Нағыз достық: шынайы қарым-қатынасты жалғанынан қалай ажыратуға болады
Достық – бұл адам өмірінің маңызды бөліктерінің бірі. Ол бізге қиындықтарға төтеп беру, қуанышқа ортақтасу және қолдауды сезінуге көмектеседі. Нағыз достық амандығымыз бен денсаулығымызға әсер ететін эмоционалды байланыстарды қалыптастырады. Әлемде, әсіресе бүгінде әлеуметтік желілер жақындық иллюзиясын тудырып жатқан заманда, шынайы достықтың не екендігін түсіну ерекше маңызға ие. Дәл осы себептен Лайқос сіздер үшін достық жөніндегі қысқаша нұсқаулықты дайындап қойды.
Шынайы достық дегеніміз не
Бұл өзара қолдау, құрмет және сенім танытуға негізделген терең эмоционалды байланыс. Мұндай қарым-қатынастар қандай да бір мүдде немесе пайда табу шеңберінен тыс болады: дос – бұл ешнәрсеге де қарамастан, әркез қасыңыздан табылатын жан. Нағыз достар қиын сәттерде көмекке келуге дайын тұрады, олар сіздің жетістіктеріңізге шын көңілден қуанады және «дос жылатып айтады» демекші, жағымсыз болса да, шындықты бетіңізге айта алады.
Жалған достықтың белгілері
Кей кездері қарым-қатынастар жолдастық ретінде көрінуі мүмкін, алайда шын мәнісінде олар үстірт немесе, тіпті, уытты қатынастар болуы әбден ықтимал. Жалған достықтың бірнеше белгісі мынадай:
- Қызығушылық тек пайдаға байланысты туындайды. Өтірік достар ыңғайлы болғанда немесе пайдасы бар жағдайда ғана қасыңыздан табылады, ал сізге көмек керек болып қалған жағдайда ғайып болады.
- Қолдау танытпауы. Мұндай адамдар сізбен бірге қиындықтарыңызды бөлісуге дайын емес, көбіне-көп қиын сәттерге тап болғаныңызда сізді жалғыз тастап кетеді.
- Сынға алу және көре алмаушылық. Жалған достықта сіздің жетістіктеріңіз үшін шынайы қуаныш танытудың орнына көре алмаушылық пен жағымсыз пікірлер жиі кездеседі. Кейде дос басыңызға күн түскенде ғана емес, жетістіктерге қол жеткізгеніңізде жиірек танылады.
- Манипуляциялар. Мұндай адамдар өз мақсаттарына жету үшін мүддеңізге қарамай, сізді пайдалануы мүмкін. Манипуляциялар негізінде құрылған қарым-қатынастарды «Үлкен жарылыс теориясы» сериалында кездестіруге болады. Мұндағы Шелдонның міншіл болғаны соншалық, ол Леонардты ұдайы ыңғайсыз жағдайға тап қылады да, осылайша тек өзі қалаған нәрселерді жасауға мәжбүрлейді.
Шын досыңыздың кім екенін қалай түсінуге болады?
Нағыз досты бірнеше маңызды белгі арқылы анықтауға болады:
- Сіздің эмоцияларыңыз бен қажеттіліктеріңізге мұқият болу. Шын досыңыз сізге көмек қажет болған сәттерді, тіпті, сіз сұрамаған жағдайда да байқап отырады. Мұндай қарым-қатынастардың мысалы ретінде «Үлкен қаладағы секс» атты сериалдағы Миранда мен Саманта бола алады. Самантаның ең таңдаулы сұлулық салонына көптен күткен жазбасын жаңа босанған Мирандаға табыстауын еске түсірсек, мұндай аянбастық – шынымен де құрметке лайық!
- Қиын сәттерде қолдау таныту. Егер қиналған кезіңізде досыңыз әркез жаныңыздан табылса, бұл шынайы қарым-қатынастардың маңызды белгісі.
- Кешірімді болу және қабылдай білу қасиеті. Нағыз достық қарым-қатынастарда достар бірін-бірі бар кемшіліктерімен қабылдайды, кешірімді болады және жанжал туралы басқаларға тіс жармайды. Ешқайсымыздың да мінсіз еместігін қаперімізден шығармайық, әрбір адам қателік жасауы мүмкін. Бір-біріңізге түсіністікпен қарау және достығыңызға тағы бір мүмкіндік беру керектігі өте маңызды.
- Қатынастардағы теңдік. Сізді пайдаланып отырған ешкім жоқ, ешкім сізден өзі бере алатынынан артық талап етпейді, достардың ешқайсысы басқа біреуге үстемдік көрсетпейді.
- Шынайылық. Мұндай қарым-қатынастарда екіжүзділікке орын жоқ, достар бір-біріне әрдайым адал болады. Егер досыңыз қандай да бір түсініспеушілікті сабырлы түрде талқылауға, әрі сіздің пікіріңізді айқай-шусыз және айыптаусыз тыңдауға дайын болмаса, онда ойланатындай бір жайт бар: сіз оған шынымен де маңыздысыз ба?
Қарым-қатынастарыңызды қайта қарап шығып, өтірік байланыстардан құтылыңыз және сізге адал жандарды бағалай біліңіз. Айналаңызды сізге өсу мен дамуға көмектесе алатын адамдардармен қоршауды бастаңыз, сонымен бірге өзіңіз де басқалар үшін дәл осындай дос болуға тырысыңыз.