Жанжал кезінде үзілісті қалай дұрыс алу керек және қашан бітісу керек: жұптарға арналған нұсқаулық

Араздасып қалғанда үзіліс алудың дұрыс жолы және қай уақытта татуласқан жөн

Ұрыс-керіс – кез келген қарым-қатынастардың қалыпты бір бөлшегі. Бұл адамдардың арасында сезімдердің, үміттер мен шекаралардың бар екендігін көрсетеді. Алайда дәл осы дау-жанжалдың нағыз қызған кезінде біз қателіктерге жиі жол беріп жатамыз: кейін өкінетін нәрселерді айтып қаламыз, тұйықталамыз немесе шабуыл жасаймыз. Лайқос үзіліс алудың дұрыс жолы мен әңгімеге қашан қайта оралу керектігін айтып береді.

Ұрыс-керіс кезінде үзіліс алудың қажеті не

Эмоциялар шектен тыс шыққанда ақыл-ой «өшіп» қалатын іспетті. Бұл сәтте ми әйтеуір тірі қалу тәртібінде жұмыс істейді: тиімді ойлау емес, ұру, қашу немесе қимылдамай қалу секілді реакциялар негізгі маңызға ие болады. Жұбыңыздың кез келген сөзі қауіп-қатер ретінде қабылданады және, тіпті, тыныш айтылған сөздің өзі ашу-ызаның өршуіне әкеліп соқтыруы ықтимал.

Мына жайтты түсінген абзал: үзіліс кетіп қалу немесе үнсіздікпен жазалау үшін емес, тынышталуыңызға уақыт беру мен ойлау қабілетін қайтару үшін керек. Бұл есіңізді жинап, қалыпқа түсудің, ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіру мен шын мәнісінде нені қалайтыныңызды түсінудің мүмкіндігі – сіздікі дұрыс екендігін дәлелдеу ме, әлде қарым-қатынастарды сақтап қалу ма?

Үзіліс алудың дұрыс жолы

Бастысы, аяқ астынан ғайып болмау. Егер сабырлы түрде сөйлей алмайтыныңызды сезінсеңіз, ол жайында тікелей айтқаныңыз абзал: «Мен қазір сөйлесе алмаймын, өйткені тым ашулымын. Әңгімемізге ашу сәл басылғаннан кейін оралайықшы».

Бұл сөздер айып тағу ретінде естілмейді және жұбыңызға үрей тудырмайды. Оның орнына болжалды уақытты белгілеп алғаныңыз дұрыс – мәселен, бірнеше сағаттан кейін немесе ертесіне таңертең әңгімелесу.

Үзіліс алған кезде болған шиеленісті қайта-қайта еске түсіріп, әрі жаңа дәлелдерді құрастырудың қажеті жоқ. Оның орнына денеңізге көңіл аударыңыз: жаяу жүріп қайтыңыз, душ қабылдаңыз, тыныс алу гимнастикасын орындап шығыңыз. Назар денелік сезімдерге оралған кезде адреналин мен картизол деңгейі төмендей түседі, әрі сіз шындықты қайтадан барабар қабылдай аласыз.

Қай уақытта татуласу керек

Дұрыс сәтті таңдай білген маңызды – яғни, сіз сабырлы түрде сөйлесе алғаныңызда, дегенмен жұбыңызды уайымдатып, күткізіп қойып, үзілісті тым созып жібермеу керек. Егер ішіңіз алай-дүлей болып жатқан сезімге толы, ал ойыңыз тек қана кінәліні іздеумен әлек болса, демек, уақыт әлі келген жоқ. Эмоцияларыңыздың тынышталуына мүмкіндік беріңіз.

Сөйлесерден бұрын өзіңізге бірнеше сұрақ қойыңыз:

  • Оған «сенікі дұрыс емес» дегеннен басқа, шын мәнісінде, не айтқым келіп тұр?
  • Жанжал басталғанда мен не сезіндім – жанның ауырғанын ба, қорқынышты ма, әлді ренішті ме?
  • Мен үшін жұбымның не нәрсені түсінгені маңызды?

Үзілістен кейін көбінесе ұрыс-керістің мәні – нақты бір жағдаятта емес, оның артындағы сезімдерде екендігі анықталып жатады.

Сөйлесуге бел буғаныңызда кінәні жаудырудан емес, «мен-хабарламалардан» бастап көріңіз:

  • «Сен осылай істеген кезде маған ауыр тиеді…»
  • «Мені ешкім естімейтінін сезіндім де, ренжіп қалдым».

Мұндай сөздер қорғаныс реакциясын тудырмайды және диалогқа деген жолды ашады.

Қорытынды

Қаперіңізде болсын: кез келген қарым-қатынастар түрлі дауылдардан өтеді. Алайда мұны қалай бастан өткеретінімізге қарай, яғни, сыйластықпен, сабырмен, әрі түсінуге деген дайындықпен болса, осыған байланысты шынайы жақындық пен жақсы қарым-қатынас та қалыптасады.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.