Өтіріктің феномені: адамдар «құтқару үшін» ғана өтірік айта ма? - Лайқос

Өтіріктің феномені: адамдар «құтқару үшін» ғана өтірік айта ма?

Бүгінде өтіріктің үйреншікті нәрсеге айналғаны соншалық, бұл, тіпті, ешкімді де таңқалдырмайтын болған. Ол жер-жерде кездеседі. Ол болмашы, «құтқару үшін» болуы мүмкін, әрі қарым-қатынастар мен жалпы қоғам үшін ауыр салдарға әкеліп соқтыруы да ықтимал. Біздің авторымыз – психолог Юлия Белянина өтіріктің феномені туралы, адамдардың неліктен өтірік айтатыны және мұның зиянын қалай төмендетуге болатыны жайлы әңгімелейді.


Өтірік категориясын зерттеудің алғашқы талдаулары XX–XXI ғғ. шетелдік ғалымдар тарапынан жүргізілген. Өтірікшілік психологиялық феномен ретінде тиянақсыз және үзінді түрінде ғана зерттелген. Өтірік феномені айтарлықтай кең, әрі бұл жайт оны сипаттау мен ғылыми негіздемені қажет ететін біртұтас психикалық құбылыс ретіндегі анықтамасын тұжырымдауды қиындата түседі. XX ғасырда ғалымдар жалған категориясының өнегелік жағын зерттеуді тоқтатады да, әрі оның формальды-динамикалық белгілерін зерттеуді дұрысырақ көреді. XXI ғасырда шетелдік мамандар когнитивті бұрмалау мен бақылау механизмін, алдаудың вербалды және бейсезімдік белгілерін сипаттаған еді. Осы тұста өтірікшінің психологиялық мінездемесі, жалған естеліктердің феномені, алдауды анықтап танудағы жауапкершіліктің рөлі, еріктік сапалар мен мінез-құлық белгілері белсенді түрде зерттеле келіп, сондай-ақ полиграфты қолдану арқылы зерттеулер өткізілген. XXI ғасырда өтірік психологиясын зерделеудің ең бір маңызды ерекшелігі естеліктерді субъективті құрылымдаудың, әрі естеліктердің жалған шынайылығы мен оқиғаны өтірік мойындамау феномендеріне негізделген оның психологиялық механизмдерін нақтылауға бағытталғандығы болып келеді.

 

Жалпы өтірік феноменін зерттеу адам табиғатын түсіну, салауатты қарым-қатынастарды қалыптастыру және қоғам ішіндегі сенімді сақтау мақсатындағы негізгі мәнге ие болып отыр. Жалғанды айырып тану, оның себептері мен салдарын түсіну қабілеті адамдарға адалдық, сенім және өзара сыйластыққа негізделген анағұрлым эмоционалды және зияткерлік тұрғысынан толысқан қоғамды құруға көмегін тигізеді.

 

ӨТІРІК ПСИХОЛОГИЯСЫ

Көбінесе өтірік ішкі жанжалдарға реакция, жазадан немесе әлденеден айырылып қалудан қорқыныш сезімі, өз беделіңді сақтап қалуға деген ұмтылыс ретінде пайда болады, дегенмен бүгінгі таңда өтірікті қолданудың басты себебі – қандай да бір пайда алу болып саналады. Алдаудың психологиялық механизмдері кінәлік сезімдерді басу, оңтайландыру және мойындамау секілді жайттарды қамти алады.

 

Эволюциялық көріністегі өтірік тірі қалудың бейімделімді стратегиясы ретінде қарастырыла алады. Кейбір жағдайларда алдау тірі қалу және көбеюді қамтамасыз ету тұрғысынан пайдалы болуы әбден мүмкін, мәселен, бұл белгілі бір қауіптен қорғану немесе ресурстар үшін бәсекелестік кезінде тиімді. Осылайша өтірік айтуды дұрыс деп табу біздің биологиялық тұқымқуалаушылық және эволюциялық шарттарға байланысты болып келеді.

 

Адамдар алуан түрлі себептерге қатысты өтірік айтуы мүмкін, соның ішінде өзін-өзі немесе басқаларды қандай да бір жайсыздықтардан қорғау, жеке мақсаттарға қол жеткізу, басқалар тарапынан қалаулы реакцияны тудыруға ұмтылу (манипуляция), әлеуметтік мәртебені сақтап қалу немесе жанжалдардан аулақ болу секілді жайттар кездеседі.

 

МҰНДАҒЫ СЕБЕП ӨЗІҢЕ СЕНБЕУШІЛІКТЕ ЖАТЫР МА?

Қорқыныш сезімі, өзін-өзі бағалау қасиетінің төмендігі және айналадағы адамдарды басқаруға деген ұмтылыс өтірік айтудың аса күшті ынталандырушысы бола алады. Адамдар өздерінің жасаған әрекеттері үшін жазадан немесе аластатылудан қауіптенуі мүмкін, сондықтан мұндай жағдайда шындықты жасыруға тырысады. Сонымен бірге өзін-өзі бағалау деңгейінің төмендігі де өзінің әлдеқайда тартымды көрінетін немесе өзгелердің үміттеріне сай келетін ойдан шығарылған бейнесін жасауға септігін тигізуі ықтимал. Сондай-ақ жағдайды бақылауда ұстауға деген талпыныс та айналадағы адамдарды манипуляциялаудың тәсілі ретінде өтірікті қолдануға әкелуі мүмкін.

 

ӨТІРІК АРТЫ НЕГЕ АПАРАДЫ?

Жалған сөздер өтірікшінің өзін психологиялық тұрғыдан күрделі салдарға соқтыра алады, соның ішінде кінәлік сезім, әшкереленіп қалу алдындағы қорқыныш, күйзеліс пен тынышсыздық бар. Жалған шынайылықты қолдау ұдайы ынта қою мен менталды күш салуды талап етеді, әрі бұл психикалық денсаулықтың нашарлауына, ұйқының жоғалуы мен ақыр соңында жалпы физикалық денсаулықтың нашарлауына апаруы әбден мүмкін.

 

Қарым-қатынастардағы өтірік адамдар арасындағы сенімділікті бұзады және байланыстарда тосқауылдарды тудырады. Тараптардың бірі өтірік айтылғанды айқындаған кезде бұл көңілдің қалуын, реніш немесе, тіпті, сатқындық сезімін тудыруы бек мүмкін, осылайша қарым-қатынастар одан әрі нашарлай түседі.

 

Жаһандық тұрғыдан қарастыратын болсақ, сенімділік пен адалдықты қолдау салауатты және тұрақты қоғамдық қарым-қатынастардың негізі болып келеді, сондықтан өтірік жария емес әлеуметтік келісімдерді бұзу ретінде қарастырылуы бек мүмкін.

 

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Өтіріктің айтылғанын бейсезімдік белгілерді бақылап отыру арқылы әшкерелеуге болады. Жеке тұлғаның ниетіне қарамастан, оның денесі жалғанды жасыра алмайды және оны мойындамайды екен. Өтірік адам денесі үшін табиғи нәрсе емес. Сондықтан алдаушыны, ең алдымен, оның өз денесі әшкерелейді. Егер алдыңызда тұрған адам әңгіме барысында мұрнын, құлағын ұстаса, иығын екі жаққа теңселтіп, не болмаса басын шайқап тұрса («иә» деп айтқан кезінде мойындамағандай, басын шайқаса, әлде керісінше жасаған жағдайда), демек бұл мезетте адам сізді алдап тұр дегенді білдіруі мүмкін. Егер әңгіме барысында адам аузын алақанымен еріксіз жауып алса, не болмаса оның даусы бәсеңдей түссе, бұл да әңгімені айтқан адамның алдап тұрғанын растап тұруы ықтимал. Сонымен бірге жалған сөздерді айтқанда өтірікшінің беті қызаруы, алақандары терлеуі және жалпы алғанда адамның дене қызуы көтеріліп кетуі де әбден мүмкін, әрі бұл ол үшін ыңғайсыздық тудырып, қалай болғанда да оның суайт екендігі білініп қалады. Адамның денесіне қарағанда ми өтірікке үйреніп кете алады және кінәлік пен ұят сезімдерін дененің бір бөлшегінде «жасырып» қояды. Мұндағы басты түйткіл мидың аталмыш сезімдерді «жасырып» қойған дене бөлігінің ерте ме, кеш пе өз сырын ашатынында жатыр. Сондай-ақ адамның не туралы және кімге өтірік айтқанына байланысты іске қосылатын дене мүшелері де әртүрлі болуы мүмкін. Мұндай құбылыстар психосоматикалық деп аталады.

 

Қосымша сұрақтарды, сондай-ақ нақтылаушы ақпаратты, ұсақ-түйек жайттарды қолдана отырып, жалғанды әшкерелеуге болады. Алдаушы адам қанша жерден көреген болғанымен, болмашы жайттар күтпеген жерден құпиясын паш етуі мүмкін.

 

Өтірікке жүгінбеуді үйрену үшін, бірінші кезекте, эмоционалдық интеллект пен айналадағы адамдарға деген эмпатия деңгейін жоғарылату қажет. Бұл басқа адамдардың сезімдері мен себептерін әлдеқайда жақсы түсінуге көмектеседі, әрі өзгелермен араласуды жеңілдетеді және өтіріктің қажеттілігін төмендете түседі. Эмпатия өзара түсіністік пен қолдау көрсетуге негізделген терең және сенімді қарым-қатынастарды құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеке өміріңіздегі жалған сөздердің болмауы оның сапасын жоғарылатып қана қоймай, сондай-ақ ұйқының ұзақтығына, бақыт гормондарының бөлінуі мен күйзеліс гормоны – кортизолдың шығарылуын төмендетуге тікелей ықпал етеді.

 

Егер сіз өтірікті өз өміріңізден қуып шығуға ниет білдірсеңіз, онда, ең алдымен, шындықты айтуды әдетке айналдырғаныңыз қажет. Ол үшін қаншалықты жиі, кімді және қандай себептермен алдауға жүгінетініңізді талдап шығыңыз.

 

– Өтірікті айту арқылы қандай мақсатқа қол жеткізгіңіз келетіні туралы ойланып көріңіз?

– Жалған сөздерді айтпай-ақ, сол мақсатқа басқа әдіс-тәсілдермен жетуге бола ма?

– Сіз алдап жүрген адамдармен арадағы қарым-қатынастарыңызға өтірік қалай әсер етеді?

– Осы адамдармен сапа тұрғысынан басқа қарым-қатынастардың болғанын қалар ма едіңіз?

– Өтірікті айту барысында хал-жайыңыз қалай өзгереді?

– Өзіңізді басқаша сезінгіңіз келер ме еді?

– Сізге өтірікке орын табылатын өміріңіз ұнай ма?

– Егер өміріңізден жалған сөздер толығымен жойлатын болса, өміріңіз қалай өзгереді? (Сонда ол қандай болмақ?.. Сіз өзіңіз қандай боласыз?..)

 

Саналылық және адалдық өз өміріңізде де, сол секілді жалпы қоғамның ішінде де өтірікке жүргізілетін қарсы күресте жеңіске жетуде маңызды рөлді атқарады. Саналылықты дамыту өз ойларыңызға, сезімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңізге әлдеқайда мұқият болуға көмектеседі, әрі бұл тура және өнегелі шешімдерді қабылдауға септігін тигізіп отырады. Сонымен бірге айналадағы адамдармен арадағы сенімділік пен қарым-қатынастарды нығайту үшін адал және ашық байланыстарды орнатуға ұмтылған маңызды.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]