Жыныстық қатынасты мүлдем қаламаған кезде не істеуге болады?
немесе Гиполибидемия дегеніміз не?
Секс – салауатты қатынастың ажырамас бөлігі. «Жүйедегі» жаңылыстар баршамызда да болып жатады. Алайда жыныстық қатынасқа деген ынта мүлдем өшіп қалған жағдайда немесе айтарлықтай төмендеген кезде не істеу керек? Медицинада мұны гиполибидемия деп атайды – бұл жыныстық өмірге деген құштарлықтың жоғалуы, сезімталдық шегінің төмендігі, қозуға байланысты түйткілдер мен аноргазмия (оргазмдардың болмауы). Осы және басқа да сауалдарды талдауға On Clinic халықаралық медицина орталығының уролог-андролог дәрігері, сексолог маманы Фахрудин Сүлейманов және сексолог-жаттықтырушы, «Syr Bilim» YouTube-арнасының авторы Әнел Нұржаубаева көмектесті.
«ДАБЫЛ ҚАҒУДЫ» ҚАШАН БАСТАУ КЕРЕК?
Уролог мамандарының пікірінше, ер адам үшін жыныстық қатынасқа айына ең кем дегенде 1-2 рет түсу қажет. Жыныстық құмарту сезімі 2-3 ай бойына мүлдем болмаған жағдайда – бұл жалпы жағдаяттың себептерін анықтау үшін маңызды түрткі болып саналады. Бұл жердегі бірыңғай жайттың мысалы ретінде – интимдік жақындықтан саналы түрде бас тартатын діндар адамдарды келтіруге болады.
Әйелдерде интимдік жақындыққа деген құлшыныс пен сексуалдық белсенділік оның жеке темпераментіне, жұп ішіндегі эмоционалдық қарым-қатынастың сапасына аса тәуелді болып келеді. Егер соңғысы оның көңілінен шықпаса, егер ол ренжулі болса, онда әйел жыныстық қатынастардан қашқақтайды. Мұндай жағдайларда жылдар бойы түйткілмен бетпе-бет әрі жалғыз қалудан аулақ болған өте маңызды, әрі сексолог маманына, сол секілді психотерапевттің көмегіне де (бұл нақты жағдайға байланысты) жүгінген абзал. Әйел осы түйткілді «өзінің ішінде» неғұрлым ұзақ уақыт сақтап жүре берсе, ол туралы ешкімге де тіс жармаса, интимдік тұрғыдағы сауалдарына байланысты біреудің көмегіне жүгінуге қымсынып жүрсе, бұл мәселені шешу соғұрлым қиынырақ болады.
«Әйел үшін ең маңыздысы – мәселенің бар екендігі мен оны шешуге болатындығын түсіну, әрі мойындау болып келеді. Содан кейін – либидоның дәл қай уақытта, қай айда әлсірегенін анықтау қажет, осыған өміріндегі қандай оқиғалар себеп болғандығын, оның эмоциялық күйінде, әдеттерінде, және де өмір салтында қандай өзгерістердің болғандығын егжей-тегжейлі қарастырып, еске түсіруі керек. Стрестік жағдайлар – гормонды жаңылыстарға жиі әкеліп соқтыратын «себепшілер» болып саналады», – дейді сексолог Әнел Нұржаубаева.
БҰЛ НЕЛІКТЕН БОЛЫП ЖАТАДЫ?
Жыныстық құмарту сезімінің төмендеуінің екі негізгі себебі бар.
Психологиялық: жұмыстағы стрестік жағдайлар, жабырқаңқы эмоционалдық күй, күйзелістер, отбасыдағы кикілжіңдер және жұп арасындағы шиеленіскен қарым-қатынас.
Органикалық: жыныстық инфекцияларға әкеліп соқтыруы мүмкін кіші жамбас мүшелеріндегі қабыну үдерістері, ер адамдарда – қуық түбі безінің созылмалы қабынуы, гормонды жаңылыстар, әйелдерде, сол секілді ер адамдарда да болатын эндокриндік дерттер. Ер жыныстылардың либидосына жүрек аурулары, қан айналымының бұзылуы да әсер етеді.
Сонымен бірге бүгінде адамдардың көбі стрестік жағдайда өмір сүріп жатады да, әрі нейролептикалық дәрілер, антидепрессанттар, жайбарақаттандыратын заттарға тәуелді бола бастайды, олар аса үлкен жылдамдықпен осы бір құштарлықты басады. Осындай медициналық тағайындауларға қатысты әрдайым мұқият болған және қауіптерді дұрыс бағалаған абзал.
«ВИАГРА» – ЕР АДАМДАРДЫ ҚҰТҚАРА АЛА МА?
Силденафил негізіндегі дәрі-дәрмектер эрекцияны айтарлықтай арттыра түседі, дегенмен либидоның төмендеуіне байланысты түйткілді шешуде тіптен жарамсыз болып келеді. Бұдан да уролог-сексолог маманымен «одақтасып» алып, мәселенің себебін іздеген маңыздырақ, әрі толық медициналық тексеруден өтіп, гормондарға талдауларды тапсырған дұрыс. Бұл тұста ескеруді қажет ететін мынадай маңызды бір жайт бар – мұндай препараттарды қабылдау қан қысымын жоғарылата түседі. Сондықтан күретамыр гипертониясы, жүрек аурулары кезінде олардан бас тартқан жөн. Жас ер адамдардың силденафил негізіндегі дәрі-дәрмектермен жиі жасайтын экперименттері ақыры сол препараттарға деген психологиялық тәуелділікке соқтыруы әбден мүмкін, әрі ер адам үшін енді онсыз бұрынғы құмартуды сезінуі қиынға соғатыны хақ.
ШВАРЦЕНЕГГЕРДІҢ БИЦЕПСТЕРІНЕ ЖЕТУ ЖОЛЫНДА
Уролог-андролог маманы Фахрудин Сүлеймановтың айтуынша, бицепстер туралы армандайтын, әрі ұзақ күткісі келмейтін жігіттер – либидосына нағыз қауіп төніп тұрған адамдардың бөлек бір санаты. Арнольд Шварценеггердің денесіне ұқсайтын денені қалыптастыруға деген ұмтылысында ер адамдар протеиндік қоспаларға ғана емес, сондай-ақ гормонды инъекцияларға да тәуелді бола бастайды екен. Әдетте мұндай дәрі егуді медициналық білімі жоқ және, тіпті, мөлшерлемелер нормасы жайында біле бермейтін нұсқаушылар, жаттықтырушылар тағайындап отырады. Терапияның әуел басында либидоға жауапты гормонның деңгейі оқтай зымырайды да, ер адам престегі пайда болған жаңа «текшелерге», әрі бұлшықет массасына қуанады. Алайда жалған мамандар аталмыш препараттардан арылудың тәсілдеріне үйретіп жатпайды. Гормоналды терапияны кенет тоқтату – тіпті, тәжірибелі көңілдестің атағын сәтсіздікке ұшыратады. Тестостерон либидомен бірге күрт төмен түседі, ал ең өкініштісі – адамның өз тестостероны бұрынғы сапасындағы өндірілуін тоқтатады. Егерде әдемі денеге гормоналды терапияның арқасында қол жеткізгіңіз келсе, онда эндокринологтың кабинетіне бас сұғып, кеңесін алғаныңыз жөн. Бұл тұста тек дәрігер ғана қажетті мөлшерлемені анықтап беріп, либидо мен адамның денсаулығы үшін теріс салдарды барынша төмендете отырып, гормоналды терапияны дұрыс аяқтауға көмектесе алады.
ЛИБИДО ЖӘНЕ ЖАМАН ӘДЕТТЕР
Ішімдікке салыну, есірткінің қандай да бір түрін тұтыну, наша тарту, кез келген темекі бұйымдарын шегу ер адамдардың да, сол секілді әйелдердің де либидосына әсер етеді. Тағы да бір сүрінер жер – созылмалы түрдегі ұйқының қанбауы. Күн тәртібі әсіресе әйелдер үшін өте маңызды нәрсе. Егер ол жақсы ұйықтамаса, дұрыс тамақтанбаса, спортпен шұғылданбаса, онда ол жыныстық қатынасты қаламайтын болады.
«Менің жеке дәрігерлік тәжірибемде ондаған жылдар бойы темекі тартқан, алкогольді жиі тұтынған, әрі ажырасуға дайын болған пациенттер кездесіп отырды, дегенмен олар өздерін қолға алып, спортпен айналыса бастап, тамақтану рационын қайта қарастырып, темекі мен ішімдіктен біржолата бас тартып, тіпті, «жаңадан туылғандай» іспетті жағдайлар көп болған. Ер адам спортпен шұғылдана бастаған кезде оның ағзасындағы тестостерон деңгейі арта түседі. Дәл осы жайт либидоға да әсер етеді», – деп атап көрсетті Сүлейманов.
ЗИЯНДЫ ТӨМЕНДЕТУГЕ БОЛА МА?
Қимыл-қозғалыстың нағыз өмір екендігін баршамыз да сан рет естігенбіз, алайда одан алшақ жандар, не болмаса жұмыс тәртібінің тығыздығы салдарынан қандай да бір спорт түрімен айналысуға мүмкіндік болмаған жағдайда адамдар не істей алады?
Кіші жамбас мүшелеріндегі іркілістік үдерістер – кеңселерде жұмыс істейтін қызметкерлерде жиі кездесетін түйткіл болып саналады. Осының нәтижесінде жыныстық қатынас пен интимдік жақындыққа байланысты мәселелер де туындап отырады.
«Компьютердің алдында 6-8 сағат бойы үздіксіз отыратын адамдар үшін мына бір ережені басшылыққа алуды ұсынамын: әрбір 2 сағат сайын қарапайым отырып тұру жаттығуларын жасаңыз. Осындай кем дегенде 10-15 жаттығу кіші жамбастағы қан айналымын жақсарта түседі, әрі бұл интимдік өміріңіздің сапасына оң әсер ететіні шүбәсіз. Сонымен қатар күн сайын шамамен 7-10 мың қадам жасағаныңыз абзал, және де көрсеткіштерді арнайы қосымшалардың көмегімен қадағалап жүргеніңіз тіптен жақсы болады», – деп кеңес береді доктор Сүлейманов.
СЕКСТІ ҚАЛАП ТҰРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Жұптың тексеруден өткені маңызды: екеуі де эндокринолог дәрігеріне, әйелге – сексолог, гинеколог мамандарына, ал ер адамға – уролог-сексологтың қабылдауына барып, гормондарға талдау тапсырғаны дұрыс.
· Егер талдау нәтижелері денсаулыққа байланысты түйткілдерді, гормонды жаңылыстарды анықтамаса, онда ұйқы мен демалу тәртібін қайта қарастырып, тамақтану рационын өзгертіп, спортпен айналысуды бастаған абзал. Сонымен бірге әйел үшін жүктемені бірден емес, біртіндеп, кезең-кезеңімен арттырып отырғаны маңызды.
· Ер адамдарға да, әйелдерге де Кегель жаттығуларын орындау жақсы көмектеседі, нәзік жандыларға – интимдік бұлшықеттерге арналған тренингтер мен гимнастика жасаған абзал.
· Өзара қарым-қатынастағы түйткілдер, психологиялық сипаттағы мәселелер болған жағдайда психологпен, психотерапевтпен жұмыс істеген маңызды.
· Әйел үшін өз-өзіне, өміріне, жыныстық қатынасқа деген сүйіспеншілік сезімін дамыту өте маңызды. Біздің қоғамымызда интимдік қарым-қатынастарды көбінесе ерлі-зайыптылар арасындағы ғана міндет ретінде қабылдап жатады, алайда мұндай көзқарасты өзгерткен маңызды, әрі секс – дәл әйелге арналған ләззат, сондай-ақ жұбымен жақындай түсуге көмектесетін жол екендігін ұғыну керек. Осы тұста сексолог, тәжірибелі маманның жетекшілігімен жүргізілетін тренингтер, практикалар көмектесе алады, сонымен бірге кез келген минусты плюске айналдыруға болатынын есіңізден шығармаңыз. Бұл өзіңізге деген маңызды инвестиция, әрі ол интимдік өмірге ғана емес, сонымен қатар өмірдің басқа да салаларына жағымды ықпалын тигізеді.
Аударған: Рита Сәрсенова