
Кейінге қалдырылған өмір: «кейін» «қазіргіні» жалмайды
«Міне, кішкене ақша жинап алайын, сонда…» немесе «Дүйсенбіден бастап шынайы өмір сүріп бастаймын» деген секілді ой үстінде жүргеніңізді байқап па едіңіз? Егер иә десеңіз, клубқа қош келдіңіз! Бұл жалқаулық та, прокрастинация да, мотивацияның жеткіліксіздігі де емес. Кейінге қалдырылған өмір синдромы – бұл миллиондаған адам түсетін нағыз тұзақтың өзі.
Ал оның мәні неде? Мұны психолог әрі гештальт-терапевт Әсел Дұрбаевамен бірге анықтап көрейік.
Кейінге қалдырылған өмір синдромы дегеніміз не
Бұл «кейінге қалдырылған өмір синдромы» терминін Солтүстік тұрғындарының психологиясын зерттеген психология ғылымдарының докторы Владимир Серкин енгізген еді. Адамдар жылдар бойы көшіп кету, жаңа жұмыс табу, мінсіз жұбын кездестіруді күтумен өмір сүреді. Өмірлерін кейінге қалдырып, қазіргіні дайындық кезеңі деп санайды.
Оны қалай тануға болады?
Сіз өмір сүріп жатқан сияқтысыз, алайда ешнәрсе де қуаныш сыйламайды. Пәтер – арманыңыздағыдай емес, жұмыс – уақытша, қарым-қатынастар – «қуаныш әкелмейді, дегенмен әзірге бола тұрсын». Бәрі де шынайы емес. Сіз өзіңізге «шынайы» өмір сүріп бастаймын… бірақ сәл кейінірек деп уәде бересіз. Арықтаған кезде. Көшіп кеткен кезде. Өзіңізді түсінген шақта. Бір сөзбен айтқанда сіз басқа адамға айналған кезде. Алайда шынайы өмір кейін басталмайды. Ол әлдеқашан басталып кеткен – «барымен базар» демекші. Ал әрбір күтумен өткен күніңіз сізді болашаққа жақындатпайды, бұл қазіргі өмірден алыстатады.
Мұның тамыры қайда жатыр
Мәселелердің барлығы балалық шақ пен мәдениетте жатыр. Біздерді келесідей үйреткен: қуанышқа лайық болу керек, демалыс – тек қана ауыр еңбектен кейін болуы мүмкін, ләззатқа бөлену – тек рұқсатпен ғана. Ал егер осында өзгерістер қорқынышын, мінсіз болмаған үшін ұят сезімін, жаңашыл нәрселер алдындағы алаңдаушылық пен «істің нәтижесі аяқталғанда көрінер» деген секілді деңгейдегі қоғамдық нұсқаулықтарды қоссақ, міне, сіз бұл ғұмырды кешумен емес, оған дайындықпен әлек боласыз. Ал «бақытың әлі алда» сияқты уәдені енді сырттан біреу емес, ішіңіздегі сыншыңыз беріп жүр. Барлығы болады – бірақ кейіннен. Жақсырақ болғаныңда. Табыстырақ. Лайықтырақ.
Бұл дұрыс жоспарлаудан несімен ерекшеленеді
Адам осындай синдромға тап болған кезде ешқандай әрекет жасамайды, тіпті, мақсатына қарай шағын адымдарға да бармайды. Ол тек болашақ туралы армандайды да, алайда оған қарай тіптен қадам баспайды. Не болмаса керісінше жағдай болады – ол бар күшін салады, дегенмен мұны жеткіліксіз деп санайды: құзіреттері, шарттар, өзіне деген сенімділік жетіспейді. Әрдайым тағы да біршама ілгерілеу қажет секілді көрінеді: оқи тұру, тағы да арықтау, ақша жинау, «мінсіз сәтті» күту. Сондықтан ойластырылған мақсаттардың жүзеге асуы ұдайы кейінге қалдырылады.
Дұрыс жоспарлауда бәрі де басқаша болып келеді. Мұнда үзілістермен бірге болсын, дегенмен қозғалыс бар. Адам өзінің мақсаттарын анық түсінеді, уақыт, энергия, қаражат, дағдылар секілді ресурстарын жете бағалайды. Ол қиялдарға емес, шынайылыққа негізделе отырып, жоспар құрады. Ең бастысы, тіпті, барлығы мінсіз болмаған күнде де сол жетілмегендікке рұқсат беріп, әрекет ете бастайды.
Мұндағы қорқыныш неде?
Кейінге қалдырылған өмір синдромының негізінде қорқыныш жатыр: қателікке жол беру үрейі, кінәрат тағудан қорқу, жетілмегендік қорқынышы, сәтсіздікке ұшырау үрейі және, тіпті, табысқа жету қорқынышы, өйткені оның артында жаңа үміттер, жауапкершілік пен өзгерістер тұруы мүмкін. Қорқыныштардың болғаны – бұл қалыпты нәрсе. Бізге білмегендік, қателесу, қорқу, мінсіз болмау қасиеттері тән. Айта кетсек, кез келген адамның бойында міндетті түрде тұрақтылық пен болжамдыққа деген ұмтылыс болады. Ағза кез келген өзгерісті, тіпті, жақсы өзгерістің өзін қауіп ретінде қабылдауы ықтимал.
Алайда парадокс мынада: өзгерістер кез келген жағдайда болады. Әлем өзгеріп отырады, жайғдайлар өзгеріп отырады, біз өзіміз өзгеріп отырамыз. Ал егер сол қорқыныш сезімі қашан ғайып болады екен деп күтіп отыра берсек, бір қадам да жасамай қалу қаупі бар. Сол себептен негізгі міндет – үрейленуді қою емес, сәл қорқынышты болса да, алға қарай қадам басу керек. Өзіңізді қолдау және қарсы тұру қасиетіңізбен ұқыпты жұмыс істеу, әрі өзіңізге жәбір көрсетпеу қажет.
Ал жаман әдеттердің қатысы қандай?
«Демалыстан кейін жаңа өмірді бастаймын». «Дүйсенбіден бастап тек қана дұрыс тамақтану, жүгіру және медитация жасаймын». Таныс жағдай ма? Бұл игі ниетпен бүркемеленген кейінге қалдырылған өмірдің классикалық мысалдары. Ал жаман әдеттер – мейлі бұл темекі тарту болсын, мейлі артық тамақ ішу немесе тұрақты түрде қайталанатын кешкілік бокал болсын, көбінесе босаңсудың емес, кейінге қалдырудың жораларына айналады. Осында тағы бір кеңінен таралған тұзақ түрін қосайық: «бәрі немесе ештеңе емес» қағидаты бойынша ойлау. Мен марафондарда жүгіретін, қарақұмықты ғана жейтін, қантқа қол тигізбейтін салауатты өмір салтынының супер жақтаушысы боламын, не болмаса бұл ойым орындалмаған жағдайда бір кештің ішінде тұтастай торт та желінсін, темекіден кейін темекі де кете берсін. Алайда бұл ойлар қамқорлық таныту жайында емес – бұл өзіңізге деген қатыгез әрі зорлық-зомбылыққа толы қарым-қатынас. Салауатты өмір салты – бұл үдеріс. Иә, ол кішкентай қадамдардан бастау алады: мәселен, пайдалы таңғы ас. Алкогольсіз өткен бір күннен, үйдің айналасындағы кішкене серуеннен, жылдам көмірсулардың мөлшерін қысқартудан басталады. Әлбетте, қолыңыздан келетін ең жақсы нәрсе – жаман әдеттеріңізден біржолата бас тарту екені сөзсіз. Алайда егер, тіпті, барлығы бірден болмаса да, бұл мүлдем қорқынышты емес. Ең бастысы, ыңғайлы сәтті күту емес, алға қарай жылжу. Сондай-ақ әрбір жасаған қадамыңыз үшін өзіңізді міндетті түрде мақтап отырыңыз, әрі құрметтеңіз.
Салдары
Психика шаршайды. Осы тұста шаршағандық, ұдайы қанағатсыздық сезімі, депрессия, ұйқысыздықтан бастап психосоматикаға дейінгі денелік симптомдар пайда болуы мүмкін. Физиологияны алдай алмайсыз: егер сіз өз өміріңізді қолға алмасаңыз, денеңіз мұны сезеді.
«Осында және қазір» сәтіне оралудың жолы қандай?
- Тоқтаңыз да, өзіңізден былай деп сұраңыз: «Дәл қазір нені сезіп тұрмын?». Бұл уайым, қуаныш, үрей, жеңілдік, ашушаңдық болуы мүмкін. Эмоцияларды байқау мен оларды атауды үйреніңіз.
- Дене практикалары (би, йога, тыныс алу).
- Психологпен жұмыс: осылайша қай жерде іркілгеніңізді анықтап, алға қарай байқап қозғалуды бастауға болады.
- Күніңізді шағын тапсырмалар бойынша жоспарлаңыз және орындалуын трекер арқылы қадағалаңыз. Бұл, тіпті, ешнәрсе өзгермегендей болып көрінген жағдайда да, қаншама жасап үлгергеніңізді көрудің қарапайым тәсілі.
- 5-4-3-2-1 практикасын байқап көріңіз.
Қорытынды
Кейінге қалдырылған өмір синдромы – бұл үкім емес, бұл мінез-құлық үлгісі. Ал мінез-құлықты өзгертуге әбден болады. Біз көбінесе «қолайлы сәтті» күтіп отырамыз, ал ол келмей қалуы да бек мүмкін. Өзгерістер үшін ең ыңғайлы сәт – дәл қазір екендігін ұғыну – міне, нағыз бақыт пен қанағат сезімінің кілті.