Гостинг жаңа норма ретінде: адамдар ғайып болса, психиканы қорғаудың жолы - Лайқос

Гостинг жаңа норма ретінде: адамдар ғайып болса, психиканы қорғаудың жолы

Сіз досыңызбен кездесу туралы келісесіз немесе жаңа қарым-қатынастарды құрып жатырсыз, ал кейіннен адам кенет жоғалып кетеді. Хабарламаларыңыз жауапсыз қалып, ал қоңырауларыңыз еленбейді. Неліктен мұндай жағдайлар орын алып жатады және осыған төтеп берудің жолы қандай? Лайқос гостинг жайында айтып береді.

Гостинг дегеніміз не

Гостинг – бұл алдын ала ескертпей немесе ешнәрсе түсіндірмей, адамды елемеу. Көбіне-көп бұл романтикалық қарым-қатынастарда кездеседі, дегенмен достықта, жұмыста немесе әлеуметтік желілерде де көрініс табуы бек мүмкін.

Мұны қолданатын адам тек жеке басының жайлылығын назарға ала отырып, өзінен кейін қандай эмоциялық жарақатты қалдыратынын ұғынбайды. Екінші жақта қалатын жан үшін бұл нағыз соққы іспетті сезіледі: түсінбеушілік пен алаңдаушылық өзінің кінәсін сезумен араласады.

Себептері

  • Даужанжалдан қорқу. Кейбір адамдарға қарым-қатынастар немесе араласу қызықсыз екендігін түсіндіруден гөрі кенет ғайып болған әлдеқайда жеңілірек.
  • Эмоциялық дәрменсіздік. Адам өз сезімін білдіре алмайды және өзгенің эмоциялары үшін жауапкершілікті мойындаудан қашқақтайды.
  • Психологиялық қорғаныс. Кейде гостинг – бұл күйзелістен немесе уытты қарым-қатынастардан алшауқтаудың тәсілі.
  • Онлайн-мәдениет. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер дәуірінде жоғалып кету бұрынғыдан да оңай: бұғаттап тастау немесе елемеу – мінеки, жаңа «тыныш үзілім».

Мұның психикаға әсері қандай

Психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, гостинг – бұл эмоциялық зорлық-зомбылықтың формасы. Ол өзіңізге, әрекеттеріңізге күмәндана қарауға итермелейді, әрі мынадай ой келеді: «Қай жерден қателік жасадым?» Жағдайдың түсініксіздігі алаңдаушылық пен күйзелісті тудырады, ал осындай тәжірибеден кейін адамдар үшін басқаларға сену мен жаңа қарым-қатынастарға ашылу әлдеқайда қиынырақ болатыны сөзсіз.

Зерттеулер көрсетіп отырғандай, гостинг тура физикалық ауырсыну секілді адамның миында дәл сол аймақтарды белсендіреді, әрі оның салдары жақын адаммен айырылысқандай сезіммен тең.

Психиканы қорғаудың жолы

  • Эмоцияларыңызды мойындаңыз. Реніш немесе көңіл қалу сезімін басуға тырыспаңыз – бұл табиғи реакция.
  • Себепті өзіңізден іздемеңіз. Көбінесе жоғалып кететін адам сіздің кемшіліктеріңізбен мүлдем байланысты болмайды. Гостинг – сіздің емес, оның түйткілдерінің кескіні.
  • Шекараны орнату. Егер әлдебіреу кенет жоғала бастаса, өзіңіз үшін оны күтуге дайынсыз ба, әлде байланысты үзген дұрысырақ па екендігін анықтаңыз.
  • Жақын адамдардың қолдауы. Достарыңызбен араласу немесе психотерапевтпен тілдесу эмоцияларға төтеп беру мен күйзелісті төмендетуге көмектесе алады.
  • Әлеуметтік желілерден алшақтаңыз. «Ол хабарламаны көрді ме екен» деп үнемі тексеріп отыру алаңдаушылықты тек еселендіріп жібереді.

Қорытынды

Тәуекелді толықтай жоюға болмайды, алайда нақты коммуникация мен адалдық гостинг ықтималдығын төмендетуге септігін тигізеді. Өз шекараңыз бен үміттеріңізді түсіндіру – бұл адамдармен салауатты әрекеттесуді білдіреді.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.