Tinder сауалнамасын тартымды етіп жасау және мэтчтерді көбейту

Tinder қосымшасында көбірек мэтчтерді қалай жинауға болады?

Махаббат және алгоритмдер

«Tinder қосымшасындағы сауалнамалар – бұл бір сұмдық нәрсе екен!» – осындай пікірді әйелдерден де, ер адамдар тарапынан да естуге болады. Сауалнамалардың көздің жауын алып, құлаққа жағымды естілуі үшін не істеуге болады және көбірек мэтч жинаудың жолы қандай – осы мақалада талқылаймыз.
75 миллион адам – дәл осыншама белсенді қолданушылардың саны ай сайын әлем бойынша ең танымал танысу қосымшасы – Tinder желісіне кіреді. Осынау үлкен қауымдастық лайықты адамды оңай табуға кепілдік беретін сияқты көрінеді. Алайда бәрі де алғаш көрінгендей оңай емес. Сәйкестіктердің, не болмаса Тиндер қосымшасындағы атауы – мэтчтердің көп болуы үшін азғантай ғана сәттілік пен көбірек стратегия қажет.

 

КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ КЕЗДЕЙСОҚ ЕМЕС. БҰЛ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Сізге мэтч үшін әлеуетті серіктесті ұсына отырып, Tinder жай ғана сұранысты ұсыныспен қисындастырып қана қоймайды. Бұл іріктеудің негізінде дәл сол қазіргі заманғы әлеуметтік желілердің жұмыс істеу қағидаттары жатыр. Әлеуметтік желілер пайдаланушысына көрсетілетін контент секілді Tinder қосымшасында да, алогритмдерді ескере отырып, сіздің қалауларыңыз бен ерекшеліктеріңіз негізінде профильдер ұсынылады.

 

Тиндер қолданбасын зерттеуге көп уақытын жұмсаған және бұл туралы кітап жазған француз журналисі Джудит Дюпортей алгоритмдерді ескеретін келесі тармақтарды бөліп көрсетеді:

 

СЫРТ КЕЛБЕТТІҢ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ

Әрбір оң жаққа жасалған свайптан кейін Tinder сіздің талғамыңызға сәйкес келетін адамдарды тиімдірек іріктеп алу үшін алгоритмдерді түзетіп отырады екен. Қосымшаға шаш пен көздің түсін анықтай алатын әрі адамдардың бет-әлпеттерін ажырата алатын жүйе кіріктірілген. Мысалы, егер сіз көк көзді аққұба жігіттерге жиірек лайк бассаңыз, онда сіздің желідегі лентаңызда қара көзді қараторы жігіттер сирек кездесетін болады.

 

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТАРЫ

Бұл қосымша адамның әуесқойлықтары және қызығушылықтарына байланысты негізгі сөздерді ескеріп отырады. Егер ерінбей, профиліңізді егжей-тегжейлі толтырсаңыз, яғни, сүйікті фильмдер, музыка және көңіліңізден шығатын ойын-сауық түрлері туралы айта кетсеңіз, – өзіңізге ұқсас жан серігіңізді табудың мүмкіндігі айтарлықтай арта түседі.

 

БІЛІМДІЛІГІ

Машина сіздің басқа адамдармен хат жазысуларыңызды оқиды және сөйлемдеріңіздің ұзындығы, күрделілігі мен сөздік қорыңыздың тереңдігі секілді тұстарға талдау жасайды. Осыдан кейін барып сізге, алгоритмнің «пікірі» бойынша, білім деңгейіңізге сәйкес келетін үміткерлер ұсынылатын болады.

 

ТҰРАТЫН ЖЕРІ

Сіз көрсеткен максималды қашықтық алгоритмдермен әрдайым ескеріле бермейді. Егер қосымшаның пайдаланушылары арасында біреу сіздің қалауыңызға лайық болса, дегенмен сіз ойлағаннан алыстау тұрса, сізге оның профилі бәрібір көрсетіліп тұрады.

 

ЖЕКЕ МӘЛІМЕТТЕР

Жынысы, жасы, қызығушылықтары – осы мәліметтердің барлығы жинақталады да, алгоритмнің «пікірі бойынша» қолданба пайдаланушысымен мэтч құруға мүмкіндігі бар серіктестің желідегі лентасына түсуіне жағдай жасалады. Сонымен бірге Джудит Дюпортей көрсетіп отырғандай, серіктестерді іріктеу ескірген патриархалдық тәсілдер бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, «табысты және білімді» деп белгіленген 30 жастағы ер адамның желідегі лентасында білімі орташа деңгейден жоғары емес 30 жасқа дейінгі жас қыздар көрсетіледі.

 

БҰДАН НЕ ШЫҒАДЫ?

Сырғытқан кезде мұқият ойланғаныңыз абзал, өйткені сіздің тарапыңыздан жасалған әрбір свайп – алгоритм үшін белгі ретінде болмақ. Егер қатарынан барлығын кездейсоқ түрде оң жаққа қарай свайп жасай берсеңіз, алгоритмдер шатасып қалады да, желідегі лентаңыз бейберекет профильдердің жиынтығына айналады, ал олардың ішінен біреулердің сізге ұнауы екіталай.

 

Профиліңізді егжей-тегжейлі толтырғаныңыз абзал. Жоғарыда анықтап алғанымыздай, алгоритм барлық мәтініңізді толығымен «оқиды», әрі арасынан негізгі сөздерді бөліп алады да, сіз үшін ең лайықты нұсқаларды таңдайды. Сауалнаманың ең маңызды екі тармағына толығырақ тоқталып өтейік.

 

НЕЛІКТЕН МЭТЧТЕР АЗ?

Сәйкестіктер санының аздығына көбінесе ер адамдар шағымданады. Кейде мұның басты себебі сіздің өңіріңіздегі қосымшаның белсенді пайдаланушылар санының жеткіліксіздігінде жатыр. Алайда негізінен бар түйткіл сауалнаманың өзіне байланысты болып отыр.

 

ӨМІРБАЯН

Тиндер арқылы сәтті танысуға үйрететін авторлардың пікірлері бір-біріне қарама-қайшы болып келеді. Кейбіреулері өздеріңіз жайлы қысқа, бірнеше сөзбен ғана жазып, «қызықты болып көрінуге тырыспауға» және күрделілігіңіз бойынша шектен шықпауды ұсынады. Басқа біреулері, керісінше, жасампаздық пен даралық қасиеттеріңізді барынша таныта отырып, былайша айтқанда, өзіңізді жазбаша тұрғыдан максималды көрсетуге шақырады. Біздің ойымызша, бұл мәселеде тек өз жүрегіңізді ғана тыңдап, «өз қалпыңызда» қалуға тырысу керек. Кем дегенде, виртуалды қарым-қатынаспен шектелуді қаламаған жағдайларды назарға алғанда.

 

Кей кездерде өмірбаян пайдаланушы тарапынан өзі жайында айту мақсатында емес, өзіне жақындамауы тиіс адамдарды егжей-тегжейлі сипаттау үшін қолданылатын жағдайлар да болады. «Ажырасқандар – аулақ, темекі тартатын қыздар – маған жазбай-ақ қойыңыздар» және т.б. Өз сауалнамаңызға мұндай негативті жайттарды қоспағаныңыз абзал. Бұл сізге ұнамайтындарды ғана емес, тіпті, барлық үміткерлерді де қорқытып алуы мүмкін. Түбінде, егер сізге сәйкес келмейтін әйел жазса да, сізді оған үйленуге ешкім мәжбүрлей алмайтыны хақ.

 

Мэтчтер саны жеткіліксіздігінің тағы бір себебі белгіленген аса қатаң параметрлерге қатысты болуы да мүмкін, мысалы, жас ерекшелігіне байланысты диапазонның тарлығы. Іздеу бойынша өлшемшарттарды кеңейтіп көріңіз. Көбінесе ең жақсы романдар және, тіпті, бақытты некелер де әуел баста жұбыңыз ретінде мүлдем қарастырылмаған адамдармен болуы әбден мүмкін.

 

ФОТОСУРЕТТЕР

Әлбетте, Tinder қосымшасының пайдаланушылары, қаншалықты үстіртін естілсе де, бірінші кезекте адамның сырт келбетін бағалайды. Бұл тармақтың сәтсіздікке ұшырауы – мэтчтер санының аз болуының ең кеңінен таралған себебі болып саналады. Ең алдымен, әсіресе, ер адамдар тарапынан жиі жасалатын оғаш нәрселерден бастайық.

 

Бет-әлпетіңіз айқын көрінетін, жағымды фотосуретіңізді таңдап, оны негізгі фото ретінде қоюдың не қиындығы бар деп айтар едіңіз? Дегенмен кейбір кейіпкерлер оңай жолдарды іздемей, біртүрлі нұсқаларды таңдап қояды:

 

Бұлыңғыр фотосурет. Пиксельді фото. Адамның жүзі көрінбейтін өте кішкентай фотосуреттер. Бұл бір жұмбақ 007 агенттері, не болмаса қолға түспейтін Джо секілді дерсің, шамасы, олар Антуан де Сент-Экзюперидің мына дәйексөзін басшылыққа алатын сияқты: «Бір ғана жүрек «қырағы» болып келеді, басты нәрселерді көзбен көре алмайсың».

 

Топтық фотосурет. Жаныңызда достарыңыз болса, онда сізге ешкім де, тіпті, Тиндер қосымшасындағы бейтаныс қыздар да қорқынышты емес. Сонымен бірге қыздар осындай фотоларға қарап, ол жерде моншадағы бес таныс емес жігіттің қайсысы – болашақ романының кейіпкері екендігін болжау арқылы өздерінің интуициясын жаттықтыра алады.

 

Бұрынғы (әлде қазіргі?) қызыңмен түскен фотосурет – ізденіскерлерге олардың алдарында әйелдер тарапынан сұранысқа ие ер адам екедігін көрсетуге арналады.

 

Әйгілі актер, спортшы немесе саясаткердің фотосуреті – ер адам осыны профилінде жеке суретінің орнына қойған болса, онда ол келесіні хабарлап отырған болар: менің одан еш жерім кем емес, әрі фото да сәтті кезіккен екен, неге оны қоя салмасқа?!

 

Жалаңаш кеудемен түскен фотосурет – тіпті, дене бітімі мінсіз спорттық болған жағдайда да, бұл өте күмәнді нұсқа. Мұндай «ашықтықты» бағалайтын қыздар сирек кездеседі. Көбісі бұл ер адамның бойында өзімшілдік қасиеті бар деп те ойлап қалады.

 

Ал Тиндердегі әйелдердің фотосуреттеріне келер болсақ, бұл жерде ең көп кездесетін кемшілік – көбінесе олар түпнұсқадан тым қатты ерекшеленеді.

 

Сіздің тартымды бейнеңізге жұмыс істейтін фотосуретті қалай жасау керектігі туралы фотограф Елена Полонская әңгімелеп береді:

 

«Біле білсеңіздер, ерлер арасында мынадай заманауи қалжың баршылық: «егер сен өмірде фотосуреттегідей болмасаң, кешкі ас үшін екеуміз үшін сен төлейсің». Бұл дәл менің фотосурет ісіндегі қағидатыма сай келеді – барынша табиғилық, әрі даралық пен жақсы жақтарға баса назар аудару.

 

Шынайы болғаныңыз дұрыс, сауалнамадағы фотосурет үшін сүзгі, бетперделер, «қуыршақ» өңдемесін қолданбаңыздар. Сонда алғашқы кездесу көңіл қалдырудан басталмайтыны анық.

 

Тағы бір қосарым, фотосуреттердің сексуалдылығы, ашықтығы туралы: қазіргі таңда бүкіл әлем әйелдердің ашық түскен суреттерінің көптігіне қанық болғаны сонша, тіпті, бұған енді ешкімді де «ілінбейді».

 

Менің пікірімше, іш киіммен немесе шомылуға арналған киіммен (не болмаса, тіпті, топлесс) түскен фотосуретіңізді қоюдың орнына тек қана белгілі бір бөлшекті көрсету сексуалдылық тұрғыдан әлдеқайда тартымды көрінеді: мысалы, меңі бар мойын, иықтан төмен түсіп қалған аспабау, ашық арқа және т.т. Бұл интеллигентті эротизмнің белгілі бір үлесін қосқандай болады. Егер осыны әдемі және эстетикалық жағынан жағымды түрде ұсынсаңыз, ер адамдар тарапынан қызығушылықтың артатыны сөзсіз.

 

Ал ерлердің Тиндер қосымшасындағы фотосуреттеріне келер болсақ, бұл жерде бәрі де жекеше көзқарасқа байланысты. Мәселен, өзім үшін теріс көрсеткіштердің бірі – бұл біреудің «керемет көліктің» ішінде отырып, қолына қымбат сағат тағып алған немесе жалаңаш кеудемен түскен фотосуреттер. Бұл жерде адамның зиятына байланысты түйткілдерінің бар екендігі бірден көзге түседі».

 

Екі жыныстың өкілдеріне арналған ортақ ережелер: фотосурет арқылы өзіңіздің даралығыңызды көрсетуге тырысқаныңыз жөн. Сіздің жүзіңіз бен дене бітіміңізді көрсетіп тұрған, әрі күнделікті өмір салтыңызды бейнелейтін үш-алты фотосуретті іріктеп алыңыз. Қыздар ер адамдардың үй жануарларымен түскен фотосуреттерді ұнататындары рас. Сонымен қатар, зертеулерге сәйкес, табиғат аясында түскен фотосуреттерге жиірек лайк басады екен.

 

ДОСТАРЫҢЫЗДАН ПРОФИЛІҢІЗДІ ҚАРАП ШЫҒУЫН СҰРАҢЫЗ

Соңында берер тағы бір кеңесіміз бар. Өзіңіз сенетін достарыңыздан профиліңізді қарап шығуын сұраңыз. Олар сауалнаманың шынайы өмірдегі сізге қаншалықты сай келетіндігін бағалап, әрі әлсіз жақтарын көрсетіп, қандай тұстарды жіберіп алғаныңызды байқай алады. Сондай-ақ олар қандай жағымды жайттарды қосу керектігі туралы кеңес беруі мүмкін. Объективті «сырт көзбен қараудың» арқасында сауалнамаңыз жақсара түсетіні айқын, әрі бұл романтикалық қарым-қатынастарда маңызды рөлді атқаратын жағымды эмоцияларды сыйлап, әрі өзіңізге деген сенімділікті арттыратыны сөзсіз.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]