Жоғары тиімділігіңізге арналған тайм-менеджмент бойынша 9 үздік кітап - Лайқос

Жоғары тиімділікке арналған тайм-менеджмент бойынша ең үздік кітаптар

Уақыт әрқашанда бағалы болған, ал қазірде тіптен құнды ресурсқа айналып отырғаны хақ. Бүгінгі қарқын соншалық, тіпті, бірден бәріне де үлгергің-ақ келіп тұрады – алайда бұл әркез қолымыздан келе бермейді. Ұйқың қанбай қалды, көптеген шаруаларды жасауға ниеттеніп, шаршап кеттің, күн жоспарларында шатастың… Лайқос тайм-менеджмент және оның негіздерінің не екенін түсіну үшін нені оқуға болатынын айтып береді.

«Мұны ертең жаса», Марк Форстер

Бұл кітапта прокрастинацияға қарсы күресудің тиімді тәсілдерін табуға болады. Автор өзіңіздің жұмыс күніңізді белгілі бір тапсырмалары белгіленген бөліктерге бөлуді ұсынады. Ол сендіріп отырғандай, бұл тек бір іске көңіл аударып қана қоймай, тезірек және айтарлықтай сапалы жұмыс істеуге көмектеседі.

«Джедай техникалары», Максим Дорофеев

Кітапта – 10 техника бар. Оның әрқайсысы өзіндік нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді: біреуі дұрыс шешімдерді қабылдау үшін ойларыңыз бен эмоцияларыңызды қадағалап отыруға септігін тегізеді, екіншісі – жұмыс орнын ұйымдастыруға көмектеседі, үшіншісі – мотивация және мақсаттармен жұмыс істеуге бағытталған. Сонымен бірге жаттығулар кешені де қоса берілген.

«Миыңызды босатыңыз: Жұмыс бастан асқанда не істеу керек», Тео Компернолле

Хаос адамды шаршатып жібереді, әрі өзіне едәуір энергияны тартады екен. Автор артық ойлардан құтылу, басты нәрселерге ден қою, шамадан тыс жүктемеден аулақ болудың жолы турасында әңгімелейді. Ол зейінді жақсарту, ақпарат ағындарын басқару, уақытыңызды ұрлайтын жаман әдеттерден бас тартудың бірқатар тәсілдерін тізіп отыр. Техникалардың ішінде – Канбан, қызанақ тәсілі, кайдзен және басқа да әдістер бар.

«Bullet Journal әдісі. Өткеніңді ой елегінен өткіз, қазіргіні ретке келтір, болашағыңды жобала», Райдер Кэрролл

Тор көзді және кең жол дәптерлер бәрімізге бала кезімізден таныс. Ал нүктелі дәптерлер – бұл бір жаңа нәрсе екен! Райдер Кэрролл қойын дәптерді жүргізудің жаңашыл тәсілін ойлап тапқан – бір жапырақ қағазда да емес, әрі үлкен ыңғайсыз органайзерлерде де емес. Кітап негізгі қағидаттарды бере отырып, есепке алу жүйесінің арқасында сіз қандай істердің басқаларына қарағанда анағұрлым маңыздырақ екенін көріп, ненің орындалып қойылғанын, сондай-ақ не нәрсенің келесі күнге қалдырылғанын қадағалап отыра аласыз. Ең бастысы – басты босату: буллет джорналдың ішінде тапсырмаларды тізіп қана жазбайды, сонымен қатар қызықты ойларды да түртіп отырады, фильмдер мен кітаптардың есебі жүргізіледі, әрі сурет салу және алдағы жылдарға арналған жоспарларды да құруға болады.

«Чек-лист: Қателіктердің алдын алудың жүйесі», Атул Гаванде

Автор тапсырмалар тізімін дұрыс жазу, оларды жоспарлау кезінде қалайша қолдану керектігі, әрі жұмыстағы күрделі міндеттерді чек-листтің көмегімен шешудің жолдары туралы әңгімелейді. Мәселен, жобаларды тапсырған кезде чек-лист әлсіз және ұтылысты жақтарды анықтауға көмектесе алады.

«Жұмыста және өмірде бәріне қалай үлгеруге болады. 50 қарапайым ереже», Ирина Корчагина

Тәжірибеші психолог зорығу мен шаршамау мақсатында, сонымен бірге прокрастинацияда қалып қоймас үшін өз күшіңіз бен уақытыңызды бөліп қоюдың тәсілін паш етеді. Ол күніңіздің толыққанды көрінісін білу үшін барлық, тіпті, ең ұсақ дейтін әрекеттерді есепке алудың маңыздылығын атап көрсетеді. Корчагина тайм-менеджменттің ережелерін тізіп, оның әрқайсысынан кейін материалды бекітуге арналған сынақтар, жаттығулар, үй тапсырмаларын көрсеткен.

«Өнімділігіңізді арттырудың жолы», Harvard Business Review

Бұл мотивациядан бастап демалыстың концентрациясына дейінгі тақырыптарға арналған, әрі алты тарауға бөлінген 34 мақаладан тұратын жинақ. Олар фокусты ұстап тұру, тиімді тайм-менеджментті құру, мотивацияны анықтау, прокрастинацияға берілуді тыю және жұмыс істеуді бастаудың әдіс-тәсілдері турасында болып отыр.

«Мен ешнәрсеге үлгермеймін! Өміріңізге аудит жүргізу және басымдықтарды анықтау», Ольга Баранова, Елена Погодичева

Бизнес-жаттықтырушылар өз кітабында ғылыми деректер мен семинарларына атсалысқан қатысушыларының практикалық тәжірибесіне сүйенген. Нақты, айқын, шын мәнінде: өзіңіздің өміріңізге көзқарасыңызды қайта қарап шығыңыз, артық дүниелерді алып тастаңыз, қажетсіз істерден бас тартқаныңыз жөн. Бұл әсіресе шешім қабылдауда іркіліп қалып, нәтижеге қол жеткізе алмай жүрген адамдарға өте жақсы көмектеседі.

«Таймхакинг. Ғылым бізге бәрін де уақытында жасауға қалай көмектеседі», Дэниел Пинк

Бұл автор да кітабын ғылыми деректерге сүйене отырып жазған – дегенмен ол жарық күннің, адам ағзасы жұмысының мәселелерін көтеріп, өнімділігіңіздің қай уақытта төмен келетінін, сондай-ақ ең бір күрделі жұмыстарды оңайлықпен орындау мақсатында оларды қай кезеңге жоспарлағаныңыз дұрыс екенін анықтауға көмектеседі.

Уақытты басқару — бұл жай дағды ғана емес: дұрыс тайм-менеджмент өнімділікті арттыра түсуге, күйзеліс деңгейін төмендету мен өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға септігін тигізеді. Өзіңізге тайм-менеджмент бойынша қолайлы кітапты таңдаңыз да, әрі уақытыңызды бүгіннің өзінде-ақ тиімді басқара бастаңыз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]