
Ақылды фитнес-сақина: білезікті сәнді гаджетке ауыстырудың керегі бар ма?
Фитнес-гаджеттер барған сайын кішірейіп баратыны, әрі ақылдырақ бола түскені рас. Егер бұрындары ірі білезіктер сәнді деп саналса, енді өндірушілер жаңа формат – ақылды фитнес-сақинаны ұсынып отыр. Ол саусаққа тағылады да, кәдімгі әшекей секілді көрінеді, алайда ішінде денсаулық пен белсенділікті қадағалайтын сенсорлардың тұтас жиынтығы жасырылған. Лайқос фитнес-сақинаның талдауын жасайды.
Фитнес-сақинаның білезіктен айырмашылығы неде
Негізгі айырмашылық – орналасуы. Сақина барлық көрсеткіштерді тікелей саусақтан алады, өйткені мұнда қан ағыны тері бетіне жақын өтеді. Бұл білезік немесе сағатпен салыстырғанда тамырдың соғуы, қанның оттегімен қанығуы және жүрек ырғағының өзгергіштігі туралы мәліметтерді дәлірек көрсетеді.
Сақина ұйықтау кезінде де аса ыңғайлы: ол шағын, жеңіл, білекті қажамайды және демалғанда мүлдем кедергі келтірмейді. Сонымен бірге көптеген үлгілер экрансыз жұмыс істей береді және деректерді бірден смартфондағы қосымшаға жібереді.
Фитнес-сақина не істей алады?
Үлгісіне байланысты құрылғы нақты уақыт тәртібінде жүрек соғысын өлшеуге, ұйқының сапасын (кезеңдері, тереңдігі, ұзақтығы) бақылауға, жасалған қадамдар мен белсенділік деңгейін санауға, қанның құрамындағы оттегі мөлшерін (SpO₂) белгілеуге, сондай-ақ күйзеліс пен қалпына келу үдерісін талдауға қабілетті. Кейбір үлгілер, тіпті, байланыссыз төлемдерді жасайды және смартфондағы хабарландыруларды ала алады, осылайша смарт-сағаттың шағын балама нұсқасына айналады.
Фитнес-сақиналардың танымал үлгілері
Oura Ring
Ең кеңінен таралған үлгілердің бірі, әрі ол ұйқының сапасын, күйзеліс пен қалпына келу деңгейін бақылауға баса назар аударады, егжей-тегжейлі сараптамасы бар ыңғайлы қосымшаға ие.
Ultrahuman Ring
Спорттық көрсеткіштер мен энергия деңгейін қадағалауға екпін түсіретін классикалық фитнес-функцияларды біріктіреді.
Amazfit Helio Ring
Белсенділік, ұйқы және тамыр соғудың негізгі көрсеткіштеріне бағытталған анағұрлым қолжетімді үлгі, сонымен бірге құрылғы Amazfit экожүйесімен үйлесімді.
Артықшылықтары
- Ықшамдылық пен стиль – әшекей секілді көрінеді;
- Қадағалардың орналасуы арқасында өлшеудің жоғары дәлдігі;
- Ұйықтау кезінде және ұзақ уақыт таққанда ыңғайлы;
- Ұзақ жұмыс істеу мүмкіндігі (қосымша қуаттамай бір аптаға дейін жетеді).
Кемшіліктері
- Шектеулі экран немесе оның тіптен болмауы;
- Ауыр жаттығуларға әрдайым қолайлы бола бермейді (салмақпен жұмыс істегенде кедергі келтіруі мүмкін);
- Білезіктермен салыстырғанда бағаның жоғарылығы;
- Сағатқа қарағанда өлшемін таңдау қиынырақ.
Назар аударыңыздар: қатты ісіну мен жүрек-қан тамырларының ауруларына бейім келетін адамдарға сақиналарды абайлап тағу керек: ісіну кезінде гаджет саусақты қысып, қан айналымын бұзуы мүмкін.
Бағасы
Ақылды фитнеc-сақиналарының құны бренд пен функцияларына байланысты әртүрлі болып келеді. Орташа бағасы – 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін (шамамен $70-200).
Қорытынды
Фитнес-сақина – дәл, ықшам әрі сәнді трекер қажет болған жағдайда білезік немесе смарт-сағаттың тамаша балама нұсқасы. Ол байқатпай, әрі артық әуре-сарсаңға салынбай, денсаулығын бақылағысы келетіндерге өте қолайлы. Алайда экран, хабарландырулар мен осы уақыттағы кеңейтілген статистика маңызды болып келетін белсенді спортшыларға дәстүрлі білезік немесе сағат анағұрлым қолайлы болатыны айқын.