Түсейін бе, әлде түспейін бе: түлектердің мәңгілік сұрағы
«Магистратура» – бұл өзі не нәрсе?
Магистратура – бұл жоғары білімнің бакалавриаттан кейінгі жаңа таңғажайып кезеңі. Егер сен бакалавриатта өзіңнің мамандығың туралы жалпы түсінікке ие болсаң, магистратурада өз кәсібіңнің негізгі аспектілері мен бағыттарына анағұрлым тереңірек үңілетін боласың. Бұл жерде өзіндік жұмыс, зерттеу ісі мен мамандандырылған курстар көбірек болады. Әдетте магистратурада оқу екі жылға созылады және өз салаңның сарапшысына айналуға, мансап жолындағы жаңа мүмкіндіктерді ашу және, тіпті, әрі қарай аспирантурада білім алу үшін негіз қалауға көмектеседі.
ҚАЙ КЕЗДЕ МАГИСТРАТУРА ЖАҚСЫ ТАҢДАУ БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕДІ?
Мансап амбициялары. Кейбір мамандықтарда магистрлік дәреже мансап баспалдағы бойынша көтерілу және әлдеқайда жоғары жалақыға ие болуға деген мүмкіндіктеріңізді едәуір арттыра түсетіні хақ. Мәселен, қаржы саласында магистратура күрделі экономикалық үлгілер мен қаржылық талдауды жақсырақ түсінуге көмектеседі. Егер сіздің мақсатыңыз – жай ғана қатардағы қызметкер болу емес, супер сарапшыға, не болмаса барлық жетекшілердің жетекшісіне айналу болса, онда бұл дәл сізге қажетті нәрсе болып келеді!
Академиялық мансап. Сабақ беру немесе ғылыми жұмыстарды жүргізуді армандайтын жандар үшін – бұл нағыз must have, ал содан кейін докторантураға да түсуге әбден болады.
Желілік мүмкіндіктер. Егер сіз жеке жүзуге шығудан үрейленіп, әрі жеке мансапты құрудан қорықсаңыз, онда сізге тәжірибелі одақтастар анағұрлым табысты бизнесті құруға мүмкіндік береді.
Иммиграция. Адамдардың көбі үшін магистратура өз мамандығы бойынша әлдеқайда тереңірек білімді игерудің жай ғана мүмкіндігі емес, сонымен бірге бұл армандаған еліне көшу мен нақ сол жерде мансабын құруды жалғастырудың мүмкіндігі болып келеді. Мәселен, егер сіз өмір бойы Францияда тұру мен жұмыс істеуді армандаған болсаңыз, онда француз тілін біле отырып, Париж қаласында магистратурада оқу сіз қалаған өміріңізге жол ашатын нағыз алтын билетке айналатыны айқын.
ӘЛДЕ ОНСЫЗ ДА БОЛА МА?
Қаржылық шығындар: Магистратуда оқу – бұл дегеніміз айтарлықтай қаржылық шығындарды қажет етеді. Кейде бакалавриаттың төрт жылынан гөрі магистратураның екі жылы сіз үшін әлдеқайда қымбатқа түсуі әбден мүмкін. Әсіресе, егер сіз оқуға шетелде түсуді жоспарлап отырсаңыз. Бұл жағдайда сізге оқудың ғана бағасын емес, сондай-ақ әуе билеттері, тұратын үй-жай, визаны алу мен күнделікті шығындарды да ескеруге тура келеді.
Практикалық тәжірибе: Егер сіздің жұмыс тәжірибеңіз бар болса, онда, бәлкім, мансаптың дамуына көңіл бөлген де жөн шығар. Мысалы, IT, маркетинг немесе сатылымдар секілді салаларда жұмыс берушілер шынайы кейстер мен жеке жобаларыңыздың нәтижелерін қосымша ғылыми дәрежеден де артық бағалауы бек мүмкін.
Оқуға деген дайындық: Магистратура нағыз байыптылық пен уақытты қажет етеді. Ал егер сізде оқуға кететін уақытыңыз бен күш-қуатыңызды шектей алатын жұмыс немесе отбасылық міндеттемелер бар болса, бұл тіптен ерекше маңызға ие болмақ. Бәлкім, ең алдымен қазіргі кәсібіңіздегі позицияларыңызды нығайтып, көбірек тәжірибе мен ресурстарды жинақтаған әлдеқайда маңыздырақ шығар, ал содан кейін барып, яғни, өзіңіздің мүмкіндіктеріңізге анағұрлым сенімді болған кезіңізде, магистратураға түсу мәселесіне де оралуға болады.
Сонымен бірге, әрине, ең бастысы – өз қалауларыңыз жайында ұмытпағаныңыз абзал. Егер сіз жан-тәніңізбен магистр дәрежесін алуға ұмтылсаңыз, онда сізді ешнәрсе де тоқтатпауы тиіс.
ҚОРЫТЫНДЫ АҚПАР: МАГИСТРАТУРАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН КЕМШІЛІКТЕРІ
Ал біз осынау маңызды шешімді қабылдау әлдеқайда жеңілірек болсын деп сіздерге арнап барлық артықшылықтар мен кемшіліктерді осы жерде жинап қойдық.
Оң жақтары:
+ Білімді тереңдету. Магистратура кәсіби қызметіңізде аса пайдалы болуы мүмкін анағұрлым тереңірек және мамандандырылған білімді алуға көмегін тигізеді.
+ Әскерге баруды кейінге қалдыру мүмкіндігі (ерлер үшін). Егер сіз Отан алдындағы борышыңызды өтеуге әлі дайын болмасаңыз, онда магистратураға түсу сізге қосымша уақыт бере алады.
+ Еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Магистр дәрежесіне ие болу сізді жұмыс берушілер үшін әлдеқайда тартымды үміткер ете алады. Көптеген компаниялар білім деңгейі жоғары қызметкерлерді бағалайды.
+ Пайдалы нетворкинг. Оқу барысы оқытушылар, серіктестер және сіздің салаңыздағы кәсіпқой мамандармен кәсіби байланысты орнатуға септігін тигізеді. Бұл байланыстар мансап жолы үшін және ұсыныстарды алуда пайдалы болуы бек мүмкін.
+ Зерттеу мүмкіндіктері. Көбінесе магистратурадағы оқу барысы зерттеушілік жұмысты қамтып отырады, әрі бұл студенттерге өз саласының дамуына үлес қосуға, ғылыми мақалаларды жариялап отыру және зерттеулерді жүргізу ісіндегі тәжірибені жинақтауға мүмкіндік береді.
+ Қаржылық артықшылықтар. Бакалавр дәрежесінің иегерлерімен салыстырғанда магистр дәрежесінің иегерлері көбінесе біршама жоғары жалақыға ие болып келеді.
Теріс жақтары:
– Қаржылық шығындар. Магистратурада білім алу өте қымбатқа түсуі ықтимал, әсіресе бұл шетелдегі беделді жоғары оқу орындар немесе бағдарламалар туралы сөз етілген жағдайда.
– Уақытты жоғалту. Білім алу, зерттеу жобаларын орындау және дипломдық жұмысты жазуға екі жыл жұмсалады.
– Мансаптық болашақтың белгісіздігі. Магистрлік дәреженің болуы әрдайым мансаптық болашақтың жақсаруына кепілдік бермейді. Кеййбір салаларда жұмыс берушілер академиялық жетістіктерге қарағанда практикалық тәжірибені артығырақ бағалауы ықтимал.
– Оқу кезіндегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің шектелуі. Оқу көп уақыт пен күш-қуатты қажет етуі ықтимал, осындайда жұмысқа толық күнге шығу мүмкін болмайтыны хақ. Бұл студенттің қаржылық жағдайына теріс әсер ете алады.
– Біліктіліктің тым артық болуы. Кейбір жағдаяттарда магистрлік дәреженің болуы үміткердің белгілі бір лауазымдар үшін «аса қатты білікті келуі» жағдайына әкеліп соқтыруы ықтимал, осындайда жұмысты табу қиынға соғуы мүмкін.
– Географиялық шектеулер. Магистратура көбінесе кампуста болуды талап етеді, әрі бұл көшуді қаламайтын немесе көше алмайтын адамдар үшін ыңғайсыз болуы мүмкін.
Аударған: Рита Сәрсенова