
Топтық психотерапия: дақпырттар, артықшылықтары мен жасырын қауіптері
Соңғы жылдары топтық психотерапия кеңінен таралған жайтқа айналған. Егер бұрындары біз психотерапия бұл психологпен жүргізілетін оңаша сөйлесу деп ойласақ, бүгінде адамдардың көбі барған сайын топ ішіндегі жұмысты жиірек таңдайды екен. Лайқос психолог Әсел Дұрбаевамен мұның неліктен осылай болатыны, топтық терапияның жеке түрінен несімен ерекшеленетінін және ол кім үшін жарамды болуы мүмкін екендігі турасында әңгімелесті.
Топтық психотерапия дегеніміз не
Топтық психотерапия – бұл психологтың жетекшілігімен өтетін шағын топтардың (әдетте 3-12 адам) кездесулері. Негізінен бұл қоғамның кішігірім үлгісі тәрізді – шынайы болмысыңызды танытуға, өзара әрекеттесуді үйренуге және күлкіге қалу немесе шеттетілу қорқынышынсыз жаңа рөлдерді байқап көруге болатын қауіпсіз кеңістік.
Мұның жеке терапиядан басты айырмашылығы – бұл жерде психолог қана емес, топтың өзі де жұмыс істейді: оның қолдауы, кері байланысы, ортақ эмоциялар. Кейде дәл осы жайт күш-қуат пен өзгерістердің негізгі қайнар көзіне айналады.
Қандай түйткілдер үшін топтық психотерапия қолайлы
Шектеулер жоқтың қасы. Көбіне-көп топтар қандай да бір үрейлерімен, жарақаттық тәжірибесімен, өзгелермен араласудағы қиыншылықтарымен, ата-анаға қатысты немесе жұптық сценарийлермен жұмыс істеу мақсатында жиналады. Әйелдер және ер адамдарға арналатын, тәуелді адамдарға, ата-аналарға, мансап жолындағы сын-қатерлерге тап болғандарға арналатын топтар бар.
Сонымен бірге әртүрлі бағыттар да болады: психодинамикалық (шынайы өмір мен реакцияларды бейнелеу), экзистенциалдық ( «дәл қазір және осы жерде» тәжірибесі) және когнитивті-мінез-құлықтық (ойлар және әдеттермен жұмыс істеу).
Топтық психотерапияның артықшылықтары
- Эмоциялық қауіпсіздік пен сенім атмосферасы.
- Қатысушылар бір-бірін ынталандырады және өздерін тануға болатындай хикаяларымен бөліседі.
- Сен жалғыз емессің, ал сенің тәжірибең құнды деген сезім пайда болады.
- Белсенді атсалыспай-ақ, топтың ішінде, тіпті, болудың өзі – теапияның бір бөлігі.
- Ғылыми зерттеулер тиімділігін растап отыр: мәселен, тұлғаның шекаралық бұзылуы тап болған пациенттерде топ ішінде белгілердің айтарлықтай төмендеуі байқалады.
- Жеке және топтық терапияның үйлесімі анағұрлым тұрақты нәтижені береді.
Кемшіліктері мен шектеулері
- Адамдардың барлығы бірдей, соның ішінде ұялшақ мінезді жандар немесе «шағымдануға» үйренбегендер іштегі сырын бірден әрі оңай айта алмайды.
- Динамикадағы қиыдықтар болуы мүмкін: басқа қатысушыларға деген ашу, наразылық. Дегенмен бұл да эмоцияларды экологиялық түрде білдіруді үйренудің мүмкіндігі.
- Қарсы көрсетілімдер жоқ емес: ауыр психикалық жағдайлар, күрделі психикалық бұзылыстардың асқынуы, суицидке бел буудың жоғары қаупі. Мұндай жағдаяттарда тек қана жеке көмек және дәрі-дәрмекпен қолдау көрсету қажет.
Қаржылық пайда
Маңызды артықшылық: топтық терапия басқаларға қарағанда анағұрлым қолжетімді болып келеді. Әдетте үш сағатқа созылатын топтық кездесу 50-60 минут жалғасатын жеке сессиямен салыстырғанда 30-50% арзанырақ тұрады. Көптеген адамдар үшін бұл әлдеқайда аз ақшаға сапалы көмекке ие болудың мүмкіншілігі.
Топтық психотерапияның нәтижесі қашан пайда болады
Жаңа әдеттер шамамен 21 күн ішінде қалыптасады, дегенмен тұрақты өзгерістер үшін біршама көбірек уақыт керек. Әдетте тұрақты түрде қайталанатын жұмыстың 3-4 айынан кейін қатысушылар жақсарысты байқайтыны рас: мазасыздық деңгейі азаяды, батылдық арта түседі, қандай да бір жайтқа деген реакция білдірудің жаңа әдістері пайда болады. Өзіңізге уақыт беру мен дербес қарқында қозғалуға мүмкіндік бергеніңіз аса маңызды.
Топ жылдарға арналған ресурс іспетті
Терапия ресми түрде аяқталғаннан кейін де топтар өз өмірін жалғастыратыны жиі кездеседі. Адамдар дос болып қалады, бейресми жағдайда кездесіп отырады, бір-бірін қолдайды. Осы форматтың бірегейлігі де нақ осында жатыр: терапия аяқталуы мүмкін, алайда топтың ресурсы қала бермек.
Топтық психотерапияға қалай кіруге болады
Егер сізді қызығушылық билеп алса, әрі қорқыныштан гөрі ықылас басым болса, демек бұл топтық психотерапияны байқап көретін уақыт келді дегеннің жақсы белгісі. Психологты мұқият таңдағаныңыз маңызды: дипломдары жайлы сұраудан, жұмыстың бағыты мен топтың ережелерін нақтылаудан қымсынбаңыз.
Қорытынды
Топтық психотерапия – бұл жеке терапияны «алмастыру» емес, бұл бөлек бір құрал. Ол өзіңіздің қиыншылықтарыңызды басқа адамдардың хикаяларының призмасы арқылы анағұрлым жылдам көруге көмектеседі, өзін-өзі ұстаудың жаңа үлгілеріне үйретеді және жалғыз іздеп табуға қиынға соғатын қолдауға ие болуға септеседі.