ЕАС кезінде спортпен шұғылдануға бола ма? - Лайқос

ЕАС кезінде спортпен айналысу: бұл күндері жаттығуға бола ма?

Ай сайын «тылсым күштер» балықты торттың үлкен бір бөлігімен бірге жеуді талап етеді және жаттығуға барудан айнытып жатады. Іштің төменгі жағы тартып ауырады, ешнәрсеге әліңіз жоқ, бар қалайтыныңыз көрпеге оранып жату. Спорт етеккір алды синдромы (ЕАС) кезінде пайдалы болуы мүмкін бе? Лайқос осыны егжей-тегжейлі анықтады.

ЕАС кезінде физикалық белсенділіктің пайдасы

Тұрақты әрі бірқалыпты физикалық жүктеме шынымен де ЕАС белгілерін жеңілдете алады. Жаттығуларды орындау барысында ағза эндорфиндерді бөледі – бұл көңіл-күйді жақсарту мен алаңдаушылық деңгейін төмендетуге қабілетті ауырсынуды басатын табиғи заттектер. Бұл уақытта, әсіресе, йога, пилатес, жүзу және жеңіл кардио жаттығулар өте тиімді болып саналады.

Сонымен бірге жаттығулар қан айналымын жақсартады және кіші жамбас аймағындағы тоқырау құбылыстарын азайтады, осылайша ауырсыну синдромын төмендетеді. Уақыт өте келе спортпен тұрақты түрде айналысу әдеті ағзаның жалпы тонусын арттырады және болашақта ЕАС белгілерін жеңілдетуі бек мүмкін.

Мына бір жайтты ұғынған маңызды: бұл жерде қарқынды жаттығулар жайлы емес, жұмсақ бейімделімді белсенділік туралы сөз қозғалып отыр. Сондай-ақ мұнда өзіңіз үшін жайлы ырғақ пен жаттығулар ұзақтығын таңдай отырып, жеке сезімдерге негізделгеніңіз жөн.

Қай кезде спорттан бас тартқан дұрысырақ

Спорттың айтқысыз пайдасына қарамастан, кейбір жағдайларда ол жеңілдік сезімін емес, ағзаға деген қосымша стресс әкелуі мүмкін. Егер сіз қатты ауырсыну (бәлкім, эндометриоз салдарынан шығар, дәрігерге барып, тексерілгеніңіз абзал), әлсіздік, бас айналу, жүрек айну немесе басқа да ауыр белгілерге тап болсаңыз, белсенділікті азайтқаныңыз немесе үзіліс жасағаныңыз дұрыс.

Әрбір дене бірегей болып келеді, сол себептен әркімнің етеккір цикліне деген реакциясы да әртүрлі. Кей кездері, тіпті, кішігірім жүктеменің өзі де хал-жағдайды нашарлатып жіберуі әбден мүмкін. Мұндай кезде рекортарды қоюға емес, өзіңізге қамқорлық танытуға ұмтылу ерекше маңызды екені сөзсіз.

Егер сіз ешнәрсеге қарамастан, спортпен айналысуға бел бусаңыз, ыңғайлы киім, жеңіл тамақтану мен судың тұтынылуы жеткілікті мөлшерде болуына көңіл бөлгеніңіз абзал – бұл жағымсыз сезімдерді азайтуға көмектеседі.

Сонымен бірге ағзаның ресурстарын сарқытпай, денсаулықты нығайту мақсатында жаттығу жоспарыңызды циклдің кезеңдеріне бейімдеген пайдалы.

Қорытынды

ЕАС – қозғалыстан толықтай бас тартудың себебі бола алмайды. Сауатты тәсілдемені таңдау мен жеке ерекшеліктерді ескерудің арқасында ЕАС кезіндегі спорт дұшпан емес, әйел ағзасына жағымсыз белгілерді жеңуге көмектесетін одақтасқа айнала алады. Ең бастысы, денеңізді тыңдай білу, қолайлы жаттығуларды таңдау мен шамадан тыс жүктемеден аулақ болу. Сонда сіз, тіпті, ең қиын күндерде де физикалық және эмоциялық тұрғыдан өзіңізді әлдеқайда жақсы сезіне аласыз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.