
Саған қай спорт түрі жарамды? Күйзеліссіз және абонементтерсіз анықтаймыз
Әр дүйсенбі сайын миллиондаған адамдар неге спортпен айналысып бастамасқа деп өздеріне сұрақ қояды. Дегенмен әрбір адамға жүгіру секілді спорт түрі бірдей жарамды бола бермейді, баршаға йога ұнауы мүмкін емес, сондай-ақ әркім жаттығу залынан шабытқа бөленеді деу қиын. Лайқос бір аптадан кейін тастап кетпейтіндей, дәл сізге жарамды спортты таңдаудың жолын анықтады.
Мына сұрақтан бастаңыз: бұл сізге не үшін қажет?
Артық салмақтан арылуды қалайсыз ба? Дене мүсінін жақсартқыңыз келе ме? Анағұрлым төзімдірек болу керек пе? Әлде жұмыстан кейін жай ғана серпіліп қалуды қалайсыз ба?
- Егер мақсатыңыз – арықтау болса, кардиожүктемені таңдаңыз: жүгіру, би, велосипед, жүзу.
- Күйзелістен арылуға йога, стретчинг, пилатес немесе табиғат аясына жорықтарға шығу көмектеседі.
- Энергияны көбірек сезінгіңіз келе ме? Күштік жаттығулар, кроссфит, жауынгерлік өнер түрлерін байқап көріңіз.
- Егер оңаша қалуды ұнатпасаңыз, әрі компанияны іздесеңіз, бәлкім, сізге спорттың командалық түрлері (волейбол, футбол, баскетбол) немесе топтық жаттығулар жарамды болар.
Мінез бен темпераментті ескеріңіз
Иә, спорт – бұл да психология турасында.
- Интроверттер көбінесе спортпен оңаша айналысудан ләззат алады: йога, жүзу, скандинавиялық жүріс.
- Экстраверттер ойындар, өзара әрекеттесу, залдың энергиясына ұмтылады – оларға топтық жаттығулар, спорттың командалық түрлері қолайлы болмақ.
- Күрделілік пен андреналинді жақсы көресіз бе? Онда сізге, бәлкім, бокс, тау шаңғысы, триатлон ұнайтын шығар.
Денеңізді (және дәрігеріңізді) тыңдай біліңіз
Арқа, буын немесе қан қысымына байланысты түйкілдер болған жағдайда спорттың кез келген түрі жарамды бола бермейді. Сондықтан бастамас бұрын, әсіресе, 30 жастан кейін алдымен терапевт немесе спорт дәрігеріне барғаныңыз дұрыс.
- Тізеге қатысты мәселелер бар ма? Онда асфальттің үстімен жүгіруден, ауыр жүктеме мен буынға түсірілетін қысымнан аулақ болған абзал – жүзу, аквааэробика, емдік дене тәрбиесі немесе велоқұрылғысын байқап көріңіз.
- Басыңыз жиі ауыра ма, әлде гипертония бар ма? Бұл тұста анағұрлым жұмсағырақ практикалар қолайлы – йога, цигун, пилатес.
- Егер жаман әдеттеріңіз, әсіресе, темекі тарту секілді әдет бар болса, артық жүктемеге жол бермей, тамырлар жүйесін біртіндеп жақсартатын, мәселен, жүзу, жаяу жүру, велосипед секілді спорт түрлерін таңдағаныңыз абзал.
Неден бастау керек?
Қарапайым нәрседен бастағаныңыз жөн – жаныңызға жақын спорт түрін табу үшін алдымен YouTube арнасындағы әртүрлі жаттығу сабақтарын қарап шығыңыз. Бірнеше студияның сынама сабағына жазылып көріңіз: осылайша өзіңізге атмосфераны сезіну мен дәл сізге жарамды бағытты табу мүмкіндігін беріңіз.
Әрбір жаттығу сабағынан кейін ішіңізден мына бір нақты сұрақты қойыңыз: «Осында қайтып оралғым келе ме?» – дәл осы ішкі жауабыңыз әрі қарай қайда қозғалу керектігін айтады.
Лезде болатын нәтижеге ұмтылмаңыз. Бастапқыда мінсіз көрсеткіштерге қарағанда тұрақтылық пен рахатқа бөлену әлдеқайда маңыздырақ. Жайлы жүктемеден бастағаныңыз дұрыс және спортпен айналысуды шынайы жоспарлау керектігін де естен шығармаңыз – бір реттен кейін қызығушылықты жоғалтып алудан гөрі аптасына тұрақты түрде екі рет жаттыққан айтарлықтай жақсы.
Қорытынды
Cпорт – бұл міндеттелетін нәрсе емес, бұл қимыл-қозғалыстан ләззат табу мүмкіндігі. Спортыңыздың қаншалықты сәнді екендігі емес, оның қаншалықты сіздікі болғаны маңызды. Сіз оған кінәлік сезімнен емес, жолыңыз бір болғандықтан оралатыныңыз аса құнды екені сөзсіз.