Беттегі ісіктерден қалай құтылуға болады: дерматолог атынан тиімді әдістер

Бетті «көтеру» және ісінуді басудың жолы?

Таңертең айнаға қарайсыз да, бірақ өзіңізді танымайсыз ба? Бетіңіз ісініп, көздің асты күлдіреп тұрады… Мұндай сыртқы келбет көңіл-күйді көтермейтіні айдан анық. Беттің ісінгені неліктен пайда болатынын және оның домбығып кетпеуі үшін қандай әдеттерді өзгерткен маңызды екенін дәрігер-дерматолог, On Clinic халықаралық медициналық орталықтың косметолог маманы Галина Чмеленкомен талдадық.

Ісіну – бұл тіндердегі сұйықтықтың жиналып қалуы. Ол ұйқыдан кейін бірден пайда болуы және жылдам жойылуы бек мүмкін. Бұл әбден қалыпты құбылыс. Алайда егер ісіну екі сағаттан артық кетпей жатса, демек бұл оның шығу тегін іздеуге деген себепке айналады.

«Себеп ретінде тамақтанудағы қателіктер болуы ықтимал. Егер адам тұзды, майлы, тәтті тағамдарға құмар болса, алкогольді ішімдіктерді, ащы тағамдарды жиі тұтынса, не болмаса өзіне тым кеш уақытта тойымды ас ішуге ерік берсе, сонымен бірге әсіресе түнде әлденіп алудан бас тартпаған жағдайларда болып жатады», – дейді Галина Чмеленко.

 

ТАМАҚТАНУДЫ ҚАЙТА ҚАРАСТЫРУ

Құрамында қант мөлшері өте жоғары болып келетін өнімдерді, тәтті сусындарды, қанға сіңіп кететін қарапайым көмірсуларға бай тағамдарды алып тастаған аса маңызды. Сондай-ақ мына бір жайтты ұмытпағаныңыз абзал: көпшілігіміз жақсы көретін қарбыз бен қауын секілді жемістердің құрамында қант пен су өте көп, сәйкесінше, оларды шамадан тыс тұтыну беттегі ісінудің пайда болу мүмкіндігін арттыратыны хақ.
«Егер тыйым салынған өнімдерді аса қатты жегіңіз келіп тұрса, онда олардың кейбірін күндізгі уақытта тұтынуға болады, дегенмен мөлшерін білу турасында және уақыт өте келе рационнан толықтай алып тастағанға дейін порцияны азайта беруді ұмытпаған маңызды. Нақтылап айтсам, мұндай тамақты қатаң түрде күндіз ғана жеуге болады, өйткені кешкі уақытта адам ағзасындағы барлық зат алмасу үдерістері баяулай түседі және сұйықтық сыртқа шығудың орнына тіндерге сіңіп кетеді», – деп атап өтті дәрігер-дерматолог.

ҚОЗҒАЛЫС – БҰЛ ӨМІР

Сонымен қатар толыққанды ұйқы мен белсенді өмір салты жайында да ұмытпағаныңыз жөн. Соңғысы негізгі рөлге ие болып келеді. Сіз, әрине, байқаған боларсыз: егер бір орында (компьютердің жанында, диванда) ұзақ уақыт отырып алып, кез келген сұйықтықты ішсеңіз, көбінесе аяғыңыз да, бетіңіз де ісініп бастайды. Адам қозғалған кезде ағзадағы зат алмасу үдерістері айтарлықтай жылдамдай түседі, лимфа өз арналары бойынша анағұрлым тезірек «жылжиды», әрі бұл сұйықтықтың тіндерде тоқталып қалуына жол бермейді де, нәтижесінде беттегі ісінуден құтылуға көмектеседі.

ТҮН – МЕЙКАПҚА АРНАЛҒАН УАҚЫТ ЕМЕС

Дұрыс таңдалмаған косметика, сонымен бірге терінің түрін ескерместен алынған күтім құралдары да беттің ісінуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан бұл құралдарды дерматологпен бірге таңдаған өте маңызды. Сондай-ақ бет терісіне деген ұқыпсыз күтім де түрлі түйткілдерді тудыруы ықтимал. Кейбір әйелдер косметиканы жууды ұмытып кетеді және ұйықтар алдында кәдімгі жуынуды менсінбейді, не болмаса косметиканы толықтай кетірмейді. Бұл сіздің бал-бұл жайнап оянатыныңыздың екіталай екендігінің кепілі, әрі таңертең сізді, әсіресе, қабақ аймағында міндетті түрде ісіну түріндегі «марапаттың» күтетіні айқын.

БЕТТІҢ ІСІНУІ КЕЗІНДЕ НЕ КӨМЕКТЕСЕДІ?

Ең тиімді процедура – бұл лимфа дренажды массаж. Сонымен қатар мезотерапия да тиімді, бұл – өте жіңішке инемен тері астына инъекция жіберу. Тері арнайы пайдалы «коктейльдерге» ие болып, әрі бұл терінің құрылымын жақсартады, сондай-ақ микроциркуляцияны күшейте түседі.

Лазерлік терапия бет терісіндегі қылтамырлардың түйткілдеріне байланысты туындайтын ісінулерге қарсы күрес жүргізуде тиімді болып келеді. Сонымен бірге карбокситерапия – бұл жоғары тазартылған медициналық көмірқышқыл газын (СО2) тері астына енгізу бойынша әдісі де тиімді. СО2 микроциркуляцияны күшейтеді, тіндерді оттегімен байытады, лимфалық және көктамыр ағуды жақсартады.

Құрамында салқындататын компоненттері, пептидтері бар қабаққа арналған тек қана арнайы иісмайларды пайдаланған маңызды.

 

Бетті қалай көтеріп, ісінуді кетіруге болады?

АЛ ЕГЕР ӘДЕТТЕРДІ ӨЗГЕРТУ КӨМЕКТЕСПЕСЕ ШЕ?

Ісіну бүйрек, бауыр, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары салдарынан, қант диабеті, гормоналдық және эндокриндік бұзылыстар кесірінен туындауы мүмкін. Көбінесе беттің ісінуі мұрынның ағуы, гаймориттің асқынуы кезінде пайда болады. Әйелдер жүктілік және етеккір үзілісі кезінде ісінуден зардап шегуі ықтимал. Осы жағдайларда сақ болған және дер кезінде бейінді мамандардың (эндокринолог, нефролог, кардиолог, терапевт) көмегіне жүгінген өте маңызды. Олар қажетті талдауларды белгілейді және шағымдарға байланысты егжей-тегжейлі тексеру мен кейінгі емдеуге қатысты шараларды тағайындауға тиіс.

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 2 Average: 4]