
Сау салмақ дегеніміз не және неліктен бұл әркез таразыдағы санға байланысты емес
Салауатты салмақ туралы сөз қозғалған кезде адамдардың көбі көз алдына таразының көрсетіп тұруы тиіс нақты сандарды елестете бастайды. Алайда медицина мен физиология тұрғысынан қарайтын болсақ, адамның салмағы – бұл ағза жағдайының жалғыз және нақты көрсеткіші емес. Лайқос барлығын түсіндіріп береді.
Сау салмақ дегеніміз не
Салауатты салмақ дене массасымен ғана емес, сонымен бірге оның құрамымен де анықталады: бұл массаның қаншасы – май, ал қаншасы – бұлшықет, сүйек, суға тиесілі. Бойлары мен салмағы бірдей екі адамның дене бітімдері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын болуы мүмкін, әрі бұл денсаулықтың дұрыс еместігінің белгісі деу қате.
Дұрыс бағдарды есептеудің алуан түрлі тәсілдері бар: ең белгілі тәсілі – дене массасының индексі (ДМИ), дегенмен ол да әрдайым толық картинаны беріп отырады деп айтуға болмайды. Мәселен, бұлшықеттері дамыған спортшының ДМИ көрсеткіші жоғары болуы ықтимал, алайда оның физикалық қалпы тамаша. Сондықтан жалпы нормаларды ғана емес, сонымен бірге адамның жеке параметрлерін де ескерген аса маңызды: жас шамасы, жынысы, физикалық белсенділігінің деңгейі мен жалпы хал-жағдайы.
Неліктен «таразыдағы минус» – әрдайым «қалыпты нәтиже» дегенді білдірмейді
Адамдардың көбі артық салмақтан арылған кезде таразының көрсетіп тұратын санына ғана мән береді. Алайда мына бір жайтты түсінген маңызды: салмақтан құтылу әркез денсаулықтың жақсарғанын білдіре бермейді. Салмақты кенет жоғалтқан кезде көбінесе май емес, бұлшықет тіні немесе су кетіріледі. Нәтижесінде адам әлсіз бола түседі, ал зат алмасу үдерісі әлдеқайда баяулайды.
Ілгерілеудің нағыз көрсеткіші – бұл денедегі өзгерістер: көлемдердің азаюы, бұлшықет тонусының жақсара түсуі, төзімділіктің жоғарылауы. Тәжірибелі жаттықтырушылардың таразыны емес, сантиметрлі таспа мен айнаны пайдалануды кеңес беретіні бекер емес.
Мысалы, гантель және зілтемірмен жаттыға бастаған қыз бірнеше килограмм қосуы әбден мүмкін, алайда жай көзбен қарағанда анағұрлым сымбаттырақ көріне бастайды, өйткені майға қарағанда бұлшықет айтарлықтай тығыз және ауырлау келеді. Сонымен бірге адам өзін айтарлықтай қуаттырақ, шыдамдырақ және сенімдірек сезінуі ықтимал – ал бұл әшейін ғана «минус 3 кг» дегеннен гөрі әлдеқайда маңызды нәтиже екені шүбәсіз.
Салмағыңыздың қалыпты және денсаулыққа зиянсыз екендігін қалай білуге болады
Салауатты салмақ – бұл тек қана эстетикалық санат емес, сондай-ақ бұл жалпы хал-жағдайдың маңызды құрамдас бөлігі. Өзіңізді қуатты сезініп, жақсы ұйықтап, кез келген жүктемеге төтеп беріп, әрі созылмалы шаршағандықты сезінбеуге мүмкіндік беретін дененің тұрақты массасын сақтап отыру – бұл нағыз үлкен жеңіс.
Бел мен сан арасалмағы, май массасының пайызы, жалпы хал-жағдай секілді параметрлерге назар аударған абзал. Бұл тұста медициналық бағалау әдістері де көмекке келеді, соның ішінде дене құрамының талдауы, қанның биохимиялық көрсеткіштері мен жүрек-қан тамырларының жүйесін тексеру.
Егер сіз барынша нақты бағаны алғыңыз келсе, спорт дәрігері немесе нутрициолог маманының көмегіне жүгініңіз. Олар сіздің жеке нормаларыңызды анықтауға, тамақтану мен жаттығу бағдарламаларын әзірлеуге көмектесе алады, сонда сіз денсаулыққа зиян келтірмей, мінсіз қалыпқа қол жеткізесіз.
Қорытынды
Таразы – жау емес, дегенмен оны басты кеңесші деп атауға да болмайды. Сыртқы келбетіңізге, денеңіздің қалай жұмыс істейтіні мен өзіңізді қаншалықты жайлы сезінетіңізге көңіл бөліңіз. Дәл осы жайттар салмағыңыздың салауатты диапазонда екендігін анықтайды. Егер мақсатыңыз – ұзақ, белсенді және ләззатқа бөленіп өмір сүру болса, онда бұл мақсатыңызға апарар жол сандарда емес, өзіңізді түсіну мен денсаулыққа деген қамқорлық танытуда жатыр.