
Адам үйленбесе, деменция мен Альцгеймер ауруының қаупі екі есе төмендейді
«Тезірек үйлен, әйтпесе жалғыз жүріп қалып, кәріліктің қалай келгенін де байқамай қаласың», – деп әжелеріміз айтатын еді. Алайда енді ғылым былай жауап беріп отыр: «Бәлкім, бұл жақсы шығар!» Жаңа зерттеу көрсеткендей, некеге тұрмау ми үшін пайдалы болуы мүмкін. Жалғыздық ақыл айқындығын сақтауға қалай көмектесе алады және осыған стрестің қатысы қандай – Лайқоспен бірге анықтаймыз.
Бұл қандай зерттеу?
Флорида штаты университетінің ғалымдары ауқымды жұмыс атқарған: олар 19 жылға жуық уақыт бойы 24 мыңнан астам адамды бақылай отырып, отбасылық мәртебенің ми денсаулығына қалайша әсер ететінін түсінді. Мұның нәтижесі күтпеген қорытындыға әкелді. Некеде болмағандарда, мейлі бұл тұл ер адам немесе жесір болсын, мейлі ажырасқандар, не болмаса, тіпті, ешқашан үйленбегендер болсын, деменция мен Альцгеймер ауруының пайда болу қаупі екі есеге дерлік төмен болып шықты. Ал есте сақтау қабілеті мен ойлау бұзылыстары үйленген немесе тұрмысқа шыққан қатысушылар арасында 21,9% кездескен. Жалғызбастылар арасында бұл көрсеткіш небәрі 12,6% құраған.
Неліктен отбасылық өмір миға зиян келтіруі мүмкін
Зерттеулер көрсетіп отырғандай, бар гәп махаббатта емес, стресте жатыр екен. Тұрмыс машақаты, ұрыс-керіс, міндеттер, қаржылық қысым – жүктеме жинақтала береді де, бұл созылмалы күйзелістің пайда болуына жағдай туғызады, әрі ол күннен-күнге денсаулыққа ықпалын тигізеді. Көптеген ғылыми жұмыстардың мәліметтері бойынша дәл осы стресс мидың жасушаларына нұқсан келтіруге, есте сақтауды нашарлату мен, тіпті, қартаюды тездетуге қабілетті.
Жалғыздықтың ми денсаулығына әсері
Зерттеудің жалғызбасты қатысушылары әлеуметтік тұрғыдан әлдеқайда белсендірек екендігі анықталды: олардың отбасыдан бөлек достары бар, ермек істері көбірек, әрі олар тек серігіне ғана байланып қалмайды. Бұл аса маңызды жайт: ми үшін жаңа әсерлер, өзгелермен араласу, қозғалыс қажет. Адам уақыты мен ортасын өздігінен басқарып жатса, оның ойлау икемділігін сақтап қалу мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Әлеуметтік белсенділік деменцияның алдын алудың ең басты факторларының бірі болып саналады.
Енді ажырасу керек пе?
Жоқ, әрине. Дегенмен мына бір жайтты түсінген маңызды: бұл бар болғаны статистика, үкім емес. Зерттеу жалпы некенің зиянды нәрсе екендігін меңземейді. Бәлкім, ерлі-зайыптыларда когнитивті бұзылыстар көбінесе дәрігерге жиі жүгінетіндіктен анықталатын да шығар. Сонымен бірге серіктің эмоциялық қолдауы, махаббаты мен тұрақтылығы да денсаулыққа өз әсерін тигізеді, бірақ басқа бір жағынан.
Қазірдің өзінде не істеуге болады?
Некедесіз бе, әлде жоқ па – бұл маңызды емес, бастысы, миға қамқорлық танытуға болады, әрі бұл аса қажет нәрсе. Жеке кеңістігіңізді сақтаңыз, жан серігіңізге деген ғашықтық сезімінде толықтай «еріп» кетпеңіз. Достық байланыстарды сақтаңыз, өзіңізге қызықты нәрселермен айналысыңыз. Күйзеліс деңгейін қадағалаңыз және мейлі бұл психолог болсын, мейлі йога намесе спортзал болсын, көмекке жүгінуден ұялмаңыз. Ең бастысы, миыңызға тұрақты түрде жұмыс істетіңіз: оқыңыз, білім алыңыз, талқылаңыз, саяхаттаңыз, таңданыңыз. Осының барлығы да ұзақ жылдарға ақыл айқындығы мен ой икемділігін сақтап қалуға көмектеседі.
Қорытынды
Отбасылық мәртебе – денсаулықтың кепілі емес, дегенмен үкім болып та саналмайды. Өмірге деген саналы көзқарас әлдеқайда маңыздырақ: өзіңізге күтім жасай білу, даму, салауатты қарым-қатынастарды құру мен күйзеліс деңгейін төмендету. Айта кетсек, егер қазір сіз әлі некеде болмасаңыз, бәлкім, бұл сіздің миыңыз үшін, тіпті, пайдалы да шығар.