Жалған атақ синдромы: себептері, белгілері және оны жеңу жолдары

Жалған атақ синдромы: бұл не нәрсе, неліктен бәрі осы жайлы айтады?

«Маған бұл жерде орын жоқ», «Мен алаяқпын, әрі бұл туралы бәрі де білетін болады, бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе» – бұл сізге таныс нәрсе ме? Демек, сіз жалған есімге ие болушылармен бір компанияда екенсіз. Осы жиі кездесетін ерекше құбылыс жайында әңгімелесіп, оның сырын ашуға тырысайық.

Жалған атақ синдромы – бұл психологиялық жағдай, осы тұста адам өзінің жетістіктерін жолы болуының, алдап-арбаудың және басқа адамдарға тиесілі еңбектің нәтижесі деп санай отырып, өзінің қабілеттері мен біліктілігіне сенбейді. Осы синдромнан зардап шегетін адамдар өздерінің жетістіктеріне лайықты емес деп есептейді де, әрі ерте ме, кеш пе айналадағылар олардың кемшіліктері мен біліксіздігін әшкерелейді екен деп қорқады. Неліктен осылай болады?

Бұл нышанат ғылыми зерттеушілер, жазушылар, суретшілер, музыканттар және т. б. секілді зияткерлік салада жұмыс істейтін дарынды және табысты адамдардың арасында жиі кездеседі. Жалған атақ синдромы шамадан тыс жұмысбастылыққа және перфекционизмге, сонымен қатар өз-өзіне деген сенімсіздік пен мазасыздық сезімдеріне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Жалған атақ синдромынан зардап шегетін адамдар, мәселен, өзінің жетістіктерін жете түсіну және өзінің қабілеттерін мойындау арқылы, сондай-ақ конструктивтік әрі дұрыс өзін-өзі сынау және әрекеттері мен нәтижелерін шынайы бағалау арқылы бұл жағдайға қарсы төтеп бере алады.

 

НЕЛІКТЕН ЖАЛҒАН АТАҚ СИНДРОМЫ ПАЙДА БОЛАДЫ?

Кісінің атын жамылушы синдромы әртүрлі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін, дегенмен, кейбір көптеп кездесетін себептер келесілерді қамтиды:

Перфекционизм. Перфекционизм. Жалған атақ синдромынан зардап шегетін адамдар көбінесе өздері үшін өте жоғары стандарттарды қояды және барлық іс-әрекеттерінде мінсіз болатындарын күтеді. Ал олар басшылыққа алған стандарттарына қол жеткізе алмаған жағдайда, бұл оларды жеткіліксіздік сезімі мен әшкерелену қорқынышына әкеліп соқтыруы мүмкін. Барлық жағдайда да мінсіздікке қол жеткізу балалық шақта «бойға сіңдіріледі», яғни, бала өзіне деген назардың жетіспеушілігінен барынша тырысып, ата-анасының назарын аудару үшін қолынан келгенін жасауға тура келеді. Әрі ол үшін барған сайын көбірек күш жұмсау керек болатын. Міне, осыдан ересек өмірде де мінсіздікке деген жарыс бастау алады.

Басқалармен салыстыру. «Кісі атын жамылушылар» өздерінен жақсырақ және табыстырақ деп санайтын басқа адамдармен өздерін жиі салыстыруы мүмкін. Бұл жеткіліксіздік сезімі мен «алаяқ» ретінде әшкерелену қорқынышына әкеліп соқтыруы ықтимал. Бұл жағдай да балалық шақтан бастау алып отыр, яғни, ата-ананы жұрттың баласы немесе отбасылық достардың баласы өз балаларынан артық таңдандыратын жағдайларды алға тартуға болады.

Жұрттың бағасынан қорқу. «Жалған атақтылар» айналадағы адамдардың пікіріне, әсіресе, олардың өз әрекеттеріне деген бағалауына бағынышты келеді екен. Сонымен бірге сол бағалаудың өзі, мейлі, ол оң баға болсын немесе теріс баға болсын, мүлдем маңызды емес. Бірінші жағдайда «кісі атын жамылушы» өзі ренжіп қалмауы немесе қандай да бір жолмен қорланбауы мақсатында оған өтірік айтылып тұр деп, не болмаса, тіпті, бұл жай ғана істің оңынан болуы немесе қарапайым сәттілік деп ойлайды, ал екінші жағдайда онсыз да төмен деңгейде болған өзін-өзі бағалау одан бетер төмен түсіп, осы тұста көп еңбек сіңіргендігін құнсыздандыру, демек, жеке жетістіктерді де құнсыз ету орын алып жатады.

Бастан кешкен жарақаттар мен жағдайлар. Кейбір адамдарда жалған атақ синдромы балалық шақта болған жарақаттардың салдарынан (ата-анасының ажырасуы, физикалық жарақат) немесе жеткіншек жасында орын алған оқиғаларға (қудалау, абьюз, құрдастарының немесе мұғалімдері тарапынан болған өрескел манипуляцияларға) байланысты дамуы әбден мүмкін.

Қолдау мен мойындалудың жетіспеушілігі. Сонымен қатар өзінің жетістіктері және табыстары үшін қолдау мен мойындалудың жетіспеушілігі де жалған атақ синдромының дамуына соқтыруы ықтимал. Адамдар маңызды бір нәрселерге қол жеткізсе де, өздерін мойындалуға лайық емес секілді сезінуі мүмкін.

 

МАҒАН БҰДАН КЕЛЕР-КЕТЕРІ ЖОҚ?

Егер сіз жалған атақ синдромымен ауыратын-ауырмайтыныңызды түсінгіңіз келсе, келесі белгілерге назар аударғаныңыз жөн:

 

·     Жұмысыңызды сәтті орындап, мақсаттарыңызға қол жеткізіп отырсаңыз да, өз қабілеттеріңіз бен біліктілігіңізге деген сенімсіздік сезімі.

 

·     Өз жетістіктеріңізге күмәнданып қарау және әрдайым жолыңыз болғанға немесе адамдар сізді асыра бағалайды деген сезім.

 

·     Сіздің шынымен де қабілетті және құзіретті екендігіңізді растау үшін үнемі жұмысыңыз бен нәтижелеріңізді тексеріп отыру қажеттілігі.

 

·     Өзіңізді басқа адамдармен салыстыру және шындыққа сәйкес келмесе де, олардың сізден гөрі жақсырақ әрі анағұрлым табыстырақ екендігін сезіну.

 

·     Перфекционизмге ұмтылу және қателіктер мен сәтсіздіктерге жол беруден қорқу.

 

·     Басқа адамдар сіздің өз салаңыздың нағыз маманы емес екеніңізді біліп қояды деп қорқып, жетістіктеріңіз бен табыстарыңызды жасыруға ұмтылу.

 

·     Сіздің дағдыларыңыз бен біліктілігіңізді анағұрлым көбірек танытуды талап етуі мүмкін жаңа тапсырмалар мен жобалардан аулақ болуға ұмтылу.

 

·     Сіздің біліктілігіңіз бен құзыреттілігіңіз белгіленген талаптарға сәйкес келмейді дегеннен қорқып, ұдайы білім алуға ұмтылу.

 

Егер сіз осындай белгілерді өз бойыңыздан тапқан болсаңыз, онда сізде жалған атақ синдромы бар болуы мүмкін. Есіңізде болсын, бұл кеңінен таралған жағдай және көптеген табысты адамдар осы жағдаятпен күресіп жатады. Осы түйткілге тап болған басқа адамдармен сөйлесу, сонымен қатар психологтың немесе басқа маманның көмегіне жүгіну сіз үшін аталмыш синдромды жеңіп шығуға септігін тигізеді.

 

ЖАЛҒАН АТАҚ СИНДРОМЫМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСУГЕ БОЛАДЫ?

Кісі атын жамылушы синдромына қарсы күресу қиынға соғуы мүмкін, дегенмен, бұл жағдайды «ауыздықтауға» көмектесетін бірнеше әдіс-тәсіл бар.

 

Өз жетістіктеріңізді сезіну. Осыған дейін қол жеткізген барлық жетістіктеріңіз бен табыстарыңызды тізімдеп шығуға тырысып көріңіз. Бұл сіз елестеткеннен де өзіңіздің көп нәрсеге қабілетті екендігіңізді түсінуге көмектеседі.

 

Әрқашан бәрін біліп отыру мүмкін еместігі туралы жайтты қабылдау. Ешкім де барлық сауалдардың жауабын білуі мүмкін еместігін, әрі қателіктер мен сәтсіздіктер адам баласының білім алу және даму үдерістерінің ажырамас бөлігі екендігін ұғынған маңызды. Ал ең жақсысы – қателіктеріңіз бен сәтсіздікке ұшыраған тұстарыңызды баға жетпес тәжірибе ретінде қабылдай бастағаныңыз абзал, осының арқасында сіз әлдеқайда ақылды және тәжірибелі бола түсесіз.

 

Қолдауды іздеу. Өзіңіздің қорқыныштарыңыз және дүдәмалдарыңызбен күресу ісінде қол ұшын бере алатын және қолдайтын достарыңыз, әріптестеріңіз немесе отбасы мүшелерінен көмек сұраңыз. Осы күйбең тіршіліктің қарбаласында адамдар жақындарын қолдау керектігі және оларды анағұрлым көбірек мақтау қажеттілігінің қаншалықты маңызды екендігін жиі ұмытып кетеді.

 

Шынайы мақсаттарды қою. Өз алдыңызға нақты қол жеткізе алатын мақсаттарды қойып, оларға бірте-бірте жету үшін қадамдар жасауға назар аударғаныңыз жөн.

 

Жаңа дағдыларды үйрену. Жаңа машықтарды игеру сізге қабілеттіріңіз және өз-өзіңізге деген сенімділікті арттыру үшін септігін тигізетіні сөзсіз. Дегенмен, бұл жерде де сабырлық өте-мөте қажет: қосымша дағдыларды меңгеруге деген ұмтылыс сіздің күш-жігеріңіз бен ресурстарыңызды ысырап етуі мүмкін, ал оларды кей кездері бұрыннан белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағыттаған абзал болмақ.

 

Дұрыс өзін-өзі сынауды дамыту. Өзіңіздің жетістіктеріңіз бен сәтсіздікке ұшыраған жайттарыңызды перфекционистік тұрғыдан емес, объективті және шынайы түрде бағалаңыз. Өзіңіз үшін сырттан бақылаушы болуды үйренгеніңіз жөн, ал ең дұрысы – әрқашан қолдайтын, жігерлендіретін, ынталандыратын және кезекті қол жеткізген мақсатыңыз үшін мақтайтын ең жақсы досыңызға айналғаныңыз тіптен жақсы болар еді.

 

Психикалық денсаулығыңызға қамқорлық жасау. Салауатты өмір салтын ұстану, соның ішінде тұрақты түрде спортпен шұғылдану және күйзеліс кезінде өз-өзіңді басқару дағдыларын дамыту өзіңізге деген сенімсіздікке және мазасыздық сезіміне қарсы күресте жеңіске жетуге көмектеседі.

 

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]