
Бостон некесі: секссіз қарым-қатынастың артықшылықтары мен кемшіліктері
Күллі әлем бойынша адамдар көбіне-көп тұрмыспен, қолдау және құндылықтарымен бөлісе отырып, бірге өмір сүруді таңдайды. Мұндай формат «Бостондық неке» атауына ие болған. Бұл дегеніміз не – саналы таңдау ма, дәстүрлі отбасының баламасы ма, әлде жай ғана достықтың жаңа пішіні ме? Лайқос жауап береді.
Бостондық неке дегеніміз не
Жалпы «бостондық неке» термині сонау XIX ғасырда пайда болған және бірге тұрған, үй шаруасын ортақ жүргізген әрі бірін-бірі қаржылық пен эмоциялық тұрғыдан қолдаған екі әйелдің одағын білдіретін еді. Ер адамның қатысуынсыз.
Сол кезде мұндай қарым-қатынастар көбінесе әйел тәуелсіздігі ретінде қарастырылған: әйелдер тұрмысқа шықпай, күйеуіне тәуелді болмай, өз бетінше өмір сүре алатын.
Бүгінгі таңда бұл термин қайта жанданып келеді, дегенмен ол мүлдем басқа мәнмәтінге ие болып отыр. Қазіргі заманғы «бостондық некелер» романтикалық немесе жыныстық қатынастарға түспей-ақ, бірге өмір сүру мен бірін-бірі қолдауды саналы түрде таңдайтын кез келген адамдардың (тек әйелдер ғана емес) арасында болуы мүмкін.
Неліктен бұл трендке айналып отыр
Жас буын барған сайын некенің дәстүрлі үлгісіне жиі күмән келтіреді. Адамдар отбасының олар үшін нені білдіретінін қайта қарастыратын болған: барлығы бірдей балалы болуды қаламайды немесе классикалық неке баршаға бірдей жайлы болып келмейді. Бостондық неке жақындықтың басқа бір формуласын ұсынып отыр – эмоциялық, достық және тұрақтылық тұрғысындағы жақындық. Жалғызбастылық өсіп келе жатқан, ал әлеуметтік байланыстар анағұрлым әлсіз бола бастаған әлемде «жұп ретінде емес, алайда бірге болу» идеясы адамдардың көбі үшін оңтайлы шешім болып көрінеді.
Сонымен бірге тұрғын үйлерді жалға беру бағасының өсуі және жалпы тұрмысқа жұмсалатын шығынның артуымен бірге бостондық неке көбінесе экономикалық жағынан да тиімді нәрсеге айналып отыр: бұл ресурстарды біріктіре отырып, шығынды бөлу және сонымен қатар жеке шекараларды сақтаудың тәсілі.
Бостондық некенің артықшылықтары
- Эмоциялық тұрақтылық. Сіздің қасыңызда болатын адамыңыз бар – романтикалық драмалар мен бос үміттер жоқ.
- Қаржылық тиімділік. Ортақ тұрғын үй, шығын мен тұрмыс екі адам арасында бөлінеді.
- Қолдау мен қамқорлық. Адамдар, тіпті, ресми некесіз-ақ, өздерін отбасының бір бөлшегі ретінде сезінеді.
- Таптаурындардан арылу. Қарым-қатынастарды «қажет» деген тұрғыдан емес, өзіңізге ыңғайлы етіп құруға болады.
Кемшіліктері мен тосқауылдары
- Форматтың тұрлаусыздығы. Қарым-қатынастар – бұл махаббат па, әлде достық па, серіктестік пе, әлде әшейін бірге тұрушылық па, яғни, түсініксіз болғанда, эмоциялық қарама-қайшылықтар пайда болуы ықтимал: біреу талай нәрсені күтіп отырғанда, басқасы тек жайлылықты қалайды.
- Заңи қорғаныштың жоқтығы. Мұндай одақтардың ресми мәртебесі жоқ. Өлім немесе айырылысу болған жағдайда серіктестің біреуі мүлікке деген құқықсыз және әлеуметтік кепілдіктерсіз қалуы мүмкін.
- Психологиялық қауіптер. Романтикасыз және физикалық жақындықсыз өмір сүру баршаға бірдей жарамды бола бермейді – уақыт өте келе бұл мағынасыздық пен жалғыздық сезімдеріне әкеліп соқтыра алады.
Психологтар не дейді
Заманауи психотерапевттер бостондық неке – бұл жаңа шынайылықтың көрінісі деп санайды, әрі бұл жерде адамдар құштарлықты емес, сенімділікті іздейді. Алайда мамандар былай деп ескертеді: мұндай қарым-қатынастар адалдық пен есейгендікті талап етеді. Барлық үміттеріңізді – тұрмыстық нәрселерден бастап эмоциялық жайттарға дейін алдын ала талқылап алғаныңыз маңызды. Онсыз, тіпті, ең тату байланыс жанға батыра аяқталуы мүмкін.
Қорытынды
Әлем өзгеріп отырады, әрі біздің отбасы, махаббат пен достық турасындағы түсініктеріміз де онымен бірге өзгеріп келеді. Бостондық неке кез келген басқа қарым-қатынастардан тек бір маңызды қырымен ғана ерекшеленбейді – бұл құрметтеу, сенім білдіру және диалогқа дайын болу.