Анықтама жоқ, секс те жоқ: неліктен қауіпсіздік соншалықты маңызды?
Жыныстық қатынас туралы сөз қозғалған кезде біздер ыңғайсыз тақырыптардан қашқалақтай бастаймыз. Қалауларыңыз бен фетиштерді талқылауды наздылық ретінде қабылдаудың орнына, қауіпсіздік туралы әңгіме көбінесе «жайлы аймақтың» шегінен шығумен тең. Алайда қауіпсіздік – жағымды жыныстық қатынас үшін керекті негізгі шарттардың бірі. Бүгінгі анықтайтынымыз: жыныстық қарым-қатынастарды бастамас бұрын серіктесіңізден нені және қалайша біліп алған маңызды?
ҚАУІПСІЗ ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАС ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Қауіпсіз жыныстық қатынас тәжірибесі жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетуге және қалаусыз жүктілікті болдырмауға септігін тигізеді. Сақтық шараларының ең ұғынықтылары – мүшеқаптар, бала көтертпейтін дәрі-дәрмектер және басқа да контрацепция әдістерін қолдану. Осы тұста айта кетерлік бір жайт, мүшеқаптар – жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алуға да, сондай-ақ қалаусыз жүктілікті болдырмауға да көмектесетін жалғыз контрацепция құралы болып саналады.
Физиологиялық аспектілерден басқа, бұл жерде екіжақты келісім мен рұқсат етілген және рұқсат етілмеген нақты шекаралардың орнатылуы маңызды рөл атқарады. Серіктесіңізбен өз қалауларыңызды және жыныстық қатынас барысынан не күтетініңізді талқылап алу керек, сонда бұл үдеріс екі адам үшін де жайлы болмақ.
Тағы бір айтуға тұрарлық тұс – жыныстық қатынастың қауіпсіздігіне толық сенімді болу үшін серіктесіңізден аурулардың жоқтығы туралы анықтаманы сұрағаныңыз жөн.
АУРУЛАРДЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Зерттеулер латексті мүшеқаптардың, тіпті, ең кішкентай қоздырғыштарға қарсы жоғары деңгейдегі қорғаныш тосқауылы ретінде бола алатындығын көрсеткенімен, олар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) барлық түрінен қорғай алмайтыны рас. Мүшеқап сыртқы жыныс ағзаларының аймағын толығымен жауып тұрмайды, сондықтан ол тәннің жанасуы арқылы берілетін инфекциялардан (АПВ, жыныстық аймақтағы ұшық және т.б.) қорғаудағы тиімділігі әлдеқайда төменірек болып келеді. Сонымен бірге, мүшеқап жиі еленбей қалатын оралды жыныстық қатынас кезінде де ЖЖБИ жұқтырып алу (хламидиоз, соз, мерез және т.б.) қаупі туындайды. Сондықтан егер сізде жыныстық қатынас бойынша жаңа немесе бірнеше серіктесіңіз болса, онда тек екіжақты түрде ұсынылған жұқпалы аурулардың жоқтығы туралы анықтама ғана керексіз инфекциялардан сақтай алады. Оны ЖЖБИ-ге анализ тапсыру арқылы алуға болады.
Көптеген жағдайларда инфекцияның айқын белгілері көзге көрінбеуі мүмкін. Сіз инфекцияны жұқтырып алып, ол туралы, тіпті, білмей жүре беруіңіз де әбден ықтимал. Сондықтан жыныстық қатынас тұрғысынан белсенді өмір сүретін адамдарға аталмыш анализдерді тұрақты түрде тапсырып отыруға кеңес беріледі. Жалпы скринингтің стандартты сұлбасы, яғни, жылына бір-екі рет, сондай-ақ жыныстық серіктесіңіз ауысқан сайын анализ тапсыру – жақсы ереже ретінде бола алады.
Анықтаманы алу – бұл ұятты нәрсе емес, бұл екі серіктестің де қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және жыныстық қатынас үдерісінен барынша ләззат алуға мүмкіндік беретін кәдуілгі, әрі ауырсынуды тудырмайтын процедура болып келеді.
СЕРІКТЕСІҢНЕН АНЫҚТАМА ТУРАЛЫ ҚАЛАЙ СҰРАУҒА БОЛАДЫ?
Анықтама туралы сұрау – бұл адамға жәбір көрсету немесе күдіктену дегенді білдірмейді, керісінше, бұл өзіңді және өз серіктесіңді қорғаудағы белсенді қадам екендігін есте сақтағаныңыз маңызды.
Сөйлесу үшін уақыт пен орын табыңыз
Осынау шетін тақырып үшін екеуіңіз де босаңсыған, алайда мәселеге ден қоя алатындай кезіңізде қолайлы уақыт пен орын тауып алыңыз. Әңгімені екеуіңіз жазысып отырған кезде бастау, не болмаса осы тақырыпқа әзіл-қалжың ретінде қараудың қажеті жоқ.
Анықтаманың маңыздылығын түсіндіруден бастаңыз
Сіз өзіңіздің денсаулығыңыз үшін және де пайда болуы мүмкін аурулардың қаупі турасында алаңдайтыныңызды айта аласыз. Мынадай сұрақтарды қоюдан бастасаңыз да болады:
«Сен «қорғаныш» құралдарын қаншалықты жиі қолданасың?», «Мен жуырда ЖЖБИ-ге тест тапсырған едім. Сен осыны соңғы рет қашан жасадың?», «Бәлкім, жақынырақ қарым-қатынастар деңгейіне шығу үшін тест тапсыруға бірге баруымыз керек шығар?».
Шыншыл және ашық болыңыз
Күмәнді сарынмен сөйлемегеніңіз абзал, сенімді болғыңыз келетіні жайлы ашық түрде айтқаныңыз дұрыс. Сондай-ақ өзіңіз де аурулардың жоқтығы туралы анықтамаңызды ұсынуға дайын екеніңізді қосымша жеткізсеңіз болады.
Тестілеуден бірлесіп өтуді ұсынып көріңіз
Тестілеуден бірге өтуді ұсыныңыз. Бәлкім, сіздің серіктесіңіз скринингтен өтуге қорқуы немесе ұялуы әбден мүмкін, ал сіздің ұсынысыңыз оның «ашылуына» көмегін тигізетін болар.
Басында осы тақырыпқа сөйлесу үйреншікті емес болуы мүмкін және қойылатын сұрақтарыңызға деген реакция да әртүрлі бола алады. Ыңғайсыздықты сезіну – қалыпты жағдай, өйткені біздің қоғамымызда қауіпсіз жыныстық қатынас туралы ашықтан-ашық сөйлесу әлі де әдетке айналған жоқ.
НЕЛІКТЕН ҚАУІПСІЗ ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАС ТУРАЛЫ АЙТУ ҚИЫНҒА СОҒАДЫ?
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда алдыңғы қатарлы елдерде сексуалдық төңкеріс баяғыда өтіп кеткенімен, ЖЖБИ тақырыбы сол бұрынғыдай әлеуметтік стигмаға ие болып отыр. Тапсырылған анализдер оң нәтиже берсе, демек, бұл адамның «әдепсіз» мінез-құлығы туралы, сексуалды бағдарлығы (АИТВ-тесті тапсырылған жағдайда) жайында айтып тұрғандай, әрі бұл өмір бойғы диагноз қоюға әкеледі деген секілді қате пікірлер баршылық. Бұл психологиялық жағынан қабылдамау мен қорқынышты тудырып, әрі ЖЖБИ бойынша скринингтен өтуге, әсіресе жастар арасында айтарлықтай маңызды кедергі болып саналады.
Қазақстанда секс туралы аз айтылады, соның ішінде әсіресе – қауіпсіз жыныстық қатынас турасында өте аз. Бұл жайт статистикадан да өз көрінісін тауып отыр: 15 жастан бастап 19 жасқа дейінгі жастардың үштен бір бөлігі дерлік жыныстық өмір сүріп, сонымен бірге олардың 9% ғана АИТВ және ЖЖБИ жұқтырып алу жайлы толық хабардар болса, небәрі 30%-ы қалаусыз жүктіліктің алдын алу турасында біледі екен.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдай отбасы және мектеп аясындағы жыныстық тәрбие берудің жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр. Осы жағдайды түзету үшін жастарға жыныстық денсаулық мәселесіне қатысты қауіпсіздік ережелері мен коммуникация орната білуді үйрету керек. Сонымен қатар қауіпсіз жыныстық қатынас тақырыбында ашық қарым-қатынас жасау мәдениетін дамыту қажет. Әрбір адам өзінің ортасынан бастай алады. Медициналық қызметкерлер де пациенттерге қажетті ақпарат пен контрацептивтерді ұсына отырып, осы үдерісте маңызды рөлдерін атқара алады.
Аударған: Рита Сәрсенова