Қызғаныш дегеніміз не және қызғануды тоқтатудың жолы қандай? - Лайқос

Қызғаныш: қатынастардың дұшпаны ма, әлде ойлануға себеп пе?

Қызғаныш – бұл чили бұрышы іспетті: кішкене болса, ащы дәм қосады, тым көп болса, тағамды бүлдіріп жібереді. Әрқайсысымыз өмірімізде бір рет болса да, осы бір жан күйдірерлік сезімді бастан кешірген шығармыз: кенет жұбыңыз сіздің әзіліңізге қарағанда әлдебіреудің қалжыңына қаттырақ күліп жіберді ме? Не болмаса басқа біреудің суретіне басылған лүпіл негізсіз күдік тудырды ма? Біз қызғаныштың не екенін, оның қайдан пайда болатыны мен ең бастысы – қарым-қатынастарды бүлдіріп алмау үшін оған төтеп берудің жолын анықтауға бел будық.

Сонымен қызғаныш дегеніміз не

Қызғаныш – бұл миымыздың бізге ұсынатын эмоциялар коктейлі. Мұнда үрей, ашу, реніш, күншілдік және өз-өзіңе деген сенімсіздіктің де бір салымы бар. Егер сау қызғаныш – бұл жай ғана «Әй, маған осы қарым-қатынастарды сақтап қалу маңызды» деген белгі ғана болса, патологиялық қызғаныш сенімді бұзатын нағыз құбыжыққа айналуы әбден мүмкін.

Мәселен, егер сіз серігіңіздің басқа біреумен араласып тұрған кезінде жеңіл мазасыздықты сезінсеңіз – бұл қалыпты нәрсе. Алайда егер сіз оның телефонын қадағалап жүрсеңіз және әрбір қадамы үшін есеп сұрап жатсаңыз, демек дабыл қағатын кез келді деген сөз. Шынтуайтқа келгенде бұл қарым-қатынастар үшін ғана емес, сондай-ақ сіздің жан саулығыңыз үшін де қауіпті.

Біз неге қызғанамыз?

  • Сенімнің жеткіліксіздігі. Мысалы, егер сізге осыған дейін біреу опасыздық жасаған болса, бұрынғы тәжірибеңізді жаңа қатынастарға «әкелмеңіз».
  • Өзіңізге деген сенімсіздік. Сіздің ішкі сыншыңыз ұдайы былай деп сыбырлап тұрады: «Ол сені таңдайтындай, сен оған лайық емессің». Әрі бұл ішкі сыншыңызды «қызметінен босатуды» қажет ететін нақ сол жағдай.
  • Эмоциялық тәуелділік: адам өз серігін өмірінің орталық мәніне айналдырған кезде, қызғаныш сезімі анағұрлым күшейе түседі. Сізде қарым-қатынастардан басқа жеке өміріңіз де болуы тиіс – хобби, жұмыс, достар.
  • Назар аударуды қажетсіну. Жұбыңыз сізді байқамайтын сияқты болып көрінген кезде басыңызда бірден «Менен жақсырақ біреу бар» атты сериалы қосыла кетеді. Бәлкім, дәл қазір серігіңіз қиын кезеңге тап болып, әрі оның өзіне де ерекше қамқорлық қажет шығар.

Қызғануды тоқтату мен өміріңізді бүлдірмеудің жолы

  1. Қызғанышыңыздың себебін табыңыз. Көбінесе қызғаныш – бұл сіздің ішкі қорқыныштарыңыздың айнасы болып келеді. Өзіңіздің осал тұстарыңыздың бар екенін сезесіз бе? Сізді тастап кетеді деп қорқасыз ба? Демек осы эмоцияларыңызбен жұмыс істеуді бастаңыз. Иә, әрине, бұл бес минуттық жұмыс емес, дегенмен бұл – тұрарлық нәрсе.
  2. Детектив болуға тырыспаңыз. Егер сіз серігіңізден әр қадамы үшін ерекше «құштарлықпен» жауап алсаңыз, не болмаса оның әлеуметтік желілерін қадағалап жүрсеңіз, сіз қатынастарыңызды нығайтпай, керісінше, оларды бұзасыз. Сенім – бұл база. Егер ол болмаса, демек 24/7 тәртібінде оның ізіне түсу де мүлдем көмектеспейтіні айқын.
  3. Көмекке жүгініңіз: егер қызғаныш жабысқақ нәрсеге айналса, оның негізгі себептерін анықтау үшін психолог маманымен сөйлесіп көріңіз.
  4. Өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз. Әсіресе, Инстаграм дәуірінде, өйткені ол жердегі барша адамдар жайнаған аппақ күлкі мен яхталардағы «кездейсоқ» суреттерді салады да тұрады. Есіңізде болсын: сіз – бөлексіз, әрі сізді құр әшейін таңдаған жоқ. Бойыңызда өзіңізге ұнайтын қасиеттеріңіздің тізімін жасап көріңіз, әрі бірегей екеніңізді ұғынып алыңыз.

Сенімді қалай нығайтуға болады?

  • Ашық сөйлесіңіз. Егер сізді қандай да бір нәрсе мазаласа, ашық айтыңыз. Алайда айып тақпаңыз, тек сезімдеріңізге негізделіңіз: «Сен ұзақ уақыт жауап бермеген кезде, мен алаңдай бастаймын». Ойыңызды тікесінен айтсаңыз, жағдайдың шиеленісуі де азырақ болары сөзсіз.
  • Уәдеңізде тұрыңыз. Егер сіз сағат сегізге қарай үйде боламын деп келісіп қойсаңыз, түннің ортасында келіп тұрмаңыз. Бұл сенімге нұқсан келтіреді. Егер қандай да бір форс-мажор жағдайы болып қалса, бұл туралы жұбыңызға ескертіп, себебін түсіндіріңіз. Осылайша оның сезімдері сіз үшін маңызды екенін көрсетесіз.
  • Жеке кеңістікті бағалаңыз. Сздің серігіңіз – жеке меншігіңіз емес, әрі оның да өз өмірі мен достарының болуына құқысы бар. Сондықтан бір-біріңізге де, өзіңізге де еркін тыныс алуға мүмкіндік беріңіз.

Қорытынды

Ең бастысы – қызғаныштың табиғатын ұғына отырып, бұл сезімге дау-жанжалдардың себебіне айналуына жол бермеу. Егер сіз қызғанышты сезіп жатсаңыз, бұл қарым-қатынастарды құртудың желеуі емес, бұл дегеніміз сізге сабырлы және бақытты болуға не нәрсе кедергі етіп тұрғаны жайында ойланып қалудың мүмкіндігі.

Есіңізде болсын: қарым-қатынастағы ең басты жайт – бұл құрмет, адалдық және сол адамның жанында болу ұмтылысы. Ғашық болыңыз, сеніңіз және артық ойларға сізді бақылауға алуға мүмкіндік бермеңіз. Ал егер бақылауды тартып алып үлгерсе ше? Олай болса, енді сіз бұл жағдаймен не істеу керектігін білесіз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.