Ыңғайлы адам болуды тоқтату

Ыңғайлы адам болуды тоқтату: жеке шекаралар бойынша пайдалы кеңестер

Сіз басқа біреудің міндеттерін мойныңызға артып, жағымсыз жағдайларға төзіп, әрі баршаның көңілінен шығуға тырысатыныңызды байқап па едіңіз? Егер осының салдарынан өзіңізге деген уақыт қалмаса, демек, жеке шекараны белгілейтін кез келді. Лайқос ыңғайлы адам болуды тоқтатудың жолы туралы айтып береді.

Неліктен ыңғайлы болу зиянды

Әрдайым басқалардың ыңғайына қарай бейімделген кезде сіз жеке қажеттіліктеріңізді елемей жүресіз, бұл ретте күйзеліс деңгейі мен эмоциялық шаршағандық қаупі арта түседі. Адамдар сіздің әркез «иә» деп айтатыныңызға әдеттенеді де, уақыт өте келе көбірек нәрселерді талап ете бастайды, ал бұл жайт қосымша қысым тудырады. Мұндай жағдайда өзіндік құндылық сезімі мен сенімділіктен айырылып қалу оңай. Ұзақ мерзімді келешекте бұл созылмалы шаршау мен барлығы әрдайым тек сіздің мойныңызға ғана жүктелетіндей сезімге әкеліп соқтырады.

Ыңғайлы болуды қалай тоқтатқан жөн

Өз шекараларыңызды сезініңіз

Алғашқы қадам – сіздің шегіңіздің қайда екендігін ұғыну. Бұл келесілер болуы мүмкін:

  • Уақыт пен энергия.
  • Жеке нанымдар мен құндылықтар.
  • Физикалық және эмоциялық жайлылық.

Өзіңізге ұнамайтын нәрсеге келісім берген жағдайларыңызды жазып көріңіз. Бұл сізге қайталанатын үлгілерді көру мен шекараларыңызды нақты не нәрсе бұзатынын түсінуге көмектеседі.

«Жоқ» деп айтуды үйреніңіз

  • Шағын нәрселерден бастаңыз: сіз үшін маңызды емес өтініштен бас тартыңыз.
  • Жұмсақ тұжырымдамаларды қолданыңыз: «Қазір қолымнан келмейді», «Маған ыңғайсыз», «Мен жайлы ойлағаныңызға рахмет, бірақ қолым тимейді».
  • Ақталмаңыз – қысқа ғана «жоқ» дегеніңіз жеткілікті.

Басымдықтарды белгілеңіз

Сіз үшін ненің маңызды, ал не нәрсенің маңызды емес екендігін анықтап алыңыз. Басқа адамдардың сұраған жайттарының бәрі де сіздің атсалысуыңызды талап етпейді. Күшіңізді қайда жұмсауға болатынын, ал қай жерде жай ғана бас тартуға болатынын таңдаңыз.

Өзіңізді сыйлауды ұмытпаңыз

Сіздің «ыңғайлығыңыз» сізді жақсы адам етпейді. Өзіңізге деген шынайы құрмет өз қажеттіліктеріңізге деген адалдық пен қамқорлық танытудан көрініс табады. Қаперіңізде болсын: сіздің қажеттіліктеріңіз тура басқалардың мұқтаждықтары секілді маңызды.

«Менмәлімдемелерді» қолданыңыз

Бас тарту немесе шекараны белгілеу қажет болған жағдайда басқаға айып тақпай, өз сезімдеріңіз бен қажеттіліктеріңіз жайында айтыңыз. Мәселен: «Маған бұл жобаны аптаның соңына дейін аяғына жеткізу маңызды, сондықтан бүгін мен басқа тапсырма бойынша көмектесе алмаймын».

Кінәлік сезімге бой алдырмаңыз

Адамдар көбіне-көп біреудің өтінішін қабыл алмаса, бұл оларды бірден «нашар» немесе «әдепсіз» етеді деп қорқады. Ал шын мәнісінде шекаралар – бұл адамдардан бас тарту емес, бұл дегеніміз өзіңе қамқорлық таныту. Әдетте адамдар қисынды әрі дөрекілікке жол бермей жеткізілетін адалдықты құрметтейді.

Біртіндеп енгізу

Бір күннің ішінде «ыңғайлы адам» болуды тоқтату мүмкін емес. Кішігірім қадамдардан бастағаныңыз абзал:

  • Күніне бір өтініштен бас тартыңыз.
  • Өзіңізге арналған уақытты белгілеңіз.
  • Шекараларды қоюды қауіпсіз ортада, мысалы, жақын достарыңыздың арасында дағдыланыңыз.

Уақыт өте келе бұл әдетке айналары шүбәсіз, әрі өзгелердің өтініштерін қабыл алмау алаңдаушылықты тудырмайды.

Көмекке жүгініңіз

Егер сіздің шекараларыңыз ұзақ уақыт бойы бұзылса, ал өзгені ырза қылу әдетіңіз тұрақты болса, бұл ретте психологпен жұмыс істеу пайдасын тигізуі бек мүмкін. Кәсіпқой маман ішкі көзқарастарыңызды ұғыну мен кінәлік сезімінсіз құқықтарыңызды қорғауға көмектеседі.

Қорытынды

Сіздің уақытыңыз, энергия мен жайлылығыңыз тура өзгелердікіндей маңызды екендігін қаперіңізден шығармаңыз. Адалдық пен өзіңізге деген қамқорлық сізден өзімшіл біреу етпейтіні хақ. Тәжіребенің арқасында сіз өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынастарды құра аласыз, әрі міндеттердің бәрі әрдайым сізге ғана жүктелген деген сезімнен құтыласыз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.