Теріс көзқарастар мен шектейтін сенімдерден арылудың жолы - Лайқос

Теріс көзқарастар өмір сүруімізге қалай кедергі етеді

Өзіңіздің «Менің қолымнан түк шықпайды», «Ешкімге сенуге болмайды» немесе «Мықты адамдар жыламайды» деген секілді ойларға шомып отырғаныңызды қаншалықты жиі байқайсыз? Осы және басқа сенімдер жасырын түрде өмірімізді уландырады, әрі ішкі тосқауылдарды тудырып, мүкіндіктерді шектеп отырады. Теріс нұсқамалар қарым-қатынастарды құруда, кәсіби тұрғыдан даму және жеке құндылықтарға қол жеткізуге кедергі ете алады. Осы сенімдерден құтылу және еркін өмір сүре бастау туралы ойланатын уақыт келді емес пе?

Теріс көзқарастар деген не?

Теріс көзқарастар – бұл өмір бойы қалыптасатын және өзімізді шектеуге итермелейтін ішкі ойлар мен түсініктер. Олар адамды өзінің әлсіз жақтары мен сәтсіздіктеріне сенуге мәжбүрлей отырып, шынайылықты бұрмалайтын жалған түйсінуге әкеліп соқтырады. Өзіңіздің бойыңызда осындай сенімдердің бар-жоғын тексеру үшін біз өмірдің әртүрлі салаларындағы теріс нұсқамалардың тұтас бір тізімін құрдық.

Өзіңіз жайлы жағымсыз көзқарастар

  • Мен сорлы бейбақпын.
  • Бұл менің қолымнан ешқашан келмес!
  • Мен бәріне қарыздармын.
  • Басқа адамдар менің қалауымды сөзсіз-ақ түсінуі және өзін-өзі соған лайық ұстауы тиіс.
  • Мен ләззат алу, сыйлықтарға ие болу, қуаныштарға бөленуге лайық емеспін.

Ақша/жұмыс туралы теріс нұсқамалар

  • Мансап баспалдағы бойынша көтерілу мүмкін емес, тек «өздерінің» адамдарын ғана ілгері жылжытады.
  • Жұмыстың қызық болуы мүмкін емес.
  • Қомақты ақшаны (жекежайларды, ұшақтарды) тек ұрлықпен ғана табуға болады.
  • Ақшаның көптігі адамды бұзады.
  • Ақша туралы тек ашкөз адамдар, пайдакүнемдер ғана ойлайды.
  • Ақша табу оңай емес. Оны ауыр еңбекпен ғана табуға болады.

Достық туралы теріс көзқарастар

  • Адал достар кездеспейді.
  • Ер адам мен әйел арасында достық болуы мүмкін емес.
  • Бұл өмірде әркім тек өзі үшін ғана, саған ешкім көмекке келмейді.
  • Ересек жаста дос табу өте қиын.
  • Ересек адамдар дос бола алмайды, өйткені тек өзінің пайдасы туралы ғана ойлайды.

Демалыс туралы теріс көзқарастар

  • Демалу үшін әуелі көп ақша табу қажет. Демалысқа лайық болу керек.
  • Зейнеткерлікте дем алармын.
  • Неден шаршауың мүмкін? Сен шаршап тұрған жоқсың.
  • Мен дем алған кезде бар уақытымды босқа кетіремін.

Теріс көзқарастар қайдан шығады және өмір сүруімізге қалайша кедергі келтіреді

Көбіне-көп теріс көзқарастардың қайнар көзі балалық шағымыздан бастау алады. Біз оларды ата-анамыздан, мұғалімдерден немесе айналамыздағы басқа беделді тұлғалардан қабылдаймыз. Өскен ортамыз, әлеуметтік нормалар, жағымсыз оқиғалар тәжірибесі осындай шектейтін сенімдердің негізін қалайды. Олар тұлғалық өсу жолымызда тежеп тұрады, өзімізге деген сенімділікті басып тастайды және жаңа табыстарға жету мүмкіндігіне жол бермейді. Егер адам осындай нұсқамалар ықпалында өмір сүрсе, онда оның әрекеттері мен шешімдері өзіндік қорқыныштар мен күмәндармен шектеулі болады.

Теріс көзқарастар мен сенімдерден құтылудың жолы

  1. Түйткілді ұғыну. Алғашқы қадам – бұл теріс көзқарастың бар екендігін мойындау. Осы қадам жасалмайынша, өзгерістерді бастау мүмкін емес. Өзіңіздің ойларыңызға талдау жасау, рефлексия және күнделікті жүргізіп отыру өмірімізге нақты қандай сенімдердің әсер ететінін түсінуге көмектесе алады.
  2. Сенімдерді қайта қарау. Өзіңіздің теріс көзқарастарыңызды саналы түрде ұғынған кезіңізде келесі жасалатын қадам – бұл оларға күмән келтіру. Өзіңізден былай деп сұрап көріңіз: «Мен неге осылай ойлаймын?» және «Мұның шындық екендігінің дәлелдері бар ма?».
  3. Жаңаша ойлауды туғызу. Бірте-бірте жаңа, позитивті көзқарастарды қалыптастырыңыз. Мұны аффирмациялар, позитивті сенімдер мен өз-өзіңізге қолдау көрсету арқылы жасауға болады. Теріс ойларды жағымды ойларға алмастырыңыз: «Мен осыны істей алмаймын» деудің орнына «Мен осыны істеп көремін» дегенге ауыстырыңыз. Барлық теріс көзқарастарыңыздың тізімін жасап шығыңыз және әрқайсысын анағұрлым шынайы көзқарасқа алмастыруға тырысып көріңіз.
  4. Терапия және коучинг. Күрделі жағдайларда психолог маманы немесе коучтың көмегіне жүгінген пайдалы. Кәсіпқой қолдау сізге ілгері қозғалуға кедергі ететін сенімдерден құтылу үдерісін әлдеқайда жылдамдата алатыны сөзсіз.

Теріс көзқарастар – бұл бізге бақытты болуға және тұлға ретінде қалыптасып танылуға кедергі ететін нағыз ауыртпалық. Әрі одан арылу белгілі бір уақытты, саналылық пен өзіңізбен жұмыс істеуді талап етеді, алайда сіз бүгіннен бастап толыққанды өмір сүре бастауды қаласаңыз, онда бұл үдеріс қолға алуға тұрарлық дүние.

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 3]