Менсплейнинг: бұл не және неліктен бұдан бас тарту керек
Біз әлі де газлайтинг және виктимблейминг ұғымдарынан есімізді жия алмай отырғанымызда, жаңа терминге үйренетін уақыт келіп қалыпты. Лайқос жобасы менсплейнинг дегеніміз не, мұнымен қалайша және неліктен күресу керектігін анықтады.
Менсплейнинг дегеніміз не?
Менсплейнинг – бұл ер адамның әйелге, оның нақты біліміне қарамастан, әрі құзыреттілігі анағұрлым төменірек деп есептей отырып, қандай да бір нәрсені түсіндіруі. Көбінесе бұл қамқорлық жасағандай болып, тәкаппар екпінмен айтылады.
Жалпы «менсплейнинг» сөзі ағылшын тіліндегі man (ер адам) және explaining (түсіндіру) сөз тіркесінен шыққан. Бұл термин жазушы Ребекка Солниттің «Ер адамдар маған бәрін түсіндіреді» мақаласының арқасында кеңінен таралған, мұнда ол ер адамдардың әйелдің сарапшылығын елемей, оған бұрыннан білетін немесе, тіпті, әлдеқайда жақсырақ түсінетін нәрселерін ұғындыра бастайтын жағдайларды суреттейді.
Менсплейнинг: шынайы өмірден алынған мысалдар
- Жұмыстағы жиналыста ер адам әріптес-әйелге, оның жоба авторы екендігіне қарамастан, жұмыс қағидаттарын түсіндіреді.
- Дүкенде ер адамның сатушы әйелді оның күнделікті сатып отыратын тауарға байланысты мәселелерді ұғынуды «үйретуге» тырысады.
- Интернетте ер адам әйел жазбасының астында комментарий қалдыра отырып, оның пікірін түзетеді, алайда әйел бұл мәселеде сарапшы болып келеді.
Неліктен бұл аса өзекті тақырып
Менсплейнинг – бұл жай ғана сыпайылық танытудың мәселесі емес. Бұл әйелдердің әріптестері алдындағы кәсіпқой қабілеттерінің беделін түсіретін, дауыс беруге деген құқығына шек қоятын және тең құқықтылықты орнатуға кедергі ететін жайт. Зерттеулерге сәйкес, жұмыстағы жиналыстардың 75% уақытын ер адамдар алып жатады екен, демек мұндағы әйелдердің үлесі небәрі 25% ғана құрап отыр. Қоғамның теңдікке ұмтылып отырған жағдайында, осындай жебейтін, әрі өзін жоғары ұстауға негізделген тілдесім жалпы қарым-қатынастарға әсер ететіні мен гендерлік теңсіздікті нығайта түсетінін түсінген маңызды.
Неліктен менсплейнинг – нағыз түйткіл
Әйелдерге ықпалы
Менсплейнинг әйелдердің өзін-өзі бағалау мен сенімділік деңгейін төмендетеді, әрі олардың өз білімі мен құзіреттілігіне байланысты күдіктенуге итермелейді. Сонымен бірге бұл әйелдердің қандай да бір пікірталастарға атсалысудан қашқалақтай бастауына әкеліп соқтыруы ықтимал, өйткені біреу олардың сөзін бөліп жіберуі немесе «түсіндіруге» кірісуі мүмкін.
Қоғам үшін салдары
Тілдесімнің осындай пішіні әйелдер құзіреттілігінің анағұрлым төмен деген таптаурындарды нығайтады, әрі олардың кәсіби және қоғамдық өмірге тең қатысуына нұқсан келтіреді.
Менсплейнингтің негізгі себептері
- Гендерлік таптаурындар – ерлердің әлдеқайда көп білетіні туралы қалыптасып кеткен түсінік.
- Эмпатияның жетіспеушілігі – әңгімелесушінің сезімдері мен тәжірибесін ескеруге қабілетсіздік.
- Әлеуметтік нормалар – ер адамдардың үстем мінез-құлық танытуын ынталандыратын дәстүр.
Менсплейнингпен күресудің жолы
- Эмоционалдық зиятты дамыту: бұл екі жыныс өкілдері үшін де маңызды.
- Әйелдерді қолдау: әйелдер білімі және тәжірибесімен бөлісе отырып, бірін-бірі қолдай алады.
- Шекараларды қорғап алу: әңгімелесушіге оның түсіндірмесі қажет емес екенін сыпайы, алайда сенімді түрде еске салу.
- Тақырыпты насихаттау: кітаптар, әлеуметтік желілердегі жазбалар, дәрістер мен талқылаулар арқылы ақпаратты тарату.
Қазақстанда бұл құбылыспен күрес өте енжар жүріп жатыр. Тіпті, мүлдем жүріп жатқан жоқ деуге де болады. Нәтижесінде әйелдер пікірін жеткізуге деген құқығын өз бетінше қорғауға мәжбүр болып отыр, бірақ оларға «әлдеқашан түсіндірілген және ескерту жасалған». Бұл түйткіл өзара сыйластыққа ғана емес, сондай-ақ қарым-қатынастағы теңдікке де кедергі келтіреді.