Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болады
Жеке өмір мен күнделікті жұмыс Инь және Ян іспетті мінсіз теңгерімге өте сирек жететіні рас. Менің айналамдағы — достарым, таныстарым, әріптестерім, яғни, адамдардың көбі эмоциялардың ауытқуына тап болады: олар барлық жерде үлгеремін деп тепе-теңдігін жоғалтып алады да, бұл шаршау, күйзеліс және басқа күрделі түйткілдерге әкеліп соқтырады. Кейбіреулер осы жайт туралы ашық айтып отырса, басқалары мұны аман-есендік «қасбетінің» артында жасырады.
Мен мынадай сұраққа жауап іздей бастадым: сонда фильмдер мен блогтарда сөз етілетін сол бір үйлесімділікке қалай қол жеткізуге болады? Қазіргі заманғы технологиялар біршама уақытымызды босатып берді, дегенмен жұмысты жеке өмірден бөліп қарау дағдысының болмауы мазасыздық, ұйқысыздық және мотивацияны жоғалтуға апарады.
Осы мәселенің басын ашу үшін мен кәсіпқой мамандардың көмегіне жүгіндім, олар: медицина қызметкерлері, HR-мамандары және өз өмірін түбегейлі өзгерткен адамдар. Бұл сарапшылар (олардың қалауы бойынша есімдерін жасырын қалдырамын) жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңгерімді іздеп табуға және талқандаушы салдардан аулақ болуға көмектесетін тәжірибелері және машықтарымен бөлісті.
Тимур есімді психотерапевт көптеген адамдармен және олардың сан алуан түйткілдерімен жұмыс істеудің мол тәжірибесіне ие. Менің сұрағыма ол былай деп жауап қатты:
«Әрбір адамның өміріндегі хаостың негізгі себебі – бұл тәуелділік, құмарлық болып келеді. Баршамыз да табиғатымыздан өте құмар жандармыз, әрі бұл әрқайсымызда әрқалай байқалады. Жұмыс та адамдардың дені үшін құмарлық болып саналады, тіпті, фанатизмге дейін жететін жағдайлар да кездеседі. Сондықтан арамызда мансапқұмарлар мен еңбекқорлар жиі кездесіп отыратыны хақ. Егер өмірде тепе-теңдік болмаса, онда міндетті түрде шаршау орын алатыны сөзсіз».
Мен өзімді ешқашан еңбекқор деп санамадым, әрі work-life теңгерімін де таппай қойдым. Кей кездері жұмысқа жан-тәніммен кірісетінім сонша, тіпті, үш жыл бойы кезекті демалысымды алмаған екенмін, ал жақында эмоционалды шаршауға тап болып, содан кейін жарты жылдай жұмыссыз жүрдім. Тимур қандай да бір хоббиді тауып алуға және спортпен шұғылданып бастауға кеңес береді, әрі жұмыстан бөлек, жаңа жетістіктерге қол жеткізуге болатындай іске көңіл аударуды ұсынады.
Қарлығаш – IT саласындағы ең мықты хэдхантерлердің бірі болып келеді. Менің сауалыма ол былай деп жауап қайтарды:
«Тәртіп болмайынша, ешқандай тепе-теңдік болуы мүмкін емес. Жұмыста бұл тайм-менеджмент деп аталады. Тәулікте 24 сағат болса, сондай-ақ оның 8 сағаты ұйқыға жұмсалса, қалған үштен екі бөлігі жұмыс пен жеке шаруаларға тең бөлінуі керек. Жеке істерді жоспарлау мақсатында смартфоныңыздағы күнтізбе қосымшасын пайдаланыңыз – сонда сіз бос уақытыңыздың пайда болғанына шынымен де таң қаласыз».
Егер сіздің өміріңізде бейберекеттілік белең алса, және де сіз жұмыста да, жеке шаруаларыңыз бойынша да үлгере алмай жүрсеңіз, көптеген нәрселерді ұмытып жатсаңыз, сондай-ақ мәселен, шетелдік төлқұжатыңыздың мерзімі қашан аяқталатыны есіңізде болмаса, онда күнтізбені пайдаланыңыз, соның ішінде оны бір жыл бұрын кезекті демалысыңызды жоспарлау үшін де қолданғаныңыз абзал.
Кезінде ермек ісіңіз болған жаңа дағдыларыңыз уақыт өте келе негізгі мамандығыңызға айналуы әбден мүмкін, бұл жеке өміріңіз үшін көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Осылайша, мәселен, менің құрбым аудармашыдан сынамашы мамандығына ауысқан еді, ал басқа құрбым – маркетинг бөліміне кетті. Екеуінде де бос уақыттың пайда болғаны рас.
Айналамдағы адамдармен сөйлесе келе, мен жұмыс пен жеке өмір арасында мінсіз теңгерімнің ешкімде жоқ екендігін түсіндім. Алайда оған мүмкіндігінше жақындау әбден болады. Жеке өзім үшін келесідей ережелерді шығардым:
- Жұмыс күндері мен демалыс кезінде нақты күн тәртібін ұстану. Пайдалы құрал – күнтізбе. Барлық істеріңіз бен міндеттеріңізді қосымшаға енгізуді әдетке айналдырыңыз.
- Қашықтан жұмыс істегенде жұмыс тәртібін сақтаңыз. Қашықтан жұмыс істеу – бұл демалыс күні емес, мұнда міндеттерді орындау және жобаларды уақытында тапсыру үшін өзіндік тәртіпке ие болған маңызды. Осы тұста бірінші ереже, әсіресе, қашықтан жұмыс істеген күндері ерекше пайдалы болмақ.
- Спорт және/немесе хоббимен айналысуды тұрақты нәрсеге айналдырыңыз. Жұмыс күніне дейін немесе одан кейін және демалыс күндері сіздің хобби немесе спортқа арналған уақытыңыз болуы керек. Мен үшін кешкісін жүгіруге шығу – миымды таза ауада «серуендетудің» және өз-өзіммен оңаша қалудың керемет тәсілі.
- Демалыс күні демала білу. Осы уақытта көңілді жұмыстан мүлдем басқа нәрселерге бөлу қажет. Егер адамзат тағдыры сізге байланысты болмаса, онда демалыс күндері, мерекелерде және кезекті демалыста жұмыс туралы ойлағанды тоқтатыңыз.
- Отбасыңыз және достарыңызбен уақыт өткізіңіз. Өміріңіздегі адамдарға уақыт бөлуге тырысқаныңыз абзал. Туған-туыстарыңызбен кешкі ас немесе достарыңызбен түскі ас ішу – олардың қал-жағдайын білуге тамаша себеп.
Күн кестесін немесе ережелер жинағын құрып көріңіз және оны ұстанып жүріңіз. Бұл қолыңыздан келеді және сіз жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке жетесіз деген үміттемін.