алыңыз.
Барлығының да шегі болуы керек
Алдыңызда қандай қызметтік міндеттер тұрса да, қандай тәртіппен жұмыс істесеңіз де, демалыс бар. Міндетті түрде болады. Жаз мезгілінде жұмысқа деген құштарлықты ояту үшін түскі асқа арналған үзіліс кезінде немесе таңертең жұмысқа бара жатқаныңызда алдағы демалыс күндері қалай демалатыныңызды жоспарлап алуға тырысыңыз. Бәлкім, сіз тауға баруды әлдеқашан ойластырған шығарсыз немесе осыған дейін күні бойына бассейнге баруға ерініп, мұны кейінге қалдырып жүрген боларсыз? Барлық қалаған нәрселеріңізді тізіп шығыңыз, оларды бүкіл демалыс күндеріңізге біркелкі реттеп қойыңыз да, мына бір жайтты есіңізден шығармаңыз: алда сізді көптен күткен және қызықты оқиғаларға толы (немесе, керісінше, өте еріншек) демалыс міндетті түрде күтуде.
Нағыз сұмдық
Бұл жерде кері қарай қозғалсаңыз болады: яғни, өзіңізді болуы мүмкін салдармен қорқытыңыз. Егер қазір жұмысты істемей қойсаңыз, кейін оны үйге «апаруға», әрі кешкісін және демалыс күндері сонымен айналысуға тура келеді. Егер міндеттеріңізге ден қою қолыңыздан келмей жатса, көз алдыңызға жазалар, айыппұлдар, жалпы алғанда болуы ықтимал кез келген жағдайларды елестетіп көрсеңіз (және, тіпті, абсолютті абсурдқа дейін жеткізсеңіз), жұмыс істеуге деген ынта пайда болады.
Қызанақ әдісі
Жұмыс сағатын белгілі бір бөліктерге бөліп тастаңыз. Таймерді қойып қойыңыз. Мысалы, тапсырмаларды орындау үшін өзіңізге 40 минут уақыт бөліңіз, ал 20 минут қалған нәрселерге арналсын. Айталық, сіз 40 минуттай компьютердің алдында отырасыз, презентацияны жасайсыз, суреттерді іздейсіз және т.с.с. Таймер шырылдап бастады ма – сіз орныңыздан тұрып, айналысатын ісіңізді ауыстырсаңыз болады. Өзіңізге шай алып келіңіз, ыдысты жуып қайтыңыз, жұмысқа бөлінген кезеңнен көңілізді сергітуге көмектесетін қоңырау шалыңыз. Жаттығуларды жасауды ұмытпаңыз: көз, арқа, қол және жұмыс күні барысында шаршайтын барлық жерлерге арналған жаттығулар.
Сондай-ақ
– Жоспар бойынша міндеттерді тізіп жазыңыз. Пілді қалай жеп қоюға болады? Бөліп жеуге болады. Егер берілген тапсырма өте үлкен және орындалмайтындай болып көрінсе, оны көптеген кішігірім тапсырмаларға бөліп алыңыз – дәл қазір орындауға болатындай етіп.
– Ар-арасында серігу үшін шығыңыз. Ойлану үшін өзіңізге уақыт беріңіз. Сонымен бірге көк аспан мен жасыл жапырақтардан басқа ешнәрсені ойламау үшін де уақыт бөліңіз. Бәлкім, миыңыз қатты шаршаған болар, әрі басқа нәрселерге көңіл аударуды қажет етуде.
– Қорықсаң да, істей бер. Кейде біз сәтсіздікке ұшыраудан қорқып, прокрастинацияға бой береміз. Жоқ жерден сылтау тауып, қорқыныш тұңғиығына шексіз құлай беруге болады. Өзіңізді жұмыс істеуге мәжбүрлеудің жолы қандай? Жай ғана терең демалып, отырып алып, жұмыс істеу – осыдан кейін жаздың тәтті күндерінен ләззатқа бөлене беріңіз.