![](https://laikos.kz/wp-content/uploads/2024/11/ulken-qalada-dostardy-tabu.jpg)
Үлкен қалада достарды табу және жалғызсырамаудың жолы
Қаншалықты оғаш естілгенімен, бүгінде өмірі қайнап жатқан және әркім өз ісімен айналысатын үлкен қалаларда жалғыздық сезіміне тап болу оп-оңай. Айналаңыздағы адамдардың көп болғанына қарамастан, көпшілік дос табу түйткілімен бетпе-бет келіп отырады, бұл әсіресе ересек жаста нағыз мәселеге айналатыны хақ, өйткені мектеп немесе университетке барған кездегідей пікірлес адамдарды кездестіру оңайға соқпайды. Лайқос жобасы қалалық өмірдің тосқауылдарын қалай еңсеру керектігі мен шынайы және қызықты достарды табуға болатыны туралы айтып береді.
Неліктен ересек жаста дос табу қиынға соғады
Ересек адамға уақыт тапшылығы салдарынан, сондай-ақ өмірдегі басымдықтардың әртүрлігі, өзгелерге зор үміт арту мен осыған дейінгі тәжірибесіндегі түңілуге әкеліп соқтырған сәттердің себебінен дос табу қиын болуы мүмкін. Уақыт өте келе біз анағұрлым талғамшыл болып, өзгелермен араласқан кезде сақтық таныта бастаймыз және басқалардан гөрі өзімізге сенуге әбден үйренгенбіз. Көбіне-көп осыған тәуелсіздікке деген әдет, жаңа адамдарға сенімсіздік және жаңа таныстықтарды енгізгің келмейтін үйреншікті күн тәртібі кедергі келтіреді. Міндеттер мен күнделікті қайталанып жасалатын істерге тола ересек өмір достық үшін кедергілерді тудырады, дегенмен біз жаңа тәжірибеге ашық және дайын бола отырып, әрі бұған уақыт бөлу мен шыдамдылық танытуға дайын болсақ, ниеттес адамдарды таба аламыз.
Үлкен қалада достарды қайдан және қалай табуға болады?
Қызығушылықтар бойынша клубтардағы сабақтар. Достарды табудың ең бір жақсы әдісі – хобби мен қызығушылықтар. Үлкен қалаларда пікірлес адамдарды табуға мүмкіндік беретін көптеген клубтар кездеседі: кітап клубтары, үстел ойындары клубтары, шет тілдерін үйрену курстары, спорт секциялары, еріктілік, аспаздыққа баулитын шеберлік сабақтары, фотоүйірмелер мен көптеген басқа да клубтар.
Кәсіби тұрғыдан дамуға арналған курстар мен тренингтер. Көбінесе бірлесіп оқыту адамдарға жақындай түсуге көмектеседі. Сізді қызықтыратын курс немесе тренингке жазылып көріңіз, мейлі бұл тұлғалық өсу саласы болсын, мейлі бұл мансап немесе ермек іс болсын. Курстарға қатысатын адамдар жаңа таныстықтарға дайын болып келеді, әрі кәсіпқой қызығушылықтар туралы әңгімені бастап кету әлдеқайда жеңілірек болмақ.
Экспаттар мен қаланың жаңа тұрғындарының кездесулері. Әдетте экспаттар қаланы көрсете алатын, қызықты жерлер туралы айтып беретін, әрі пайдалы кеңестерімен көмектесе алатын жергілікті тұрғындармен танысуға қуана келіседі.
Нетворкинг-шаралар мен конференциялар. Нетворкингке арналған іс-шараларға назар аударыңыз: конференциялар, форумдар, кәсіби мамандардың кездесулері. Адамдардың көбі бұл жерге пайдалы ақпарат алу үшін ғана емес, сондай-ақ танысу үшін де келеді, осы тұста ашық әңгіме өте орынды болмақ.
Достарды табуға арналған қосымшаларды қолдану. Ортақ қызығушылықтар немесе тұрғылықты жер бойынша достарды табуға көмектесетін Тиндер секілді қосымшалар мен әлеуметтік желілердегі топтар бар. Олар қызығушылықтары ұқсас немесе жақын жерде тұратын адамдарды іріктеу үшін әртүрлі фильтрлерді пайдалануды ұсынады. Бұл виртуалды әдіс болғанымен, кейіннен офлайн-араласуды жалғастыруға болатындай таныстықты бастауға септігін тигізеді.
Жеке бастамалар мен іс–шаралар. Егер адамдарды жинауды ұнатсаңыз, қандай да бір іс-шараны өз бетіңізбен ұйымдастырып көріңіз: әріптестеріңізді аспаздық кешке шақырыңыз, фильмді тамашалауды ұйымдастырыңыз немесе қаланың қызықты жерлері бойынша шағын экскурсияға баруды ұсыныңыз. Мұндай іс-шаралар көптен бері достасуға ниетті болса да, дегенмен алғашқы қадам жасауға ұялған адамдармен жақындай түсу мүмкіндігін береді.
Қорытынды
Ересек жаста достарды табу – оңай шаруа емес, алайда бұл әбден мүмкін. Ең бастысы, таныстықтарға ашық болу, жаңа тәжірибеге шыдамдылық пен дайындық таныта білу маңызды. Достық уақыт, көңіл бөлу және осы қарым-қатынастарға жаныңмен берілуді талап етеді. Түрлі тосқауылдарды еңсере отырып, әрі өзімізге анағұрлым осалдау болуға рұқсат беріп, біз бұрынғы кездегіден гөрі әлдеқайда көп жігер мен уақытты қажет етсе де, мықты және шынайы достықтың пайда болуы үшін мүмкіндік жасаймыз.