
Дезодоранттар бойынша нұсқаулық: спрейлер, стиктер, кристалдар
Күні бүгінге дейін дезодоранттардың айналасында дау көп: біреулер «қауіпті алюминиймен» қорқытса, басқалар «табиғи кристалдарға» ауысуға кеңес береді. Неліктен бір дезодорант көмектеседі, ал басқасының мүлдем пайдасы болмайды? Оның антиперспиранттан айырмашылығы неде? Әрі олар кеуденің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін бе? Лайқос дезодоранттардың шын мәнісінде қалай жұмыс істейтінін және дәл сіз үшін тиімді және қауіпсіз болатын құралды қалайша таңдау керектігін анықтады.
Дезодорант қалай жұмыс істейді
Іс жүзінде тер өздігінен иіс шығармайды. Сипатты иіс кейінірек пайда болады, яғни, ол терінің бетіндегі бактериялар тердің құрамдас бөліктерін ыдырата бастағанда шығады. Дәл осы реакцияның өнімдері сол бір жағымсыз иісті береді, әрі осы тұста біз оған қарсы күресуге тырысамыз.
Дезодоранттар осы міндетті екі әдіс арқылы шешеді: бактериялардың өсуін басады немесе хош иісті құрауыштардың арқасында иісті бүркемелейді. Кейбір формулалар екі тәсілді де орындай алады. Сонымен бірге тер бөліну ешқайда ғайып болмайды – бұл табиғи үдеріс, әрі оны дезодорант бұғаттамайды, оны тек қана иіс тұрғысынан білдіртпейді.
Антиперспирант
Ал антиперспиранттар басқаша жұмыс істейді. Олардың міндеті – жалпы тердің шығуын азайту. Осы мақсатта тер бездерінің өзегін уақытша тарылтатын алюминий тұздары қолданылады.
Негізінен дау-дамайды нақ осы механизм тудырып отыр. Дегенмен бүгінгі таңда антиперспиранттарды қалыпты жағдайда пайдалану денсаулық үшін зиянды екендігін растайтын сенімді дәлелдер жоқ. Сондай-ақ олар, шынымен де, ылғалдыққа қарсы күресте әлдеқайда тиімдірек келетіні рас.
Спрей, стик, ролик – айырмашылық бар ма?
Спрейлер жылдам кеуіп қалады және жабысқақтық сезімді қалдырмайды. Алайда олардың кейбіреулері теріні тым қатты құрғатып жіберуі мен кей кездері құрамындағы спирттің салдарынан тітіркенуді тудыруы мүмкін, сондықтан олар сезімтал тері үшін жарамсыз болып саналады.
Роликті түрлері бірқалыпты жағуды қамтамасыз етеді және көбіне-көп ылғалдандыратын қасиеті бар құрамдас бөліктерге ие. Бұл оларды құрғақ немесе сезімтал терісі бар адамдарға қолайлы етеді. Кемшіліктері – анағұрлым ұзағырақ кебеді және киімнің үстінде із қалдырады.
Стиктер – тығыз, жол үстінде аса ыңғайлы және үнемді нұсқа болып келеді. Терінің бетіне жеңіл жағылады да, жұмсақтық пен құрғақтық әсерін береді. Кейде қабатталуы ықтимал немесе тері мен киімнің үстінде балауыз іздерін қалдыра алады. Баршаға дерлік жарамды, тек құрамдас бөліктерге аллергияның болмауы керек.
Кристалдар тұтқыр және антисептикалық қасиеттерге ие. Терісі сезімтал келетін адамдарға және табиғи құралдарды пайдалануды дұрыс көретіндерге қолайлы. Кемшіліктері – жоғары белсенділік кезінде және күн ыстықта беретін әсері әлдеқайда әлсіздеу болуы әбден мүмкін.
Бұл ретте адам өзінің ұстанатын өмір салтын ескергені абзал: белсенділік деңгейі, климат, стресс – осының барлығы да тердің бөліну қырқындылығына өз ықпалын тигізеді.
Құрамына назар аударыңыз
Не болуы тиіс:
- Бактерияға қарсы құрауыштары иіске қарсы күреседі.
- Ылғалдандыратын заттектер (алоэ, глицерин) тітіркену қаупін төмендетеді.
- Алюминий тұздары – егер терді бақылау қажет болса (тек қана антиперспиранттар үшін).
Неден аулақ болған абзал немесе сақтықпен қолданған жөн:
- Спирт – сезімтал теріні құрғатып жібереді және оны тітіркендіруі ықтимал;
- Хош иістендіргіштер мен жұпарландырғыштар – жағымды жайт, дегенмен кейде аллергияны қоздырады.
Егер дезодорант көмектеспесе
Тердің бөлінуі шамадан тыс көп болса, әрі күнделікті өміріңізге кедергі еткен жағдайда бұл гипергидроздың белгісі болуы бек мүмкін, мұндайда қарапайым құралдардың тиімділігі көбінесе жеткіліксіз келеді, сол себептен дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс.
Қорытынды
Бүгінде пішіндер мен құрамдардың алуан түрлілігі нақты сіз ұстанып жүрген өмір салтыңызға, теріңіздің түріне және жеке қалауларыңызға сәйкес келетін нұсқаны табуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, өз сезімдеріңізге құлақ асу.