Қазақстандағы танымал спорт түрлері: қазақстандықтар қандай дисциплиналарды таңдайды - Лайқос

Қазақстандағы ең танымал спорт түрлері

Қазақстанда спорт — бұл ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, сондай-ақ қоғамдық өмірдің маңызды бір қыры. Лайқос жобасы қазақстандықтардың физикалық дайындығының жағдайы турасында және Қазақстанда қандай спорт түрлері зор танымалдылыққа ие екенін айтып береді.

Қазақстандағы спорт

Әзірге Қазақстанға спорттық ұлт атағына үміткер болу қиын. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, халықтың тек 38,5%, не болмаса 7,6 млн адам ғана дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысады. Алайда олардың жартысы дерлік — бұл дене шынықтыру сабағына қатысатын мектеп оқушылары (3,3 млн адам) болып келеді. Демек белсенді азаматтардың шынайы саны небәрі 4,3 млн құрап отыр. Алдағы алты жыл ішінде мемлекет осы көрсеткішті 50% арттыруды жоспарлауда. Сонымен бірге көңіл көншітпейтін статистикаға қарамастан, жыл өткен сайын спортпен шұғылдануды қолға алып жатқан әртүрлі жастағы адамдар саны ұлғайып келеді, өйткені олар спорттың физикалық және психикалық денсаулық үшін қаншалықты маңызды екендігін ұғынады.

Қазақстандағы футбол

Футбол – Қазақстандағы ең әйгілі спорт түрі, күллі әлемде де дәл солай. Республикамыздың футбол құрамасы ФИФА рейтингісіндегі 211 елдің ішінде небәрі 109 орынды иеленіп отырғанына қарамастан, елімізде көпшілік футболды қарайды және әржерде жақсы көреді. Германияда өткен Еуро-2024 аясында спортбарларға барған адамдардың саны шектен тыс көп болғаны хақ. Алайда футболды белсенді қарағанымен, мұндағы ойынның қалай жүргізілетініне қатысты не деуге болады?

Футбол спортшылар саны жағынан сенімді түрде көшбасшы атағына ие: бұл спорт түрімен 1 млн астам адам айналысады екен, соның ішінде осы спортты өзіне кәсіби мансап жолы ретінде таңдаған жігіттер де, қыздар да бар. Спорт министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенер болсақ, Қазақстанда 17 мыңнан астам футбол секциясы жұмыс істеп келеді.

FFC балалар футбол клубының жаттықтырушысы әрі иесі Ахметжан Ахметжанов қазіргі заманғы технологиялардың салдарынан балалардың аулада футбол ойнауды қойғанын алға тартады. Секциялар мен үйірмелер балалар арасындағы спорттық дайындықтың деңгейін сақтап тұрудың мүмкіндігіне айналған, алайда олардың көбі қаржылық салымдарды қажет етеді.

Қазақстандағы бокс

Қазақстандағы бокс — бұл жай ғана спорт емес, бұл миллиондаған адамдарды шабыттандыратын нағыз мәдени құбылыс. Боксшыларымыз халықаралық аренада таңғаларлық жетістіктерге қол жеткізген. Әлемдік бокстың қазақстандық жұлдыздары арасында Серік Сәпиев, Василий Жиров, Данияр Елеусінов және Геннадий Головкин секілді есімдер ерекше көзге түседі.

Биыл нағыз ұлттық мақтанышымызға айналған Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбай Парижде өткен Олимпиада-2024 ойындарында еліміз үшін екінші және үшінші орындарды жеңіп алды.

Нурбек Оралбай

Нурбек Оралбай. Фото: Владислав Семенов

Назым Кызайбай

Назым Кызайбай. Фото: Владислав Семенов

Қазақстандағы волейбол

Ең танымал спорт түрлерінің арасында үшінші орынды волейбол сенімді түрде алып отыр. Көпшілігіміз сонау мектеп кезінен жақсы көретін спортпен 766 мыңнан астам адам айналысып келеді. Қазақстанда ересектер мен балаларға арналған шамамен 16 мың секция жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Қазақстанның волейболдан әйелдер құрамасы ФИВБ рейтингісінде 32 орынға ие. Ұлттық құраманың қоржынында 2005 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдесі, 2012 және 2014 жылдары өткен Азия Кубогының қола жүлделері, сонымен қатар 2016 жылдың күміс жүлдесі бар.

Қазақтың ұлттық ойындары

Халқымыздың бай мұрасы мен тарихын бейнелейтін дәстүрлі спорт түрлері өзінің өзектілігін сақтап қана қоймай, сондай-ақ барған сайын қастерлеушілерінің санын көбейтіп келеді. 2022 жылы 580 мыңнан астам қазақстандық жүйелі түрде ұлттық спорт түрлерімен айналысқан. Соның ішінде логикалық ойлауды дамытатын үстел ойыны тоғызқұмалақ көш бастап тұр. Екінші орында — қазақша күрес, бұл жауынгерлік спорт түрі болып саналады, әрі ел бойынша 4 427 үйірмеде шамамен 159 мың адам жаттығады екен. Үштікті түйіндейтін көкпар — ұлттық ат спорты: бұл жерде 916 үйірмеге 78 мыңнан астам спортшы қатысады. Жалпы алғанда елімізде ұлттық спорт түрлері бойынша 16 555 үйірме жұмыс істеп келеді.

Казахские национальные игры

Казахские национальные игры. Фото: “Казправда”

Қорытынды

Соңғы жылдары қазақстандықтар өз денсаулығына қамқорлық танытудың маңыздылығын түсінуде. Физикалық белсенділікті сақтау мақсатында міндетті түрде клубқа жазылудың қажеті жоқ. Адамдардың көбі үй жағдайында немесе ауланың өзінде-ақ спортпен шұғылдану мүмкіндігін табады. Қазіргі уақытта спортпен жастар ғана емес, сонымен бірге қалалық спорт алаңдарындағы жаңа жаттықтырғыштарды белсенді меңгеріп жатқан зейнеткерлер де айналысып отыр. Спорт салауатты өмір салтының маңызды қыры ретінде кез келген жастағы адамдардың жалпы хал-жағдайының жақсаруы мен өмір сүру сапасының артуына септігін тигізеді.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]