Мінсіз кездесуге арналған идеялар мен кеңестер: ұмытылмас кешті өткізудің жолы қандай - Лайқос

Алғашқы кездесуде өзіңді қалай ұстау керек: мінсіз кешке арналған үздік идеялар мен кеңестер

Мінсіз кездесу – бұл жай ғана жолығу емес, бұл нағыз өнер, әрі ол ұсақ-түйек нәрселерге мұқият болу мен дұрыс көңіл-күймен баруды талап етеді. Жұбыңызбен қарым-қатынастың қандай деңгейінде болғаныңызға қарамастан, жүздесу ұзақ уақытқа есте қалуы үшін оны қалай өткізу керектігін білу әркез маңызды. Лайқос алғашқы кездесудің әдемі қарым-қатынастардың бастауына айналуы үшін оның барысында өзіңді қалай ұстау керектігі туралы кеңестерді ұсынады.

Кездесуге дайындық

Мінсіз кездесуге дайындық сол жолығудан әлдеқайда бұрынырақ басталатыны сөзсіз. Жоспарлау – табысқа жетудің негізгі кілті, әсіресе бұл алғашқы кездесу жағдайында өте өзекті. Осы тұста әрбір жайтты егжей-тегжейлі ойластырғаныңыз абзал: бұл кездесетін орыннан бастап лайықты киім мен әңгіме үшін тақырыптарға дейін қамтиды.

Жоспарлау

Бірінші кезекте кездесетін орынды таңдаймыз. Оңтайлы нұсқалар – оңай сөйлесуге болатын жерлер: жайлы кофехана, мәдени іс-шара немесе саябақ ішіндегі серуен. Ыңғайсыз жағдайға тап болмас үшін серігіңіздің қызығушылықтарын ескергеніңіз жөн.

Дайындық бойынша кеңестер

  1. Баратын жеріңіздегі үстелге немесе билеттерге алдын ала тапсырыс беріңіз.
  2. Егер ТЖ бола қалса, қосымша жоспар туралы ойланыңыз. Мәселен, ауа райы бұзылса, не істейсіз? Немесе фильм көрсетілмейтін болса ше?
  3. Баратын жеріңізге лайықты киімді таңдағаныңыз абзал, әрі оның ыңғайлы екендігіне көз жеткізіңіз.

Кездесуге арналған идеялар

Мінсіз кездесу әртүрлі болуы мүмкін, бұл жұптың қалауына байланысты болып келеді. Кештің естен кетпестей болуы үшін септігін тигізетін бірнеше идеяны ұсынамыз:

Мұражай немесе көрмеде жүздесу

Бұл уақыт өткізудің тамаша тәсілі, әсіресе сіздерді өнерге деген қызығушылық біріктірген жағдайда. Мұндай кездесу екеуіңізді мәдени тұрғыдан байтып қана қоймай, сонымен бірге талқылау үшін көптеген тақырыптарды ұсынбақшы. Айта кетсек, бұл жайт кинотеатрларға да қатысты айтылған: егер сіз үшін сөйлесе бастау қиынға соқса, онда фильм үлкен экран алдында бірге өткізген бірнеше сағаттан кейін әңгімелесудің керемет бастауына айнала алады.

Белгісіз бағытта серуендеу

Бастан өткен қызықты оқиға адамдарды біріктіретіні айқын. Қаланың жаңа, сіздер үшін белгісіз жерлерінде қыдырып көріңіз – бұл қызықты зерттеуге айналуы әбден мүмкін.

Табиғат аясындағы пикник

Ешқашан ескірмейтін нағыз классика. Өзіңізбен бірге жамылғы мен сүйікті дәмтатымдарыңыз салынған себетті алып, табиғат аясындағы жайлы бір орынды таңдаңыз да, бір-біріңізбен әңгімелесуден рахат алыңыз. Назар аударыңыз: бұл жерде күтпеген кедергілер болуы мүмкін. Көктем мен жас мезгілдерінде репелленттер туралы ұмытпаған жөн, ауа райы болжамын алдын ала анықтап алған абзал, ал күзде жылы заттар қажет болатыны шүбәсіз.

Керамика немесе сурет салу бойынша бірлескен сабақ

Шығармашылықпен айналысу – бұл көңілді көтеретін іс қана емес, сондай-ақ романтикалық дүние. Сіз қандай да бір нәрсені өз қолыңызбен жасай аласыз, ал кейіннен бұл сізге бірге өткізген уақытты еске салатын болады. Бүгінде Алматыда бір-екі сағатты жайлы атмосферада өткізуге, оның үстіне кофе мен тәттілерді ұсынатын көптеген студиялар пайда болған.

Кездесуде өзіңді қалай ұстаған жөн

Алғашқы кездесу кезінде өзіңізді барынша табиғи және сенімді ұстаңыз, өйткені мақсат – бір-біріңізді жақсырақ білу және араласу барысында жайлылықты сезіну болып келеді. Алғашқы кездесу сәтті өтуі үшін өзіңізді қалай ұстау керек туралы мынадай бірнеше ұсынымды береміз:

Табиғилық серігіңіз болсын

Біреуге еліктеп, өзіңіз туралы жалған пікір қалыптастырудан аулақ болғаныңыз абзал. Табиғилық – серігіңізге ұнаудың ең жақсы әдісі. Егер бұл іске аспай қалса, онда екінші мүмкіндік бергеніңіз дұрыс немесе, бәлкім, сізге жарасымды біреуді іздеуді жалғастырғаныңыз жөн болар.

Тыңдаңыз және сұрақтарыңызды қойыңыз

Әңгімелесушінің ойы мен сезіміне қызығушылық танытыңыз, сұрақтарды қойыңыз, адамды жақсырақ білуге тырысыңыз. Кездесу бойына тек өзіңіз туралы ғана әңгіме айтудан аулақ болыңыз, бұл бездіріп жіберуі бек мүмкін.

Позитивті болыңыз

Негативті тақырыптарды талқылауға тырыспағаныңыз абзал. Жеңілдік пен позитив жағымды атмосфераны қалыптастырып, кештен жақсы әсер қалдыруға көмегін тигізетіні сөзсіз.

Оқиғаларды асықтырмаңыз

Егер сіз әңгіменің жарасымды екендігін сезінсеңіз, кездесуді аяқтауға асықпағаныңыз жөн. Алайда серіктесіңізден шаршағандық белгілерін байқасаңыз, әңгімелесуді келесі жолы жалғастыруға ұсыныс жасаңыз.

Кездесу – бұл уақытты бірге өткізу мен қарым-қатынастарды нығайта түсудің бірегей мүмкіндігі. Ұсынылған идеяларды пайдалана отырып, сіз жағымды естеліктерді қалдыра алатын мінсіз кездесуді ұйымдастыра аласыз. Эксперимент жасау мен уақытты бірге өткізудің жаңа тәсілдерін байқап көруден қорықпаңыз. Сіздің кездесулеріңіз қарым-қатынас қуанышы мен жылулыққа толы болсын.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]