
Қатынастардағы red flags пен green flags: не алаңдатады, ал не нәрсе жарастықты білдіреді
Егер сіз ғашық болып қалсаңыз, әрі бар ойыңыз «оның қандай ерекше» немесе «ол сондай керемет» екендігі жайында болса, біз мына бір басты нәрсені естеріңізге салуды жөн көріп отырмыз. Адамдар өзгремейді. Олар жай ғана маска тағуды тоқтатады – бар керегі сізді өзіне қаратып алу. Алғашында сүйкімді қамқорлық болып көрінген жайттар ертеңгі күні сіздің жеке түрмеңізге айналуы әбден мүмкін. Ол сізден жасаған әрбір қадамыңыз үшін есеп беруді талап етеді. Ол – достарыңызбен кездесуге тыйым салады. Әрі бұл махаббат жайында емес, бұл бақылау туралы.
Қатынастардағы red flags пен green flags дегеніміз не
Red flag («қызыл жалау») термині спорт пен өмірде «стоп» белгісі ретінде қолданылады. Қарым-қатынастарда бұл қауіптің белгісі, демек қандай да бір нәрсе дұрыс емес. Көбінесе бұл қамқорлық түрінде көрініс табады: серігіңіз сіздің қайда және кіммен екеніңіз жайында есеп беруді сұрайды. Не болмаса қысқа көйлек киіп түскен фотосуретіңізді әлеуметтік желілерге салмауыңызды тұспалдайды. Әуел баста бұл сезім білдіру секілді көрінуі мүмкін, дегенмен уақыт өте келе нағыз қысым мен бақылауға айналады.
Green flags – тура керісінше жайт. Бұл сізге және өміріңізге деген құрмет таныту. Мұндай адаммен бейімделудің еш қажеті жоқ, кез келген сұрақтарды байсалды түрде талқылау мен өзіңізді қауіпсіз сезінуге болады.
Мына бір жайтты қаперіңізден шығармағаныңыз абзал: әрбір адамның өз шекаралары мен үміттері бар. Сондықтан кез келген белгілер – бұл мүлдем үкім емес, бұл жағдаяттың сіз үшін қаншалықты жайлы екендігі жайында қайта ойлануға себеп.
Қандай red flags пен green flags кездеседі
Ерлерге тиесілі танымал red flags:
- Сіздің өміріңізді қадағалайды – телефоныңызды тексереді, есеп беруіңізді талап етеді, жарқын стильде киінуге тыйым салады.
- Эмоция ауытқуына жол береді – біресе құдайдай көреді, біресе назарына ілігу үшін алшақтайды.
- Шекараларды басып сындырады – сіздің ыңғайлы болғаныңызды қалайды, құрбыларыңыз бен жұмыстың қажеті жоқ екендігін тұспалдайды.
Ерлерге тиесілі танымал green flags:
- Шекараларыңызды құрметтейді – қысым көрсетпейді, іші-бауырыңызға кірмейді, егер сіз қалап тұрмасаңыз, жыныстық қарым-қатынасқа түсуге мәжбүрлемейді.
- Дәл осы қалпыңызда қабылдайды – бар эмоцияларыңызбен, мінезіңізбен, сыртқы келбетіңіз және әдеттеріңізбен бірге.
- Сөзінде тұрады және жауапкершілікті өз мойнына алады – уәде еткен нәрсені орындайды және қателіктерін мойындайды.
Әйелдерге тиесілі танымал red flags:
- Шекараларыңызды жоққа шығарады – 24/7 тәртібінде көңіл бөлуіңізді талап етеді, жалғыз қалуды қаласаңыз, ренжіп бастайды.
- Өкпе-реніштері арқылы манипуляция жасайды – оны қалай ренжіткеніңізді өзіңіз түсініп жетесіз деп күтеді.
- Қарым-қатынастарды пайда үшін орнатады – сыйлықтар мен бар мәселелерінің шешілуін күтеді, алайда өзі қатынастарға ешқандай үлес қоспайды.
Әйелдерге тиесілі басты green flags:
- Сізге сенеді – тексерістерді ұйымдастырмайды және айтқан сөзіңізден мін іздемейді.
- Мақсаттарыңызды қолдайды – жетістіктеріңізге қуанады және бар назарды өзіне тартуға тырыспайды.
- Қиыншылықтарды байсалды түрде талқылайды – ренжімейді және сізбен бірге шешімдерді табуға тырысады.
Қорытынды
Red flags пен green flags – бұл сіздің ұстанатын бағдарыңыз. Қазірдің өзінде алаңдаушылық тудыратын белгілерді ескерусіз қалдырмаңыз, әрі құнсыздандырмаңыз. Дәл қазір таңдау жасауды талап ететін нәрсені кейінге қалдырмағаныңыз абзал. Өйткені салауатты қарым-қатынастар – бұл өзіңізді құрбан ету мен ыңғайлы болу ұмтылыстары емес. Бұл күн сайын өз қасиеттеріңізге берік болу мен өз тарапыңызда қалу таңдауы.