
Сізге психологтың көмегі қажет екенін қалай түсінуге болады: негізгі белгілер мен тест
Әрқайсымыз өмірде шешілместей болып көрінетін қиын жағдайларға тап болуымыз әбден мүмкін. Осындай сәттерде дағдарыстан шығу үшін қолдау тапқан аса маңызды. Кейде жақын адамдар қол ұшын бере алады, дегенмен кейбір жағдайларда психологтың көмегіне жүгінген әлдеқайда дұрыс. Алайда мынадай сұрақ туындайды: қай кезде түйткілді шешуге өз шамаңыздың келетінін, ал қай кезде кәсіби көмекке жүгінген абзал екендігін қалай түсінуге болады?
Неліктен психологиялық көмекке уақытында жүгінген маңызды
Кейбір түйткілдер шұғыл араласуды талап етуі мүмкін. Мысалы:
- терең депрессия немесе тұрақты беймазалық;
- мінез-құлықтағы немесе қоршаған ортаны қабылдаудағы күрт өзгерістер;
- психоэмоциялық жағдайдың бұзылуы;
- біреуден айырылып қалу, шығын және травматикалық оқиғалар.
Егер сіз осындай белгілерді байқап жүрсеңіз немесе маған психолог қажет пе екенін қалай түсінсем екен деген секілді сұраққа жауап іздеумен әлек болсаңыз, демек әрекет ететін кез жетті.
Келесі қадам – сізге сәйкес келетін психолог пен терапия әдісін таңдау. Кәсіпқой маманның көмегіне дер кезінде жүгіну сіздің хал-күйіңіз бен өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алатынын қаперіңізден шығармаңыз.
Психологты қалай таңдау керек?
Жұмысты тиімді жүргізуге көмектесе алатын келесі маңызды тұстарға назар аударыңыз.
Біліктілік
Психологтың жоғары мамандандырылған білімі мен мамандануын растайтын сертификаттары бар екеніне көз жеткізіңіз. Нақты тәсілдердегі (мәселен, когнитивті-мінез-құлық психотерапиясы, гештальт-терапия және т.б.) ұзақмерзімді дайындық оның кәсібилігі жайында айтып тұрады.
Сенім мен жайлылық
Сіздің психологпен өзара әрекеттесуіңіз жайлы болуы тиіс. Егер маман өзіне деген сеніміңізді туғызса, бауырына тартса, демек бұл табысты әрекеттесу үшін жақсы негіз бола алады.
Кәсібилік
Маманнан жеке терапия мен супервизиядан өтіп отырады ма, әлде жоқ па екенін сұраңыз. Бұл практикалар оған «соқыр аймақтардан» аулақ, объективті және кәсіпқой болуға көмектеседі.
Әдеп
Маман қатаң ережелерді ұстануы шарт:
- Құпиялық. Талқыланған жайттардың барлығы да тек араңызда ғана қалуы тиіс.
- Психолог өмірдің басқа салаларында сізбен кездеспеуі керек: ол сіздің көрсетіп отырған қызметтеріңізді пайдалана алмайды немесе бартер ұсына алмайды, ал терапевтік мәнмәтіннен бөлек кездесулерге мүлдем жол берілмеуі қажет.
- Объективтілікті сақтау мақсатында достармен, туған-туыстармен психологиялық жұмыс жүргізуге тыйым салынады.
- Маман айып тақпайды, қандай қадамдарды жасау керектігі бойынша кеңестерді бермейді және сіздің кез келген уайымдарыңызға құрметпен қарауы тиіс.
Бұл ережелер сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді.
Жұмыс форматы
Сіз үшін қандай формат ыңғайлы екенін анықтаңыз: жеке кездесулер ме, әлде онлайн-сессиялар ма? Форматтың екеуі де тиімді болып саналады, дегенмен құпиялық пен қашықтан жұмыс істегенде сенімді интернет-қосылуды қамтамасыз еткен аса маңызды.
Қаржы
Терапия тұрақтылықты талап етеді. Сол себептен артық стрестен аулақ болу үшін қызмет көрсетуінің бағасы қалтаңыз көтеретіндей психологты таңдағаныңыз абзал.
Терапия тәсілі
Әрбір терапия әдісі әртүрлі сұраныстарға сәйкес келеді: кейбіреулері денемен жұмыс істеу арқылы көмектессе, басқалары эмоциялар немесе логикалық талдама арқылы септеседі. Олардың барлығы да бір мақсатты көздейді – сізге қиыншылықтарды жеңуге көмектесу. Дәл сізге сәйкес келетін тәсілді таңдаңыз.
Жиі қойылатын сұрақтар
Алғашқы консультациядан кейін бұл психологтың талабыңызға сай келетінін қалай білуге болады?
Бірінші кездесу кезінде өзіңіздің жайлылық пен қауіпсіздік сезіміңізге көңіл аударған аса маңызды. Егер маман сізді айыптаусыз тыңдап отырса, жағдайды айқындауға көмектесетін сұрақтарды қойып жатса, әрі алдағы жұмыстың стратегиясы бойынша бағдар табуға көмегін тигізсе, демек, бұл сіз үшін лайықты психолог. Ал егерде консультациядан кейін жайсыздық немесе қандай да бір күмән қалса, басқа кәсіпқойлардың қызметін сынап көруден қорықпаңыз.
Психологпен жұмыс әдетте қанша уақытқа созылады және нәтижеге қол жеткізгенімді қалай түсінемін?
Жұмыс ұзақтығы көптеген факторларға тәуелді болып келеді: сұрақтың күрделілігі, адамның психикасы мен жүйке жүйесінің ерекшеліктері, өзгерістерге деген дайындық және, тіпті, психологпен жұмыс істеу кезіндегі өмірлік жағдайлар. Осы факторлардың барлығы да ілгерілетуді жылдамдата алады, сол секілді үдерісті баяулатуы да әбден мүмкін. Сондықтан кейде нәтижеге қол жеткізу үшін, егер нақты мақсат тұрса, онда 8-10 кездесудің өзі-ақ жеткілікті, ал кей кездері аса ауыр психикалық жарақат туралы сөз қозғалса, бірнеше жыл қажет болуы да ықтимал. Көздеген нәтижені психолог маманымен алғашқы кездесулерде талқылап алған маңызды: жеңілдеуді сезінуді қалайтыныңызды, көңіл-күйді жақсартуды тілейтініңізді, өз күшіңізге деген сенімділікке ие болуды аңсайтыныңызды, стрестік жағдайларға төтеп беруді үйренгіңіз келетініңізді хабарлауыңыз керек.
Егер таңдаған маманмен ыңғайсыздықты сезінсем, не істеуге болады?
Бұл психологтың жұмыс істеу тәсілін қабылдамауыңызбен де, сол секілді сіздің ішкі тосқауылдарыңызбен де байланысты болуы бек мүмкін. Осы жайт туралы психологпен ашық сөйлескеніңіз абзал – бұл жағдайды айқындауға септігін тигізеді. Егерде ыңғайсыздық сезімі жойылмаса, демек басқа маманды іздей бергеніңіз жөн. Бұл қалыпты нәрсе.
Психологпен бірінші консультацияға қалай дайындалу керек?
Кездесудің алдында нақты қандай мәселе бойынша жүгінгеніңізді ойластырып алыңыз. Сізді мазалап тұрған негізгі сұрақтарды немесе жағдайларды қағазға түртіп қойсаңыз да болады. Өз сезімдеріңіз бен тәжірибеңіз турасында әңгімелеуге дайын болыңыз. Ең бастысы – ашық және шыншыл болғаныңыз дұрыс, сонда психолог сұрауыңызды түсініп, сіз үшін қолайлы жұмыс тәсілін ұсынады.
Қорытынды
Менталды денсаулық – бұл тура терапевт немесе стоматологқа барған секілді өмірдің қалыпты бөлігі. Психолог түйткілдерді шешуге ғана емес, сонымен бірге өзіңізді, эмоцияларыңыз бен қажеттіліктеріңізді анағұрлым жақсырақ түсінуге көмектеседі. Егер қолдаудың керек екендігін сезінсеңіз, не болмаса өміріңіздің сапасын жақсартқыңыз келсе, алғашқы қадам жасаңыз – маманның кеңесіне жазылыңыз. Басынан бастау ешқашан да кеш емес!
Тест: Сізге психологтың көмегі керек екенін қалай түсінуге болады
Заманауи өмір стрестер, жоғары талаптар және эмоционалды жүктемелерге тола. Біз көбінесе ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, қиындықтарға төтеп береміз, алайда кей кездері ішкі ресурстың жеткіліксіз болатыны рас. Уақытша қиындықтарды кәсіпқой көмек қажет болған жағдайдан қалай ажыратуға болады? Тәжірибелі психолог және гештальт-терапевт Юлия Антонова ұсынған тесттен өтіп, жай-күйіңізді бағалаңыз және бірде-бір қауіп белгісін жіберіп алмаңыз.
1. Сіз эмоцияларыңызды басқара алмай қалатыныңызды жиі сезінесіз бе?
a) Жоқ, мен өз эмоцияларымды әрдайым басқара аламын
b) Сирек, дегенмен болып жатады
c) Мұндайды жиі байқап отырамын
d) Ұдайы, эмоциялар менің өмір сүруіме кедергі етеді
2. Сіз ешқандай себепсіз ұзаққа созылатын уайым немесе бейжайлыққа тап боласыз ба?
a) Жоқ, мен әрдайым көңіл-күйімнің себебін білемін
b) Кейде, дегенмен бұл жылдам сейіледі
c) Уайым өмір сүруіме жиі кедергі келтіреді
d) Иә, бұл күндегі жайтқа айналды
3. Сіз үрей немесе мазасыздықты қаншалықты жиі сезінесіз?
a) Сирек, тек стрестік жағдайларда ғана
b) Кейде, алайда бұл тез өтеді
c) Жиі, тіпті, айқын себепсіз болады
d) Үнемі, мазасыздық маған кедергі етеді
4. Сіз белгілі бір жағдайлардан немесе адамдардан қашқалақтай бастағаныңызды байқасыз ба?
a) Жоқ, мен әрдайым араласуға ашықпын
b) Кейде араласқым келмейді
c) Мен адамдар мен жағдайлардан жиі қашқақтаймын
d) Иә, өзгелерге жоламау мен үшін нормаға айналды
5. Сіз, тіпті, демалыстан кейін де шаршағандықты сезінесіз бе?
a) Жоқ, демалыс әркез қалпыма келуіме көмектеседі
b) Кейде болып жатады, дегенмен бұл сирек кездеседі
c) Иә, мен өзімнің әбден шаршағанымды жиі сезінемін
d) Ұдайы, тіпті, жеткілікті түрде демалып алсам да
6. Жақын адамдарыңызбен араласқан кезде қиыншылықтарға тап боласыз ба?
a) Жоқ, біз әрдайым жақсы қарым-қатынаста боламыз
b) Кейде болмашы келеңсіздіктер болып жатады
c) Жиі араздасып қаламыз да, тіл табыса алмай жүреміз
d) Арамыздағы қарым-қатынас шиеленісіп кетті
7. Сіз тәбетіңіз немесе салмағыңызға байланысты өзгерістерді байқап жүрсіз бе?
a) Жоқ, менің тамақтану әдеттерім бұрыннан қалыптасып қойған
b) Кейде тәбетім көңіл-күйіме қарай құбылып тұрады
c) Иә, мен тамақты жиі артық жеп қоямын немесе тәбетімнен айырыламын
d) Менің тамақтану әдеттерім қатты өзгеріске ұшырады
8. Сізде ұйқыға бату немесе оянуға қатысты қиындықтар бар ма?
a) Жоқ, менің ұйқым қалыпты
b) Кейде ұйқыға байланысты түйткілдерге тап боламын
c) Жиі ұйықтай алмай қиналамын немесе тым ерте оянамын
d) Ұдайы ұйқыға байланысты қиыншылықтарды сезінемін
9. Ұнататын істеріңізге деген қызығушылықты жоғалтқаныңызды сезінесіз бе?
a) Жоқ, мен бұрынғыдай ермек ісіме және қызығушылықтарыма қуанамын
b) Кейде қызығушылықты жоғалтамын, алайда кейіннен оларға қайтып ораламын
c) Иә, маған қуаныш әкелетін нәрселер сирек кездеседі
d) Барлығына да қызығушылықты толықтай жоғалттым
10. Сіз өмірдің мағынасыздығы туралы ойға жиі берілесіз бе?
a) Ешуақытта
b) Кейде әрі қиын кезеңдерде
c) Жиі, дегенмен оларды елемеуге тырысамын
d) Үнемі, олар санамның бір бөлшегіне айналды
11. Сіз зейін қою немесе есте сақтауға қатысты түйткілдерді байқайсыз ба?
a) Жоқ, мен әркез жинақы жүремін
b) Кей кездері шаршағандықтан зейін қою мәселесіне тап боламын
c) Маңызды нәрселерді жиі ұмытып жүремін және зейін қоя алмаймын
d) Бұл мен үшін күрделі мәселеге айналып отыр
12. Кінәлік сезім немесе дәрменсіздігіңізді жиі сезінесіз бе?
a) Жоқ, мен өзіме сенімдімін
b) Кейде, яғни, қиын жағдайларда
c) Өзімді кінәлі немесе онша жақсы емес екендігімді жиі сезінемін
d) Өз дәрменсіздігімді үнемі сезіп отырамын
13. Сізде агрессия таныту немесе ашу қысқан кездер бола ма?
a) Жоқ, мен әрдайым сабырлық танытамын
b) Кейде, алайда бұл жылдам өтеді
c) Себепсіз жиі ашуланамын
d) Ұдайы, ашуланшақтығым өзгелермен араласуға кедергі етеді
14. Сіз шешім қабылдау түйткілдеріне тап боласыз ба?
a) Жоқ, мен өз шешімдеріме әркез сенімдімін
b) Кейде күмәнданып қаламын, дегенмен бұл ауыртпалықты көтеремін
c) Иә, мен үшін шешім қабылдау көбінесе қиынға соғады
d) Қателесу қорқынышы салдарынан шешім қабылдауды үнемі кейінге қалдырамын
15. Айналадағы адамдар сізді түсінбейді деп санайсыз ба?
a) Жоқ, мен қолдаудың бар екенін әрдайым сезінемін
b) Кей кездері өзгелер мені түсінбейтін сияқты
c) Өзімді жиі жалғыз сезініп отырамын
d) Ұдайы түсініспеушілік пен жалғыздықты сезінемін
Бағалау шкаласы
Әрбір жауап келесідей бағаланады:
- a) – 0 балл
- b) – 1 балл
- c) – 2 балл
- d) – 3 балл
Нәтижелер
0–15 балл: Сіз өз-өзіңізбен үйлесімдесіз
Cіздің эмоциялық күйіңіз норманың шегінде болып тұр. Сіз әртүрлі өмірлік жағдайларға оңай төтеп бересіз және өз эмоцияларыңызды басқара аласыз. Егер уақытша қиыншылықтарға ұшырасаңыз, өз ресурстарыңыз бен өзін-өзі қолдау тәсілдеріңізге сүйенуді жалғастыра беріңіз.
16–30 балл: Өз жай-күйіңізге назар аударғаныңыз маңызды
Сіз күнделікті өмірге байланысты аздаған эмоциялық қиыншылықтарға тап болуыңыз мүмкін. Стресс деңгейін төмендетуге тырысып көріңіз, көбірек демалыңыз және өз сезімдеріңізді талдауға талпыныңыз. Егер мазасыздық пен шаршағандық сезімдері жалғаса берсе, психологтан профилактикалық кеңес алу бойынша ойланып көргеніңіз жөн.
31–45 балл: Қолдау үшін психологқа жүгінуге кеңес беріледі
Сіздің нәтижелеріңіз күрделі эмоциялық немесе психологиялық қиындықтардың бар екендігін көрсетіп отыр. Бәлкім, сіз үшін өмірлік жағдайларға өз бетіңізбен төтеп беру қиынға соғатын шығар. Маманға баруды кейінге қалдырмағаныңыз абзал: психолог сізге өз сезімдеріңізді түсінуге және қиыншылықтарды еңсеру үшін тиімді әдістерді табуға көмектеседі.
46–60 балл: Шұғыл түрде көмек сұраңыз
Сіздің ахуалыңыз шектімежеде болуы мүмкін, әрі кәсіби маманның көмегі аса қажет болып тұр. Сіз қатты стресс, күйзеліс немесе эмоционалдық шаршау жағдайында боларсыз. Психолог немесе психотерапевтке жүгінуден қорықпаңыз — бұл жандүниеңіздің дансаулығын қалпына келтірудің алғашқы қадамы. Сіздің аман-есендігіңіз маңызды, өзіңізге қамқорлық танытыңыз.