Еңсеру және сенімділік: адамдар марафондарды не үшін жүгіреді
Желаяқтардың күтпеген хикаялары, спорт пен СӨС жайлы ғана емес
Соңғы жылдары алуан түрлі марафондар бүкіл Қазақстан бойынша кеңінен танымалдылыққа ие болып отыр. Әртүрлі жастағы және түрлі мамандықтарға ие мыңдаған адамдар өз күшін сынап көру үшін сөре сызығына шығады. Адамдардың көбінде мынадай сұрақ туындайды: олар мұны не үшін жасайды? Біз әртүрлі жүгіру жарыстарына үнемі қатысатын үш алматылықтан жүгіруге қалай келгендері мен марафондардың оларды несімен қызықтыратынын сұрастырған едік. Күтпеген жайттарды біліп алдық, әрі сіздермен бөлісуге асықпыз.
Бұл мақала орыс тілінде: Преодоление и уверенность: зачем люди бегают марафоны?
№1 хикая. «Тек дивандағы комментаторлар ғана шамданады»
Фархат, 39 жас, жаңа бастап жүрген спорт журналисі, марафондарға спорттық жанкүйер ретінде келген болатын. Спорттық шолуларды жазу оның кәсібіне айналған. Спортқа қатысты болуға деген ұмтылысы марафондарға қатысуға итермелей түсті. «Мен өзімнің «спорттылығымды» дәлелдеумен болдым. Жай ғана пассивті жанкүйер болмас үшін, әрі спортқа ортақтастығымды білдіргім келді. Марафондардан кейін спорттық жетістіктердің барлық қиыншылықтарын түсіне бастайсың, – дейді Фархат.
– Команда ұтылып жатқан кезде тек дивандағы жанкүйерлер ғана шамданады. Ал спортпен шұғылданып жүрген жанкүйер спортшыларды түсінеді және жеңілісті сынсыз қабылдай алуға қабілетті болады».
№2 хикая. «Бұл әрдайым қайырымдылық»
София, 27 жас, медицина қызметкері, бала кезден спортпен айналысқан және әрқашан белсенді болуға тырысқан, әрі бұл сыртқы келбетке ғана емес, сонымен бірге психикаға да жағымды әсерін тигізеді. «Жаттығудан кейін әрдайым қанағаттанушылық пен тыныштықты сезінесің. Бұл психологиялық жай-күйге жақсы әсер етеді, осы тұста, әсіресе, жүгірудің ықпалы зор. Жүгірген кезде сені мазалайтын ойлар да болмайды, күнделікті түйткілдер де алаңдатпайды, – деп бөлісті ару.
– Марафондар – бұл әрдайым қайырымдылық. Бастапқы жарна қайырымдылық істерге жұмсалады. Сен өзгелерге де, өзіңе де көмектесесің. Оған қоса бұл демократиялық әуесқойлық, мұнда әрбір адам өзін чемпион ретінде сезіне алады. Осындай эмоциялар үшін жабылған жолдарға бірнеше сағат шыдай тұруға да болады».
№3 хикая. «Бұл өмірден озған әйеліммен байланыс»
Сауалнамамыздың үшінші, жасы ең үлкен, 65 жастағы қатысушымыз өзін «Женя ата» деп таныстырды. Оның айтуынша, жүгіруге деген кенет пайда болған құштарлығы «60 кейінгі» жаста ғана басталған екен, әрі бұған 40 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрген сүйікті әйелінің өмірден озып кетуі себеп болған.
Женя ата өмірін әрі қарай жалғастыру үшін қандай да бір жаңа мән-мағыналарды іздеуге тырысып, бір күні алғашқы отбасылық жылдарында жұбайымен бірге саябақтағы таңғы жүгіргендерін еске түсіреді. Сөйтіп өзін-өзі үйден «шығара» бастайды, әуел баста жылдам қадаммен жүру үшін, ал кейіннен ақырындап жүгіруге ауысып кетті. «Бірде, бірнеше шақырым жүгіріп өткеннен кейін, мен нағыз күш-қуаттың артуы мен тыныштықты сезіндім. Сол мезетте жүгірудің маған физикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ эмоционалдық жағынан да көмектесетінін ұғындым. Бұл мен үшін Мариямен қарым-қатынас жасаудың тәсіліне, оның жанымда екенін сезінудің тәсіліне айналды», – деп бөлісті Женя ата.
Ер адам қалалық марафондарға қатыса бастады, бұл, оның айтуынша, «өміріне мақсат пен жаңа мағына беріп отыр». «Мәре сызығынан әрбір аттап өткен сайын Марияның мені мақтан тұтатынын сеземін. Жүгіру жұбайыммен және өзіммен де нағыз байланысқа айналды. Міне, сондықтан мен марафондарды жүгіремін», – деді ол.
Шабыттандыңыз ба? Ақылмен жүгіруді бастаңыз!
Егер сіз шабыт сезіміне бөленсеңіз, әрі жүгіруде өз күшіңізді байқап көргіңіз келсе, дұрыс жүгіруді қалай бастау керектігі туралы триатлоннан аға жаттықтырушы Максим Мжельскийдің бірнеше кеңесін назарларыңызға ұсынамыз.
- Жүгіруден жаттығуларды бапкермен бірге бастаған дұрыс, өйткені бапкер жаңа бастап келе жатқан желаяқты артық жүктеме мен жарақаттардан сақтайды.
- Егер жүгіруді өз бетіңізбен бастағыңыз келсе, онда дұрыс киім-кешекті таңдағаныңыз жөн. Ең бастысы – бұл кростық аяқ киім, ол арнайы жүгіруге арналған болуы керек, буындар мен омыртқаның денсаулығы дәл осыған байланысты болып келеді.
- Өзіңізге зиян келтірмеу үшін жүгіруді баяу бастағаныңыз абзал – осылайша деміңіздің ырғағы бұзылмайды. «Сөйлесу тәртібіндегі жүгіру» деген түсінік бар, бұл жүгіру кезінде сіздің бір дем шығарғанда толық сөйлемді айта алатыныңызды білдіреді. Бұл жаңадан шұғылданып жүрген адам үшін нағыз оңтайлы жылдамдық болмақ.
Сонымен бірге тамырдың соғу жиілігін қадағалаудың қажеттілігі туралы естеріңізге саламыз. Бұл жайында егжей-тегжейлі біздің мақаламыздан оқи аласыздар, бұл жерде біз барлық тамыр соғу аймақтарын көрсетіп өттік.