Айтыс-тартыста анықталмайтын шындық
Ақпараттық соғыс кезінде нені ескеру керек?
Санамыз мен жан тыныштығымыз соңғы жылдардағыдай жаппай шабуылды бұрын-соңды өткермеген болар, сірә. Әсіресе, пандемиядан бері қарай санаған мерзім ішінде. Ақпараттық «бомбылаудан» құтылу үшін не істемек керек?
ШЕКАРА, ЭТИКА ЖӘНЕ ПСИХИКА
Дұрыс мінез-құлық тәртібін таңдау үшін ақпараттық алаңның, яғни масс-медиа, интернет, әлеуметтік желі, мессенжерлердің өте қауіпті орын екенін басыбүтін мойындау қажет. Заманауи коммуникациялар беретін пайдалы дүниені алып, қауіптісін сүзгінің «арғы бетінде» қалтырып отыру үшін мінсіз түзілген жеке шекара, жоғары этика және өте күшті психика керек (соңғысының жағымсыз ақпараттар легінде ерекше зардап шегетіні бар). Бұл интернеттен, телевизия мен жаңалықтардан толық бас тарту керек дегенді білдіре ме? Міндетті емес. Алайда басқалардың шабуылы мен манипуляцияның құрбаны болмау үшін кез келген қатерге дайын жүру және өзіңді зиянды ықпалдан қорғауға үйренген абзал.
МҰНЫ НЕГЕ ІСТЕП ОТЫРМЫН?
Желіге кірер алдында (пост жариялау, пікір қалдыру, репост жасау, жаңалық қосу) өзіңізден «Бұл неменеге керек?» деп сұраңыз. Жалпы, осы қарапайым сұрақтың арқасында өмірді керемет өзгертуге болады. «Бұдан маған қандай пайда? Мұны қарағаннан басқалармен қарым-қатынасым/жақын адамдар ұта ма?» деген секілді балама нұсқалары да бар.
Бұлтармай, шын жауап берсеңіз, рефлексия дами бастады. Нәтижесінде көп жағдайда ақпаратты еш ойланбастан, бірде-бір пайда көрместен тұтына беретініңізді оп-оңай анықтауыңыз мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желі мен мессенжерлерді кезекті рет тексеру үшін қолыңыз автоматты түрде смартфонды ала беруі кәдік.
Адамның әлеуметтік желіде өзін қобалжытқан дүниелер туралы жазба салуы оның артында зерделенбеген қорқыныш тұрғанын білдіреді. Ойын білдіріп, оған жауап ретінде лайк пен пікір жинап алу арқылы автор өзін жалғыз сезінбейді, қысқа ғана уақытқа бойы жеңілдеп қалады. Осылайша ол көзқарасы өзінікімен ортақ адамдар бар екенін іздеп, оларды тапқанына қуанады. Алайда бұл нағыз бірлік емес. Виртуал қауымдастықтар құру және басқа пікірдегілерге қарсы соғыс ашудың «арқасында» қолданушы тонналаған улы ақпаратты жұтады, салдарынан әбден титықтауы мүмкін. Ал бұл уақытта жақындары одан қолдау күтеді, жұмыс пен үйдің тірлігі де ешқайда жоғалып кетпейді. Өзі ешқалай әсер ете алмайтын дүниелерге бар қажыр-қайратын салып жүргенде, шын өмірі шатқаяқтай бастайды. Қолда бар құнды дүниеден мұндай әрекетпен оп-оңай айрылып қалуға болады.
ШЫН НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
Қандай да бір таңдау пайда болғанда оны дұрыс бағамдай алу үшін мына алтын ережені есте сақтаңыз: тиімділіктің басты критериі – нәтиже. Мәселен, соңғы оқиғалар осыны көрсетіп отыр. Нәтижені әділ бағалап көріңіз: жазба жариялап, соғысқа қарсы үндеу жариялағандардың қайсысы соғысты тоқтата алды? Әскери іс-қимылды қолдағандардың қайсысы өз айтқанының толықтай рас екенін елге дәлелдей алды? Жалпы, біреудің пікірі жеңді ме өзі?
Басқа жағына тоқталайық. Желідегі жанжалдан кейін қанша адам кәдуілгі өмірге жүйкесі жұқарып, быт-шыт болып, тәлтіректеп оралады? Қанжа қолданушымен керілдесіп үлгерді? Қанша түн ұйқысыз өтті? Ол аз десеңіз, жиналып қалған стресс адамның жай-күйіне, көңіліне, өнімділігіне, жұмыстағы һәм үйдегі қарым-қатынасына кері әсерін тигізбей қоймайды.
Міне, көп адамның іс-әрекеті осылайша еш нәтиже бермегенімен қоймай (ешкімді құтқара алмады/соғысты тоқтатпады), қалыпты өмірді талқандап, улап, тек сол адамға емес, оның жақындарына да зиян қылады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Республикалық ақпарат беру-түсіндіру тобының сарапшы психологы Лола Шакимова желі моббингінің (топ болып жабылып кету) қандай қатер төндіруі мүмкін екенін айтады:
Өкінішке қарай, «демократия» деген сөзді барлық адам түсіне бермейді. Көбі ойыма келгенді істей аламын деп қабылдайды, этиканы, субординацияны, жеке шекараны бұзады. Бұл не дау-жанжалға, не жағымсыз ақпарат ағынының «астында» қалған яки компьютер моббингінің құрбаны болған жанның депрессияға ұшырауына немесе тіпті өз-өзіне қол жұмсауына дейін алып баруы мүмкін.
Жаңалықтар лентасын қарауға не эмоцияға толы кезекті сөзді жариялау жіберуге асыққанда осыны есте ұстаңыз. Дәл сіздің жазғаныңыз біреудің шарасыздық пен үрейге ұшырап, суицидке баруына себепші болуы ықтимал. Яки, керісінше, біреудің айтқаны сіз үшін соңғы нүкте болуы мүмкін.
ИНТЕРНЕТТЕ ТАҒЫ БІРЕУ ҚАТЕ ПІКІР АЙТЫП ЖАТЫР
Көп жағдайда қолданушылар әділдік орнату үшін емес, өз шындығын басқаларға таңу үшін айтысатынын түсіне бермейді. Лола Шакимова эмоциялы, ұстамсыз пікірлер мен жазбалар жариялайтын жандарды үш топқа бөледі.
Бірінші топ – мінез-құлық акцентуациясында истерияны паш ету сипаты бар жандар. Бұлар өзіне басқалардың назар аударғанын қалайды. Долы, дауға дайын, актерлік талантқа ие, елді баурап алуы мүмін, бояма істі дабырайтып көрсетуге әуес. Олар өз пікірі мен эмоциясын лақ еткізіп ақтара салады. Әдетте қызба, экспрессив темперамеентке ие және іс-әрекетін бақылауда ұстауы қиын.
Екінші психотип – мінез-құлық акцентуациясында паранойя сипаты бар адамдар. Олар темірдей тәртіп болса дейді, сынап, бағалағанды ұнатады. Керемет жағдайдың өзінен мін тауып алады. Бұл топтағы қолданушылар сынап-мінеу арқылы өзінің «МЕН-ін» көрсетеді. Зерде-зиятын, эрудициясын, сөз еркіндігіне деген құқығын көрсету маңызға ие.
Үшінші санат – фрустрация жағдайындағы қолданушылар, яғни көңілі толмаған, ашулы, ішкі қарсылығын білдіруге құштарлар. Олар эмоциясын өз бетінше жеңе алмайды, сондықтан ел алдында шығып, ашу-ызасын барынша төгіп-төгіп алуға тырысады және онысынан рахаттанады. Мұндай катарсис олар үшін тазалану процесі іспетті.
Сонымен қатар Лола Шакимова социалды, деструктив іс-әрекетке бейім, сына пайым мен дағды-құлқы жоқ адамдар да бар екенін еске салады. Бұл – психопатологиясы және тұлғалық аномалиясы бар жандар.
Желіде жоғарыда аталған санаттардың бәрі кездеседі және олардан өзіңді бір сәтте қорғау қиын. Топ ішінде басқаның эмоциясын жұқтыру әлдеқайда тез жүреді. Бұл әсіресе жаһандық Желі аясында біріккен әлем дағдарысқа ұшыраған кезеңдерде анық байқалады. Міне, сол себепті түскен ақпаратты да, өзіңнің оған қандай реакция білдіргеніңді де сүзгіден өткізіп отыруды үйрену үлкен маңызға ие.
Әркімнің өз шындығы бар. Кез келген дауда, тіпті тұрмыстық жанжалдың өзінде, әсіресе жаһандық өзгерістер уақытында осыны еске алған жөн. Сатирик Дон-Аминадоның «Пікір алмасу нәтижесінде ақиқат емес, зиян көргендердің саны анықталады» деген сөзін кезекті рет еске алмау үшін.
Аударған Димаш Зиядин