Жұмыстағы шаршағандық: «жанып кеткен сіріңкеге» айналмаудың жолы қандай
Оятқыш шырылдап тұр, ал сіз төсегіңізден тұру үшін қандай да бір салмақты себепті сезбейтініңіз секілді жағдай таныс па? Жұмыстағы міндеттер ашуыңызды келтіріп, әріптестеріңіз болса, зығырданыңызды қайнатады, ал кофе – тіпті, мүлдем көмектеспей қалды ма? Құттықтаймыз, сіз эмоциялық шаршау жолымен келе жатырсыз! Дегенмен дүрбелеңге салынуға асықпағаныңыз абзал. Лайқос шаршағандықтың белгілерін дер кезінде айырып танудың, оған қарсы төтеп беру және ең маңыздысы, жағдайды шарықтау шегіне дейін жеткізбеудің әдіс-тәсілдерін біліп алды.
Жұмыстағы шаршағандық дегеніміз не
Жұмыстағы шаршағандық – бұл шамадан тыс күйзелудің салдарынан туындаған физикалық, эмоциялық және ақыл-ой тұрғысынан «сарқылу». Оның серіктері – жұмысқа деген қызығушылықтың жоғалуы, өнімділіктің төмендеуі және кейде, тіпті, дәрменсіздік сезімі. Көз алдыңызға жарқырап жанып тұрған шамды елестетіп көріңізші, алайда ол шамнан тек қана құрым қалып отыр. Міне, жұмысында тым артық күш жұмсап, әрі өзі туралы ұмытқан адам дәл осындай кейіпте көрінеді.
Неліктен шаршағандық пайда болады
- Бітпейтін күйзеліс. Қатаң дедлайндар, тапсырмалардың ұдайы өзгеріп отыруы, сағат 22:00 келіп түсетін қоңыраулар – осының барлығы да жүйке жүйесін тоздырады.
- Артық жұмыс істеу. «Демалыс күндер» мен «кезекті демалыс» сөздерінің дақпырт ретінде елестейтін жағдайда.
- Мотивацияның жоқтығы. Бұлдыр мақсаттар, қадірлеушіліктің жоқтығы мен қолдайтын атмосфераның болмауы жұмысты өз мағынасынан айырады.
Шаршаудың белгілері
- Созылмалы шаршағандық. Тіпті, сегіз сағат бойы ұйықтағаннан кейін де тағы бір аптадай ұйықтағыңыз келген кезде.
- Пессимизм. Айналадағы нәрселердің бәрі де мәнсіз болып көрінгенде, ал болашақ туралы армандар бүгінгі күнді еңсеру жайындағы ойлармен алмастырылғанда.
- Денсаулыққа байланысты түйткілдер. Бас ауруы, ұйқының бұзылуы, әлсіреп қалу. Бұл жай ғана «суық тиген» емес.
- Өнімділіктің төмендеуі. Осыған дейін 20 минут уақытыңызды алатын тапсырмаға үш сағатыңызды жұмсайсыз.
- Эмоциялық қашықтық. Жұмыста құлаққапты тағып алып, барлық адамдардан жасырынғыңыз келеді, ал үйде – әшейін жату мен үндемеуді қалайсыз.
Шаршағандықты қалай жеңуге болады
- Қолдау сұраңыз. Басшылық немесе әріптестеріңізбен сөйлесуден қорықпаңыз. Міндеттеріңіздің шамадан тыс көп екендігін мойындау – бұл қалыпты жайт. Бәлкім, бастығыңыз сізге дэй-офф берер немесе міндеттерді әріптестер арасында қайта үлестіретін де шығар.
- Демалысты жоспарлаңыз. Үзілістер – мәртебе емес, қажеттілік. Дәл қазір өзіңіз үшін шағын демалысты жоспарлап қойыңыз немесе ең болмағанда гаджеттерсіз бір кешті өткізіңіз.
- Көңіліңізді басқа нәрселерге бөліңіз. Хобби, спорт, серуендер – жұмыс туралы ұмытуға көмектесетін барлық жайттар күшіңізді қалпына келтіруге септігін тигізе алады.
- «Жоқ» деп айтуды үйреніңіз. Кей кездері өтінішті қабыл алмау толып жатқан міндеттер ішінде «батып кетуден» әлдеқайда артығырақ.
- Психолог немесе коуч. Мамандар жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатынын анықтауға көмектеседі.
Шаршаудың алдын алу
- Тепе-теңдікті сақтап отырыңыз. Жұмыс істеңіз, алайда өзіңіз туралы ұмытпағаныңыз абзал. Өміріңіз – бұл тек қана кеңсе емес.
- Өкілеттік беруді үйреніңіз. Супермен болуға тырыспаңыз – тіпті, олар да демалады және көмекке шақыруды біледі. Өкілеттік беру – әлсіздіктің белгісі емес, бұл сауатты жоспарлаудың нышаны.
- Ұсақ-түйек нәрселерден қуана біліңіз. Әрбір күніңіз кішігірім мерекеге айналсын: дәмді түскі ас, саябақтағы серуен, сүйікті сериал.
- Кезекті демалыс туралы ұмытпаңыз. Бұл тек демалатын уақыт қана емес, сонымен бірге шабытыңызды қалпына келтірудің амалы.
- Өз жағдайыңызды тұрақты түрде бағалап отырыңыз. Мына бір жайтты қаперіңізден шығармаңыз: денсаулық әркез жұмыстан гөрі маңыздырақ. Жұмыс әрдайым болады, ал денсаулықты қалпына келтіру әрқашан мүмкін бола бермейді.
Қорытынды
Шаршау – бұл ағзаңыз бен ақыл-парасатыңыздың «тоқта» деп айқайлап тұрған белгісі. Оларға құлақ асып, өзіңіз үшін уақыт тауып, мынаны ұмытпағайсыз: сіздің денсаулығыңыз – сіздің ең маңызды жұмысыңыз. Өзіңізді күтіңіз, әрі өміріңіз дедлайндарға ғана емес, сондай-ақ бақытты сәттерге де толы болсын.