XYZ буындарының теориясы: X, Y, Z деген кім және арасындағы айырмашылық неде - Лайқос

ХYZ буындарының теориясы: олар кімдер және айырмашылығы неде

Икстер, игректер және зэттер… Жоқ, бұл математика пәні жайындағы мақала емес. Бұл ұрпақтар теориясына шағын ғана экскурс. Бұл дегеніміз не және осы теорияны білу өмір сүру және дамуға қалайша көмектесе алады? Лайқос жобасымен бірге анықтайық.

Ұрпақтар теориясы деген не?

Ұрпақтар теориясы тарихи және әлеуметтік оқиғалардың бір уақытта туған адамдардың мінез-құлқын қалайша қалыптастыратынын түсіндіреді. Бұл буындар арасындағы айырмашылықты анағұрлым жақсырақ түсіну мен қарым-қатынас орнату және өзара әрекеттесудегі ерекшеліктерін ескеруге көмектеседі. Ұрпақтар теориясы бизнес, маркетинг, қызметкерлер құрамын басқару және қарапайым күнделікті араласу үшін маңызды, өйткені адамдардың құндылықтары мен ерекшеліктерін ұғыну өзара қатынасты жақсартады және өзара түсіністікке себептеседі.

X буыны

Х ұрпағы, не болмаса «өтпелі кезеңнің адамдары», – бұл 1960-шы жылдардың ортасынан бастап 1980-ші жылдардың басына дейін дүниеге келгендер болып саналады. Олар қырғи-қабақ соғыс, дағдарыс, қайта құру, Берлин қабырғасының құлауын бастан өткерді, әрі бұл оқиғалардың кішкене бөлігі ғана. Дәл осы себептен икстердің негізгі басымдықтарының бірі – осы бір тұрақсыз әлемде тұрақтылықты іздеу болып келеді. Олар барлық мәселелерді де өз бетімен шешуге дағдыланған, жұмысты бағалайды, дегенмен жеке және кәсіби өмір арасында тепе-теңдікті табуға тырысады. Бұл адамдар технологияларға бейімделе біледі, алайда мұны әлдебір сақтықпен жасайды, өйткені олардың белсенді дамуына дейінгі уақыт есте сақтаулы.

Y буыны (миллениалдар)

1980-ші жылдардан бастап 2004 жылға дейінгі кезең аралығында дүниеге келгендер – ғаламтор мен технологиялардың жылдам дамуы жағдайында өскен алғашқы ұрпақ. Бүгінде олардың жас шамасы 20 мен 44 жас аралығы. Олар үшін амбициялар, өзінің қабілетін іске асыруға ұмтылысы және жұмысқа деген икемді көзқарасы тән болып келеді. Миллениалдар корпоративтік мәдениеті мен құндылықтары мықты компанияларды таңдай отырып, мансап жолы мен жеке өмірі арасындағы тепе-теңдікті сақтап отыруға тырысады. Олар ыңғайлылық пен жайлылықты жоғары бағалайды, қарым-қатынастарды орнату мақсатында және жұмыс бабында әлеуметтік желілерді белсенді қолданады, сонымен бірге еркіндік пен икемділік деңгейі жоғары қызметтерді іздейді.

Олар экология мен әлеуметтік теңдік мәселелеріне ерекше қызығушылық танытады, әрі бұл олардың тұтынушылық қалауларында көрініс табады – миллениалдар көбінесе осы құндылықтарды қолдап отырған брендттерді таңдайды. Ал отбасы тақырыбына келер болсақ, миллениалдардың көбі үшін отбасын құру басымдылық болып саналмайды. Көптеген адамдар ересек өмірге өтуді кейінге қалдыруды жөн көреді: егер алдыңғы буындар көбінесе отбасылық өмірді 22-23 жасында бастаса, миллениалдар арасында мұндай үрдіс анағұрлым сирек кездеседі.

Z буыны (зумерлер)

Z буыны, не болмаса зумерлер, – 2005 жылдан басталады, әрі бұл толықтай цифрлық ұрпақ деуге болады. Бұл адамдар өз өмірін ғаламторсыз және технологияларсыз елестете алмайды, тіпті, балалардың өздері де YouTube, Instagram және әлеуметтік желілерге жылдам қолжеткізуге әбден үйренген. Бұл ұрпақ өзінің жоғары жасампаздығы, белсенділігі мен өз-өзіне деген сенімділігімен аса ерекшеленеді. Олар әртүрлілік пен инклюзияны бағалайды, жаңа шарттарға өте жеңіл бейімделеді және дербестікке ұмтылып отырады. Алдыңғы буындармен салыстырғанда олар үшін жұмыс істеу ғана емес, сондай-ақ қоғамға өз үлесін қосу да өте маңызды.

Осы ұрпақ үшін жылдам табысқа жету идеясы тән болып келеді: блогерлер мен ақпараттық курстар табынушыларының саны осының нақты дәлелі. Сонымен бірге олардың білім алуға деген қарым-қатынасы да айырықша: зумерлер барған сайын өз назарын қазіргі заманғы мектеп жүйесінің әлсіз жақтарына аударуда. Ал енді кемшіліктерін қарастырайық: олар аса талғампаз немесе таңдау жасауда, тіпті, қыңыр келеді, аздап өзімшіл, дегенмен, өздеріне қатысты қандай қарым-қатынастарға жол бермейтінін нақты түсінеді.

Қандай да бір буынның басқасынан гөрі жақсырақ немесе нашарлау деп айтуға болмайды – бұл жерде әншейін ғана әрбір ұрпақтың бірегей және алдыңғысынан өзгеше болатындығы анық. Осы тұста бірнеше онжылдықтан кейін дүниеге келетін болашақ адамдардың қандай болатыны турасында тек жорамалдау ғана қалып отыр.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]