Бір апталық махаббат: курорттық романдар несімен қауіпті және ақыл-ойды жоғалтып алмаудың жолы қандай?

Бір апталық махаббат: курорттық романдар несімен қауіпті?

Әртүрлі сауалнамалардың мәліметтері бойынша әрбір үшінші саяхатшының, кем дегенде, бір курорттық романы болған екен. Мұндай қарым-қатынастар көбінесе кезекті демалыс қанша уақытқа созылса, сонша өмір сүреді – әрі олардың басты ерекшелігі де осы. Лайқос курорттық романдар несімен қауіпті және басыңызды жоғалтып алмаудың жолы туралы айтып береді.

Неліктен демалыста ғашық болып қалу оңай

Демалыс кезінде өмірдің үйреншікті ырғағы өзгереді: күйзеліс аздау, әсерлер көбірек, жаңа адамдар, және де тұрмыстық жалықтыратын істердің жоқтығы. Мұндай жағдайда ми жаңашылдық пен эмоциялық стимулдарға әлдеқайда белсендірек реакция береді. Осының салдарынан біреуді ұнатып қалу кәдімгі өмірдегіден гөрі анағұрлым күштірек болып көрінеді.

Сонымен бірге курорт мінсіз танысудың иллюзиясын қалыптастырады. Адамдар бір-бірін күніне небәрі бірнеше сағат қана көреді, әрі ешқандай жұмыс мәселелері де, үйдегі міндеттер де, қаржылық сұрақтар мен әдетте адамның мінезін ашатын басқа да факторлар болмайды.

Курорттық романдардың негізгі қауіптері

Эмоциялық тәуелділік: неліктен біз қарқындылықты «жаныңа жақын адам» деп қабылдаймыз

Айырылысудан кейін адам сағынышты сезінуі, демалысты үнемі еске алуы мен өзінің күнделікті өмірін сол уақытпен салыстыруы мүмкін. Әсіресе, қарапайым өмірде назардың, романтика немесе эмоциялық жақындықтың жетіспеушілігін сезінетін адамдар осындай хикаялардың аяқталуын ерекше ауыр өткереді. Адамдар күнделікті өмірде айлар бойы талқылайтын жайттарды бір-біріне бірнеше күннің ішінде-ақ айтып беруі мүмкін.

Көптеген жағдайда бұл шынайы тереңдік емес, бұл қысқа мерзім мен жоғары эмоциялық қарқындылықтың әсері болуы керек. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, байланыс қарқындылығы мен эмоциялық қанықтық қарым-қатынастар тереңдігін қабылдауды бұрмалауы әбден мүмкін: адам, тіпті, шынайы уақыт пен ортақ тәжірибе аз болса да, қатты эмоцияларды «айырықша байланыстың» бір белгісі ретінде түсінеді екен.

Қаржылық және психологиялық қулықтар: демалыста альфонс немесе алаяқты қалай тануға болады

Таныстықтың барлығы дерлік шынайы қызығушылық танытудан басталмайтыны рас. Кейде әдемі көңіл табудың артында ақша, сыйлық алу немесе басқа да пайданы табу талпыныстары жасырынуы ықтимал. Егер жаңа танысыңыз махаббат туралы тым тез айтып бастаса, қаржылық көмек сұраса, не болмаса аяушылық сезімді тудыруға тырысса, қырағы болғаныңыз абзал.

Тұрақты қарым-қатынастардағы дағдарыс: серіктесі барлар үшін салдары

Үйге оралғаннан кейін адамдардың көбі кінәлік сезімге, жұбы тарапынан сенімсіздік танытуына, эмоциялық арақашықтық пен ұзаққа созылатын дау-жанжалдарға тап болады. Қысқа мерзімді ләззат қарым-қатынастардағы күрделі дағдарысқа айналады немесе, тіпті, олардың аяқталуына да әкеліп соқтырады.

Денсаулық үшін қауіптер: қорғаныс пен ЖЖБИ профилактикасының маңыздылығы

Жаңа таныстықтар мен кездейсоқ интимдік байланыстар жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтырып алу қаупін арттыра түседі. Осындай аурулардың дені ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан мамандар қорғаныс құралдарын пайдалануды және тәуекелі бар байланыстардан кейін міндетті түрде профилактикалық тексерулерге баруды ұсынады.

Қорытынды

Курорттық роман тек қана түңілумен аяқталуы міндетті емес. Кей кездері мұндай таныстықтар шынымен де байыпты қарым-қатынастарға ұласады. Дегенмен сыни ойлауды сақтай білген, өз шекараларыңызды құрметтеген, қауіпсіздігіңізге қамқорлық танытқан және эмоциялардың ықпалымен асығыс шешімдерді қабылдамағаныңыз өте маңызды.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.