Асексуалдар деген кім және олар қалай өмір сүреді. Оларға секстің қажеті жоқ - Лайқос

Асексуалдар деген кім және олар қалай өмір сүреді. Оларға секстің қажеті жоқ

«Шыны керек, сенде жақсы секс болмаған ғой» – деп адамдар біреуді жыныстық қатынастар қызықтырмайтын болса, осылай айтатын көрінеді. Асексуалдылық – ең қате түсіндірілетін жыныстық бағдарлардың бірі. Көптеген адамдар асексуалдардың романтикалық қарым-қатынастарда жақсы тәжірибесі болмаған, әрі оларды шын мәнінде жүні жығылған жандар деп қате есептейді.   
Асексуалдар – бұл басқа адамдарға деген жыныстық құмарлық немесе ынтызарлықты сезінбейтін адамдар. Әрі осы тұста бұл нақты бір адамға: ер адам немесе әйелге (гетеро- не болмаса гомосексуалдылық тип бойынша) байланысты болмайды, – асексуалды адамдар физикалық жақындыққа деген физиологиялық қажеттілікті сезінбейді.

МЕДИЦИНА НЕ ДЕЙДІ?

Медицина тұрғысынан қарайтын болсақ, асексуалдылық бұл белгілі бір патология немесе бұзушылық емес. Медицина мойындап отырғандай, адамдарда асексуалдылықты қоса алғанда, әртүрлі жыныстық бағдарлар және құмарлықтар болуы мүмкін. Асексуалдылықтың медициналық немесе психологиялық түйткілдерге қатысы жоқ, әрі бұл емдеу немесе өзгертуді қажет етпейді.

 

Медициналық қауымдастық жыныстық бағдарлар мен сәйкестіліктердің кең спектрінің бар екендігін мойындап отыр, соның ішінде асексуалдылық, гомосексуалдылық, бисексуалдылық және т.б. баршылық.

 

Жыныстық құмарлық пен тартымдылық адамның дербес және жеке тәжірибесі екендігін айтып өткен жөн. Бұл белгілі бір адам үшін қалыпты және ыңғайлы болуы, әрі басқа біреудің тәжірибесінен ерекшеленуі мүмкін. Осылайша, өзіңнің махаббат нысаны болып саналатын адамға деген жыныстық ынтызарлықтың болмауы (асексуалдылық жағдайында) медициналық көзқарас тұрғысынан қалыпты емес немесе патологиялық хал-жағдай болып есептелмейді.

 

ДЕМЕК, ЕМДЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ ПА?

Жоқ, асексуалдылық медициналық араласу немесе емдеуді қажет етпейді.

 

Дегенмен егер асексуалды адам дистресс, қарым-қатынастардағы түйткілдер немесе жыныстық бағдарға байланысты басқа да қиындықтарға тап болып жатса, онда ол қолдау табу үшін, кеңес алу немесе аталмыш мәселелерді шешу мақсатында көмек алу үшін психология немесе сексология саласындағы кәсіпқой мамандарға өз мәселесімен жүгіне алады. Осындай жағдайларда әдетте негізгі фокус адамның жеке сәйкестілігінің бір бөлігі болып келетін асексуалдылықтың өзін өзгертуге емес, қайта жайлылықты қамтамасыз ету және өзін-өзі жақсырақ сезінудің адаптивті стратегияларын табуға бағытталады.

 

АЛ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР ШЕ?

Асексуалдардың романтикалық сезімдер және серіктестікке деген жалпы көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір асексуал адамдар романтикалық сезімдерді сезініп, романтикалық қарым-қатынастарды орнатуды қалап тұруы мүмкін, сонымен бірге басқалары романтикаға бейім емес және романтикалық сезімдерге мүлдем беріле алмауы ықтимал.

 

Мына бір маңызды жайтты айта кеткен жөн, асексуалдылық – бұл жыныстық бағдар мен сәйкестіліктің кең спектрінің бір бөлігі болып келеді. Әрбір адам бірегей, әрі асексуал адамдардың тілектері, сезімдері және тәжірибелері алуан түрі болуы ықтимал. Кейбір асексуалдар басқа адамдарға эмоционалдық немесе романтикалық тартымдылықты сезіне алады, алайда олардың бойларында жыныстық сезімдер немесе ынтызарлыққа орын табыла қоймайды.

 

ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАССЫЗ ӨМІР СҮРУГЕ БОЛАДЫ

Асексуалдар өздерінің дербес қалаулары мен ыңғайлы өмір салтына байланысты жыныстық қарым-қатынассыз да әралуандыққа толы өмір сүре алады. Оларға өздерінің бірегейлігіне қарамастан, тамаша өмір сүруге көмектесетін кейбір аспектілерді атап өтейік.

 

Жыныстық құмарлықтың болмауы. Асексуалдар басқа адамдарға деген жыныстық құмарлықты сезінбейді. Олар үшін жыныстық қатынас қажеттілік емес және өмірлерінің ажырамас бөлігі болып саналмайды.

 

Байланыс және шекаралар. Асексуалдар серіктестерімен жыныстық қатынасқа байланысты өздерінің қалауы мен шекарасы турасында айта алады. Жыныстық тұрғыдан не күтетіндерін және қажет болған жағдайда компромисті іздеу туралы айқын және ашық диалог орнатқандары маңызды.

 

Жақындықтың баламалы түрлері. Жыныстық емес жақындық пен интимділіктің алуан түрлі формалары арқылы, соның ішінде сүйісу, құшақтасу, аймалау, романтикалық әңгімелер, бірін-бірі қолдау мен эмоционалдық байланыс секілді түрлері арқасында қанағаттанушылықты табуға болады. Сезімдерді осылай таныту олардың интимдік қарым-қатынастарының негізі болуы әбден мүмкін.

 

Қарым-қатынастардың алуан түрлілігі. Асексуалдар өздерінің қажеттіліктері мен қалауларына байланысты қарым-қатынастарының алуан түрлерін құра алады. Кейбіреулер жыныстық қатынасы жоқ романтикалық қарым-қатынастарды қаласа, басқа біреулер роматикасыз немесе сексуалдық элементтері жоқ серіктестікті де қалауы мүмкін. Ең маңыздысы, олардың қажеттіліктерін түсінетін және бөлісетін серіктесті тауып алу болып келеді.

 

Жеке жайлылық. Әрбір асексуал адамның бірегей қажеттіліктері мен тілектері болады. Кейбір адамдар үшін асексуалдылық олардың өзін-өзі сәйкестендіру мен ұғынуының бір бөлігі болып саналады, әрі олар жыныстық қатынассыз-ақ өмірден қанағаттанушылық сезімін таба алады. Ал басқа біреулері үшін кәсіпқой кеңес берушілердің қызметі немесе қосымша қолдау мен кеңестерді алу үшін қолдау көрсетуші топтардың көмегіне жүгінген пайдалы.

 

Асексуалдардың тәжірибесі бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін екендігін айта кеткен маңызды, және де әрбір асексуал адам оның жеке қажеттіліктері мен қалауларына сәйкес келетін жыныстық қатынастары жоқ өзіндік дербес өмір салтын таба алады. Кейбір асексуалдар өзінің серіктесі ретінде секске деген қарым-қатынасын түсінетін басқа асексуал адамды таңдай алса, басқалары жеке өмірді таңдауы ықтимал.

 

Осының барлығынан тиетін зиянды қалай төмендетуге болады? Адамдарға таңдау еркіндігін беріп, оларды айыптаудың керегі жоқ. Жыныстық құмарлықтың болмауы романтикалық сезімдердің, эмоционалдық байланыс пен қарым-қатынастардағы жақындық үшін мүмкіндіктің жоқтығын білдірмейді. Асексуалдар эмоционалдық байланыс, өзара құрмет пен бір-біріне қолдау көрсетуге негізделген терең және мағыналы романтикалық қарым-қатынастарды сезіне және құра алуы мүмкін.

 

АЛ БАЛАЛАР БОЛА МА ӨЗІ?

Жыныстық құмарлықтың болмауы асексуалдардың берік сезімдерге негізделген әрі балалы отбасыға ие бола алмайды деу қателік. Сексуалдылық романтикалық қарым-қатынастардың немесе ата-ана болу мүмкіндігі мен сапасын анықтайтын жалғыз фактор емес.

 

Асексуалдар басқа да адамдар секілді өздерінің қалауы мен мүмкіндіктеріне қарай ата-ана атануы әбден мүмкін. Олар ата-ана болудың әртүрлі тәсілдерін таңдай алады, соның ішінде биологиялық ата-ана болу, бала асырап алу немесе көтерген ана көмегіне жүгінуі мүмкін. Әрбір серіктес өзінің қалауларын жете түсініп, серіктесімен талқылап, әрі өзінің жеке сенімдері мен мүмкіндіктеріне негізделген шешімді қабылдағаны маңызды.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]